Ғылым • 30 Қараша, 2022

Инженерлік академияның игі бастамасы

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Алматы қаласында Парламент Сенатының депутаты, Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының жиыны өтті.

Инженерлік академияның игі бастамасы

Алқалы жиынға қатысушылар Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың отандық ғылымды дамыту және оның өндіріспен байланысын нығайту туралы нұсқауларын басшылыққа ала отырып, белгіленген міндеттерді іске асыруда ғылыми-инженерлік қоғам­дастықтың рөлін арттыруға ерекше назар аударды.

– Техникалық ғылымның, инженер­лік істің даму деңгейі – адами капитал­дың, жалпы экономиканың бәсекеге қабі­леттілігінің басты көрсеткішінің бірі. Бүгінгі таңда елдің тұрақты дамуы мен экономикалық қауіпсіздігі инженер­лік қоғамдастыққа тікелей байланысты, – деп атап өтті академик Б.Жұмағұлов.

Жиынға қатысушылар ғылым нәти­же­лерін іс жүзінде іске асырудың түбе­гейлі жаңа деңгейіне көшудің, оны өндіріспен, бизнеспен пәрменді интег­рациялаудың, нарықтың перспек­тивалық технологиялық талаптарын қанағаттандырудың аса өткір міндет­терін талқылады. Атап айтқанда, өн­діріс­тің ғылыми-техникалық мәселе­лерін шешу үшін консорциумдарды дамыту, ғарыштық зерттеулерді ел экономика­сында тиімді пайдала­ну, ауыл шаруа­шылығындағы инно­­вациялық технологияларды коммерцияландыру тәжірибесі терең талданды. Атом сала­сының ғылы­ми-техникалық әлеуе­тін дамыту, Қазақстанның автожол саласының проблемаларын шешу жолдары туралы ұсыныстар тыңдалды.

Ұлттық инженерлік академиясы басшылығына сайлау өтіп, тәуелсіз Қазақстанның үздік инженері (2018), академик Амандық Баталов бірінші вице-президент болып сайланды. Ал Ұлттық инженерлік академиясы Батыс Қазақстан филиалының төрағасы, академик Ақсерік Әйтімов вице-президент болып сайланды.

Еліміздің жетекші инженерлерінің жиналысы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында өткізілді. Аталған университеттің басты мақсаты – ғылым мен өндірісті интеграциялау, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерге қатысу арқылы жоғары білікті кадрларды даярлау.

Жалпы жиналыс көрсеткендей, еліміздің жетекші ғалымдары мен инженерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстанды құру бағытын бірауыздан қолдайды, сондай-ақ экономиканы дамытуға бар күш-жігерін жұмсайтын болады.