«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы Маңғыстау облыстық ұйымының «Еуразиялық экономикалық одақ – ХХІ ғасыр сын-тегеуріндеріне жауап» тақырыбындағы отырысы өтті. Маңызды одақтың тиімді тұстары талқыланған жиынға облыс аумағында жұмыс жасайтын саяси партиялардың, бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың, облыстық кәсіподақтар федерациясының басшылары мен облыстық ардагерлер кеңесі, діни бірлестіктер, БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыс мақсаты – Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттері арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылуына байланысты бұл құжаттың маңызын, өңірдің экономикалық дамуына тигізетін оң ықпалын, ел өмірі үшін тиімділігін жұртшылыққа түсіндіру, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, кеңінен насихаттау. Отырысты коалиция облыстық ұйымының төрайымы, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Х.Нұрғалиева жүргізіп, «Еуразиялық экономикалық одақ – дамудың даңғыл жолы» тақырыбында баяндама жасады.
Өткен жылы Маңғыстау облысының Ресей және Беларусь мемлекеттерімен тауар айналым 113 пайызды құраған. Ресеймен тауар айналым 14 пайызға артып, сауда-саттық 207 миллион долларға жеткен. Өңірде 122 бірлескен кәсіпорын жұмыс жасаса, оның 97 пайызы ресейліктермен тығыз қарым-қатынаста. Соңғы үш жылда облыста 2 мыңнан астам ресейлік, 80-ге жуық Беларусь азаматы еңбек етеді. Отырыста осындай соңғы деректермен қатар, экономикалық интеграцияға тың серпін беретін жаңа ұйымның құрылуы, осы Еуразиялық экономикалық одақтың маңызын жұртшылыққа түсіндіру тетіктері талқыға түсті.
Жиында сөз алған «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының өкілі А. Аязбаев, «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ж.Махамбетова, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы облыстық филиалының бірінші хатшысы Р.Алдоңғарова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Ғұмаров, «Бірлік» партиясы облыстық филиалының өкілі И.Берниязов, облыстық «Бекет ата» мешітінің бас имамы С.Сейітбекұлы, «Благовещенский приход Уральской епархий» шіркеуінің басшысы И. Выриков, «Боевое братство» ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Н.Қаражанов, оралмандардың «Туған ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е.Кемаладинұлы, «Ауыл» социал-демократиялық партиясы МОФ төрағасы Қ.Жеткізген Еуразиялық экономикалық одақтың еліміздің тәуелсіздігіне нұқсан келтірмей, экономикалық сипатта құрылғандығын және сол бағытта жүзеге асатындығын айтып, оның жұмысынан маңызды жетістіктер күтетінін ортаға салды.
– Бұл – еліміздің әл-ауқатын арттыруға, экономикасын, мәдениетін көтеруге немесе аймағымызда, Қазақстанда жаңадан ашылатын өндіріс орындары санын көбейтуге оң ықпал ететін шарт. Отырыста талқыланған баяндама негізінде демократиялық күштер жалпыұлттық коалициясының шешімі қабылданды. Коалиция мүшелерінің қазіргі таңдағы басты міндеті – Қазақстанның Тәуелсіздігін нықтай түсумен қатар, экономикалық әлеуетін одан әрі арттыратынын жұртшылыққа кеңінен түсіндіру, – деді «Ауыл» социал-демократиялық партиясы МОФ төрағасы Қ.Жеткізген.
Жиын соңында жетекші партия бастап, барлық ұйымдар мен мекемелер қостап, облыстың түкпір-түкпірінде халық арасында түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізу үшін арнайы жоспар жасалатын болды.
Райхан РАХМЕТОВА,
«Нұр Отан» партиясы
облыстық филиалының баспасөз хатшысы.
АҚТАУ.