Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Сенат бюросының отырысы болды. Палата Төрағасы сенатор Сергей Плотниковты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы лауазымына сайлануымен құттықтады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Бюро отырысы барысында 5 маусымда болатын палатаның кезекті отырысының күн тәртібіне ұсыныстар енгізілді. Сенат бірінші оқылымда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасын және кейбір заңнамалық актілерге әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама мәселелері бойынша ілеспе түзетулер жобасын қарастыруды жоспарлады. Қылмыстық кодекстің, Қылмыстық-атқару кодексінің жобалары және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланады.
Сенаттың комитеттері мен Аппаратқа Мәжілісте мақұлданған 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы берілді. Осы заң жобасы бойынша бас комитет болып Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті белгіленді.
Одан басқа, бюро қаулысымен Сенаттың 2014 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына өзгерістер енгізілді.