Серік ПІРӘЛИЕВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры,
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
Алмағайып заманда алға бастар жол іздеген талай-талай алпауыт елдердің тығырыққа тіреліп отырғаны – шындық. Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс, халықаралық саясаттағы шиеленіс, рухани-мәдени дамудағы іркіліс көптеген халықтарды, олардың саясаткерлерін алаңдатады. Осындай қысталаң сәтте тың жол іздеу үдерісі еуразиялық кеңістікте де әлдеқашан басталған болатын. Өйткені, мынау жаһандану заманында мүдделері ұқсас, халықтары етене таныс, геосаяси жағдайлары жақын мемлекеттердің уақыт сынына бірлесіп қана төтеп бере алатындығын ойы алғыр, көреген саясаткерлер түсіне бастаған еді. Бірақ, осы ойды жүзеге асыратын нақты бағытты Қазақстан мемлекетінің кемеңгер басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бірінші болып нұсқағаны – тарихи шындық. Тоқсаныншы жылдары-ақ біздің Елбасымыз бұл идеяны М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде жалпақ жұртқа жария қылған. Соны лепке, ойға қонар оралымды ұсынысқа мемлекет басшылары, әр елдің саясаткерлері елең еткенімен, бұл бағытта елеулі істер қолға алына қоймады. Әркім өз халқының қамын, өз елінің ғана ертеңін ойлаудан аса алмады. Н.Ә.Назарбаевтың еуразиялық елдердің ортақ мүддесін ойлап, ортаға салған ойтүрткісін жете бағаламай келді. Сөйтіп, арада жылдар озды. Уақыт өткен сайын Қазақстан Президентінің кемел ойынан шыққан көреген идеясының дұрыстығы айқындала түсті.
Енді, міне, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен осы бір елдер арасын жақындатар, береке, бірлікке шақырар, ұжымдасып, ұлы мақсатқа ұмтылдырар құнды құжатқа Қазақстанның бас қаласында қол қойылды. Демек, Елбасымыздың сарабдал саясаты, саңлақ ойы салтанат құрды. Қайырлы болғай!
Еуразиялық интеграциялық үдерістерді кеңейтуді көздейтін, барлық мемлекеттердің мүдделері ескерілген Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың біздің егеменді елімізге де берері мол екеніне кәміл сенеміз. Ең алдымен, бұл құжат аясында атқарылар істердің еліміздің ертеңі – жастарға тікелей қатысы бар деп ойлаймын. Бастысы – қайратты, қарымы мол жастар үшін жұмыс орындары көбейеді, жас мамандардың да сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік молаяды. Білім алу кеңістігі кеңиді. Талапты жастар Еуразиялық одаққа мүше елдердің кез келген қаласында еркін жүріп, тұрып, білім ала алады, ғылыми жұмыспен айналысуларына кең жол ашылады. Көршілес елдердің, олар арқылы басқа жұрттардың да рухани құндылықтарын, ғылыми жетістіктерін, мәдениеті мен әдебиетін, өнерін жетік білуге зор мүмкіндіктер алады.
Менің ойымша, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылуы – жарқын болашақтың кілтін қолға алу. Енді осы игілікті дұрыс пайдаланып, әркім өз саласында аянбай еңбек етуі тиіс.
Алматы.
Ел қуаты артады
Ләззат НҰРДАУЛЕТОВА,
№17 мектептің құқық және қоғамтану пәнінің мұғалімі.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 20 жыл бұрын айтқан идеясы сан кедергіден өтіп күні кеше Астанада Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері президенттерінің Еуразиялық одақ құруға қол қою рәсімімен жүзеге асты. Бұл біз үшін ғана емес Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болған үш елде тұратын миллиондаған халық үшін үлкен қуаныш. Мұны ел экономикасын өркендетуге ашылған жарқын жол деп түсінген дұрыс. Онда еш саясатсыз таза экономикалық қарым-қатынас болады. Сондықтан, бүгінгі қоғамның қозғаушы күшінің бірі бизнесмендер әлемдік рынокқа ашылған жолды тиімді пайдаланар деп үміт артамыз. Тек заңнама шеңберінде адал да таза еңбек мұратқа жеткізетінін есте ұстаған ләзім.
Осынау игілікті теледидардан көріп отырып бір байқағаным, аталған үш ел басшылары көңілді болды. Жарқын жүздерінен ел үшін атқарылған жақсылықтың нышаны білініп тұрды. Тәубе! Өркениет жолында дамыған елдердегідей біздің елде де табыс көзі үсті-үстіне ашылса – халқымыз бай да қуатты тұратыны хақ. Елде баршылық мол болса құба-құп. Сондықтан ешқандай күдіксіз Елбасына артқан сенімімізді бұрынғыдан да арттырып Елбасымызға ілесе білсек нұр үстіне нұр.
