Халқымыздың арғы-бергі тарихында ел-жұрттың бірлік туының астына ақ ниетпен жиналып, ел тізгінін ұстаған тұлғаның құрметіне ұлықтау рәсімін өткізудің мәні де, маңызы да жоғары болғанын білеміз. Ал осынау жаһандану заманында егемен елдің еңсесі тік, қадамы нық екенін көрсетіп, дербестігін паш етіп, әлем көз тіккен бас қалада салтанатты түрде ұлықтау рәсімінің жоғары деңгейде өткізілуі – халқымыздың сан ғасырдан бері қалыптасқан салтқа берік болып, бекем бірлік пен көркем тірлікті ұштастыруы деуге болады.
Сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел жұртшылығының үлкен қолдауына ие болып, айқын басымдықпен ел Президенті болып сайлануы – егемендікті баянды ету жолындағы ең биік белестің бірі болды. Бұл – саналы таңдау. Себебі Президент жүргізіп отырған саясат нәтижелі және жемісті болып отырғаны белгілі. Сол сенім жүгі елді абыройдың биігіне шығарып, өсу мен өркендеуге, жаңару мен жаңғыруға негіз болады деп сенеміз.
Халқымыздың зор сеніміне ие болған Қ.Тоқаевты ұлықтау рәсімінде бәріміз орнымыздан тік тұрып қарсы алдық. Сол кездегі салтанат пен ілтипатты күллі халқымыздың атынан көрсетілген құрметтей сезіндім. Бұл қоғамымыздың әр мүшесін шын толқытқан, ұлттың абыройын асқақтатқан сәт болды. Мемлекет жауапкершілігін мойнына алған, соңғы жылдарда кемеңгерліктің үлгісін көрсете білген тұлғаның халық алдында ант беруі жүрек толқытты. Қазақстанның көсегесінің одан әрі көркейе беретініне, тарихтың жауапты кезеңінде жаңа жеңістерге жететінімізге сеніміміз ұлғайды. Қоғамдағы тыныштыққа, ұлттар мен ұлыстардың ұйысқан ынтымағына жететін не бар!
Мемлекет басшысы жауапты сәтте сөйлеген сөзінде ел экономикасын одан әрі нығайтудың, қоғамды біріктірудің түйінді мәселелерін қозғады. «Қазір біз осы қиын-қыстау жолдың басында тұрмыз. Алдымызда атқаратын жұмыс көп. Əрбір азамат елдің болашағы үшін өз жауапкершілігін сезінуге тиіс. Мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты – білім беру ісінен бастап индустрияландыруға дейін қоғамның барлық саласын жаңғырту. Еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің негізін жаңа технологиялар, жоғары еңбек өнімділігі, азаматтардың шығармашылық бастамалары құрайды», деді Президент. Ендеше, біз, жастар, еліміздің қарқынды дамуына белсенді атсалысуға дайынбыз!
Санира ЖҮСІПОВА,
«Amanat» партиясы Павлодар облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы