Пікір • 30 Қараша, 2022

Болашаққа нық қадам

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсіміне қатысу бақыты бұйырды. Іс-шарада елімізді дамытудың басым бағыттары айтылды. Президент елдің әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын жақсартуға байланысты бастамаларымен бөлісті.

Болашаққа нық қадам

Әлемде болып жатқан саяси және экономи­калық сілкіністерді ескере отырып, еліміздің ішкі жағдайларын реттеу маңызды. Таңдау жасалды, алда бізді жарқын болашақ күтіп тұр деп сенемін. Еліміздің алдағы 7 жылдағы даму бағытын халық өзі айқындап берді. Енді біздің алдымызда әділетті Қазақстан құру міндеті тұр. Мемлекет басшысына сол әділетті қоғамды, әділетті мемлекетті құруға көмектесуіміз керек.

Жиында айтылған тапсырманы орындауға Үкіметтен бастап барлық деңгейдегі басшылардың бар күш-жігерлерін жұмсауы маңызды. Ауылды өркендету туралы сөз қозғалғанда, ауыл шаруа­шылығы саласын дамыту мәселесі де қатар жүретіні түсінікті. Себебі ауылдағы ағайынның негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы, егіншілік. Бұл ретте, ауылшаруашылық өндірісін қоса дамыту бағдарламасы бірге қабылданса деген ой туады. Бүгінде шешімін таппаған проблемалар аз емес. Олардың қатарында жайылым тапшылығы мәселесін шешу, жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, ветеринария және агробиотехнология салаларын жақсарту, азық-түлік тауарларының бағасын реттеу секілді мәселелер бар. Ауыл шаруашылығы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар салалардың бірі. Сондықтан Мемлекет басшысы осы бағытқа үнемі баса мән береді. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде аграрлық сала жан-жақты дамып келеді. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған ауқымды бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақыт­та да жалғасын табуға тиіс. Ауылды қанша əспет­теп, жолы, суы, білімі, медицинасы, мəдениетін көтер­генімен, егер ауылшаруашылық өндірісі өркендемесе, пайдалы жұмыс орны ашылмаса, ауылда ешкім тұрақтамайды.

Жалпы, Президент бағдарламасында қоғамның қамтылмаған бірде-бір мəселесі қалмады. Əділетті Қазақстан құру жолында Президентке бүкілхалықтық қолдау көрсету – баршаның міндеті деп есептеймін.

Президент «Халқымның сенімі – маған аманат», деді. Ендеше, біз үшін де Мемлекет басшысының сенімі аманат болып, оған қиянат жасамауымыз керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының қол қойған жарлықтарын, бастамаларын бұлжытпай орындап, адалдық танытсақ, сол – біздің аманатымыз!

 

Нияз МАКРАЕВ,

«Amanat» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы