Бұл жолғы ұлықтау рәсімі өзгеше өтті. Қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар, спорт, денсаулық, ауылшаруашылық, мәдениет қызметкерлері, ғалымдар шақырылыпты. Шенеуніктен азаматтық қоғам өкілі басым болды.
Ұлықтау рәсімі еркін форматта өтті. Ақорда өткізетін іс-шараларда телефонды алып қалатын, бұл шарада шектеу болмады. Мен бұл шараға көпбалалы аналардың өкілі ретінде шақырту алдым. Президенттің Конституцияға қол қойып ант беру сәті, туды сүйіп, тәу етуі ерекше толқытатын сәт екен.
Президент ең алғашқы Жарлығын ауылды дамытуға арнады. Ел бесігі – ауыл көркейсе Қазақстан экономикасы да дамитыны сөзсіз. Ел халқының 40 пайызы тірлік кешетін ауылдың отыз жылда түп-тамыры үзілуге шақ қалды. Президент алдағы бес жылда ауыл еңсесін тіктейді деп уәде берді.
Ұлықтау рәсімінен кейін, «Қазақстан» концерт залында мерекелік концертке бардық. Роза Рымбаева мен Димаштан басқа, әншілер құрамы жасарып-жаңарған екен. Әншілермен бірге залдағы екі мыңға жуық көрермен орындарынан тік тұрып, «Атамекен», «Көк тудың желбірегені» әндерін қосылып шырқады. Халық рухты көтеретін, біріктіретін дүниелерге шөлдеп қалыпты. Ұлықтау рәсіміне барлық өңірден келген қатысушылар жаңа күш-жігерге байып, рухымыз көтеріліп қайттық.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі
Қарағанды облысы