Хоккей • 30 Қараша, 2022

Овертаймда опық жеді

156 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорданың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезек­ті тур ойы­нын сырт айдында «Автомо­билис­пен» өткізіп, тағы да жеңіліп қалды.

Овертаймда опық жеді

 

Соңғы кездері ала-құла өнер көрсетіп жүрген «Барыс» Екатеринбургте тұрақты біріншіліктегі «Шығыс» конференциясының көшбасшысына лайықты қарсылық көрсетті. Дегенмен  кейінгі бес ойынның бәрінде жеңіске жеткен айдын иелері бұл жолы да білгенінен жаңылмай, «Барыстан» овертаймда басым түсті. Бір айта кетерлігі,«Автомобилист» осымен соңғы бес матчтың төртеуінде қосымша минутта үздік шығып отыр.

Екатеринбургтегі «Уралец» спорт кеше­нінде өткен кездесудің алғашқы кезеңін жерлестеріміз сәтті бастады. Матчтың небәрі 55-секундында Никита Михайлис ойынның есебін ашса, арада төрт минут өткенде Егор Петухов «Барыстың» таблодағы басымдығын арттырды. 12-минутта Ник Эберт мергендік танытып, есеп айырмасын қысқартқанымен, Энтони Луис жылдам қарымта гол соғып, есепті 3:1-ге жеткізді. Екінші және үшінші кезеңдерде «Барыс» ойыншылары қарқынын жоғалтып алды. Осының салдарынан айдын иелерінен Виктор Неучев (28-минут) пен Павел Куликов (53) дәлдік танытып, таразы басын теңестіріп кетті. Ал овертаймда Ник Эберт «Авто­мобилиске» жеңіс сыйлады – 4:3. «Барыс» келесі ойынын бүгін Челябіде «Трактормен» өткізеді.