Талдықорған.
Үйлесімділік қашанда жақсылыққа бастайды
Борис КАМЫНИН,
«Ақтөберентген» АҚ стратегиялық даму жөніндегі директоры.
Біздің кәсіпорын бұрыннан да тәуелсіз мемлекеттерге өнімдерін өткізіп жүрген өндіріс орны еді. Біз Кеңес Одағы кезінде өнімдерімізді Еуропа елдеріне дейін шығарып жүрдік. Одақтас республикалардың экономикалық байланысы үзілгеннен кейін бірқатар өндіріс орындарының тұралап қалғаны шындық. Кешегі Беларусь, Ресей, Қазақстан арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою үлкен маңызды оқиға. Экономикалық күрделі уақытта өзінің төте жолын тапқан Қазақстан бейбітсүйгіш үрдісін жалғастырды. Бірігудің, бірлесудің қашанда ілгері күнге апаратынын Ресей, Беларусь, Қазақстан басшыларының кездесуі дәлелдей түсті.
Біздің рентген зауытының өнімі қашанда сұранысқа ие. Біз соңғы кездері медициналық кешендерді рентген аппараттарымен қамтамасыз етуге көштік. Еуразиялық одақтың келісімдері өндірісті жаңа мүмкіндіктерге бастайды. Бүкіл еліміз бойынша бірден-бір рентген аппаратын шығаратын кәсіпорын ретінде біз экспорттық мүмгіндігімізді пайдалана аламыз. Кәсіпорын жұмысшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуын шын ниетімен қолдайды және біздің ықпалдастығымыздың тиімділігін аңғарады. «Ақтөберентген» зауыты өнімдерін Еуропаға, қала берді Ресейге шығарады. Біз сонымен мақтана аламыз.
Біздің кәсіпорында тұңғыш рет он алты қималы томограф шығарылды. Біздің зауыттан шыққан жылжымалы медициналық кешен көршілес елдерімізге де жіберіледі. Еуразиялық одақ шартына қол қойылғаннан кейін «Ақтөберентген» зауытының бойына да қан жүгіретініне сенемін.
Ақтөбе.
Интеграция – тұрақты даму кепі лі
Қылышбай БИСЕНОВ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көтерген бастама өз нәтижесін берді. Елордамыз Астанада Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одаққа қол қойды. Президентіміз ұсынған еуразиялық интеграция идеясы – Еуразия халықтарының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тату көршілестік және өзара сыйластық дәстүрлеріне негізделген. Сондай-ақ, көршілес мемлекеттердің экономикалық ықпалдастығын белсенді де сатылы түрде одан әрі кеңейтудің сара жолы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүзеге асырған көпвекторлы саясаттың формуласы бір жағынан, Қазақстанның табиғи байлықтарына, географиялық жағдайына, қуатты адам капиталына, екінші жағынан, Еуразия мемлекеттерімен интеграцияны сатылы әрі жүйелі түрде тереңдете жүргізуіне мүмкіндік туғызады.
Еуразиялық одақ еліміздің өз тауарларын сыртқы нарыққа шығару арқылы экономиканы жаңа деңгейде жаңғыртудың тиімді жолы болып табылады. Сонымен қатар, табиғи ресурстарға бай мемлекетіміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру арқылы оңтайлы инвестициялық климатты қалыптастырады.
Қазіргі таңда экономикалық интеграция жаңа, мейлінше тұрақты да әділетті әлемдік нарықты қалыптастырудың басты құралы тез өзгеріп бара жатқан бүгінгі дүние «білім экономикасына» көшуге, озық технологияларды ендіру мен таратуға, инновациялық дамудың әлеуеттерін тиімді пайдалануға мол мүмкіндіктер тудыруда. Мәселен, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің жоғары, орта және кәсіптік білім туралы дипломдарды өзара тану туралы келісімі жұмыс істеуде.
Еуразиялық экономикалық одақ өз құрамындағы мемлекеттердің орнықты даму траекториясын қамтамасыз ететін болады. Жақын болашақта аталмыш одақтың әлемдік экономика жүйесінде жетекші рөл атқаратынына сенеміз. Елбасымыздың еліміздің Мәңгілік Ел болу жолындағы стратегиялық бағытын және жаңашыл бастамаларын қолдау әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы деп білеміз.
Қызылорда.
Өнім сапасы – ортақ мүддеміз
Надежда МАТРЮКОВА, «Баян сұлу» кондитер фабрикасының бас технологы. Біздің «Баян сұлу» кондитер фабрикасы секілді өнім өндіретін ірі кәсіпорын үшін Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы өте қолайлы болды. Кеден одағы құрылғанда да осылай қуанған едік. Себебі, өндірген өнім тұтынушысына жетпесе, кәсіпорын тұралайды, шығынға батады. