Спорт • 30 Қараша, 2022

Үздіктер марапатталды

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев жуырда ғана Иорданияның бас шаһары – Амманда өткен бокстан Азия чемпионатынан олжалы оралған боксшыларды қаржылай сыйақымен марапаттады.

Үздіктер марапатталды

Сондай-ақ ұлттық құраманың Азия біріншілігіндегі табысына өз үлесін қосқан команданың өзге мүшелері, атап айтқанда құраманың бапкерлер қосыны, бокс­шылардың жеке бапкерлер мен ғылыми кешеннің қызмет­керлері де назардан тыс қалған жоқ. Іс-шараға ҚБФ пре­зиденті Ке­ңес Рақышев пен феде­рация же­текшілері қатысып, был­ғары қол­ғап шеберлерін Сары құрлық бәс­е­кесіндегі жеңіс­терімен құт­тықтады.

Боксшылардың қаржылай сыйа­қыларын (І орын – 5 млн теңге, ІІ орын – 2 млн, ІІІ орын 1 млн) Қазақстан бокс фе­дера­циясының басшысы Кеңес Рақышевтің өзі тапсырды.

Азия құрлығының 27 елі­нен келген 267 былғары қолғап ше­бері (181 ер мен 86 әйел) сынға түс­кен додада Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасының нәти­же­сін қоса есептегенде, жалпы­ко­мандалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Боксшыларымыз жалпы саны 21 жүлде олжалады. Оның ішінде алтауы алтын, жетеуі күміс және сегізі қола медаль.

Ерлер арасындағы бәсекеде Санжар Тәшкенбай (48 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Айбек Оралбай (– 92 кг) Азия чемпионы атанса, қыздар арасында Алуа Балқыбекова (48 кг), Жайна Шекербекова (54 кг) мен Карина Ибрагимова (57 кг) алтыннан алқа тықты.

Ал Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Нұр­қанат Райыс (75 кг), Қам­шы­бек Қоңқабаев (+92 кг) және Гүлсая Ержан (81 кг) фи­налда жеңіліп, күміс жүлдеге ие болған еді.

Сары құрлық бәсекесінің жартылай финалында қарсылас­тарына жол берген Саматәлі Төл­таев (60 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Сағындық Тоғамбай (86 кг), Назым Қызайбай (50 кг), Жазира Орақбаева (52 кг), Мә­ди­на Нұршаева (66 кг), Дари­ға Шәкімова (70 кг) мен Ләззат Күнгейбаева (+81кг) ел қор­жынына қола жүлде салды.

Айта кетейік, Қазақстан құра­ма­сынан кейінгі жалпыко­ман­далық есепте Өзбекстан (6 алтын, 3 күміс, 4 қола) құрамасы екінші орынға ие болса, үздік үштікті – Үндістан (4 алтын, 2 күміс, 5 қола) боксшылары түйіндеді. Барлығы Иордания төрінде 12 елдің Әнұраны шырқалды.