Қазақстан • 30 Қараша, 2022

Конституциялық мәртебе берілді

518 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл бесінші қарашада Мемлекет басшысы жария түрде еліміз үшін маңызды 6 заңға қол қойған болатын. Сол құжаттардың бірі – «Прокуратура туралы» Консти­туциялық заң.

Конституциялық мәртебе берілді

Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жаңадан қабылданған «Прокуратура туралы» заңға Конституциялық заң мәртебесі беріліп, Бас прокурордың құқық қорғау функциясы біршама күшейтілгенін атап өткен жөн. Бұл – еліміздің тарихында прокуратура органдарына қатысты конституциялық мәртебесі бар ең алғашқы заң. Заңның мақсаты – прокуратура органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру және құзыретін кеңейту. Мұндай өзгерістер ғалымдардың, тәжірибелі заңгерлер мен құқық қорғаушылардың көзқарастары негізінде енгізіліп отыр.

Мәселен, биыл маусым айында Құқық қорғау органдары академиясында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, сарапшылардың қатысуымен жаңа заңның жобасы талқыланды. Іс-шараға еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Конституциялық кеңес мүшесі және Жоғарғы соттың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, адвокаттар, Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан келген беделді құқықтанушы ғалымдар, сондай-ақ заң жобасын тікелей әзірлеушілер қатысты. Отырыс барысында заң жобасының негізгі ережелері бойынша мазмұнды пікірлер айтылып, ұсынымдар әзірлеушілерге жіберілді. Тәжірибе мен ғылым өкілдерінің заң қабылдау процесіне осылай тікелей қатысуы жаңа нормалардың қоғам талабына сай дұрыс енгізілуіне әсер ететіні сөзсіз.

Енді осы заңның жекелеген ерекше­ліктеріне тоқталып өтсек. Біріншіден, «Прокуратура туралы» Конституциялық заңының 9-бабының 16-тармақшасында Бас прокурорға Конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілген. Бұл ерекше мүмкіндік екенін атап өткеніміз жөн. Себебі Конституциялық сотқа кез келген мемлекеттік орган жүгіне алмайды. «Конституциялық сот туралы» Конституциялық заңға сәйкес Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге ғана берілген.

Бұл жерде Бас прокурор Конституция­лық сотқа нормативтік-құқықтық актілер бойынша ресми түсініктеме беру үшін жүгінеді. Бұдан басқа Бас прокурордың өтінішімен Конституция нормаларына қатысты ресми түсіндіруді талап етуге ұсыныстар енгізу мүмкіндігі бар.

Екіншіден, «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға сәйкес, ендігі жерде прокурорлар елден заңсыз шығарылған сырттағы активтерді қайтарумен тікелей айналысады. Заңның 10-бабы 1-тарма­ғының 27-тармақшасында прокурордың өкілеттігіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді шетелден қайтару, оның ішінде қылмыстық процестен тыс мемлекеттің мүддесін білдіру бойынша халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қызметті үйлестіру жұмысы берілген.

Үшіншіден, прокуратураға кәсіпкер­лік субъектілерін тексеру құқығы беріл­ді. Бірақ оның ерекше тәртібі бар. Барлығын оңды-солды тексере алмайды. Заңның 3-тарауының 18-бабына сәйкес, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру Президенттің, Бас прокурордың тапсырмасымен және олардың келісімі бойынша ғана жүргізіледі.

Төртіншіден, бұрын прокурорлар екі жағдайда ғана нұсқау бере алатын. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және жедел-іздестіру қызметі бойынша. Ал қазір осылармен бірге әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қосымша тексеріс жүргізуге, атқарушылық іс жүргізуге, жазаларды орындауға, прокуратураның талабы бойынша жүргізілетін тексерулерге және мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелері бо­йынша да жазбаша нұсқаулар бере алады (35-бап).

Бесіншіден, заңды бұзуға жол бермеу туралы түсіндірме енгізілді (32-бап). Ендігі жерде прокурорлар заңды түсіндіру жұмыстарын тек ауызша жеткізумен шектелмейді. Бұдан кейін заңды түсіндіру, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жазбаша, ауызша не жария нысанда түсіндіреді және оларға заңда белгіленген жауаптылық туралы ескертеді (41-бап).

Алтыншыдан, жаңа заңда прокурор­д­ың қандай жағдайда қаулы шығара­тындығы жеке атап көрсетілген (37-бап). Бұрынғы заңда прокурор тек қана тәртіптік іс жүргізуді қозғау, тексеріс жүргізу, күштеп әкелу, құқықтық актінің қолданысын тоқтата тұру немесе шектеу сипатындағы шаралардың күшін жою туралы қаулыларды ғана қабылдайтын.

Ал жаңа заңда прокурор жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы, күзетпен ұстау, жазасын өтеп жатқан, сондай-ақ пробация есебінде тұрған адамдарға қатысты тәртіптік жазалар мен көтермелеулердің күшін жою, лауазымды және өзге де адамның актісін немесе әрекетін тексеру не өтінішті қарау аяқталғанға дейін үш жұмыс күніне дейін тоқтата тұру, сот орындаушыларының заңсыз актілерінің күшін жою және прокурорлық қадағалау актісін мәжбүрлеп орындату туралы қаулы шығарады. Заңда бұл қаулылардың барлығы міндетті түрде орындалуға жатады.

Жетіншіден, жаңа заңда атап өтуге тиіс тағы бір жағдай кейбір құрылымдардың, оның ішінде Құқық қорғау органдары академиясы прокуратура органдарының білім беру ұйымы болып табылатыны және оның негізгі құзыреттері айқын көрініс тапқан (12-бап). Бұл да академияның дамуына жаңа серпіліс беретіні анық.

Қабылданған жаңа құжат – «Проку­ратура туралы» Конституциялық заңын­дағы ең негізгі деген басымдықтар мен өзгерістер реті осындай. Алдағы уақыт­та еліміздің тұтастығын сақтау және азаматтарымыздың бостандығы мен құ­қық­­тарын қорғау жолында қабылданған Конс­ти­туциялық жаңа заңның атқаратын рөлі зор. Барша отандасымыздың құқық­тары мен мүмкіндіктері заңмен қорғалып, қолдау табады деген сенімдемін.

 

Артур БАЙМАХАНОВ,

Құқық қорғау органдары академиясының кафедра оқытушысы, PhD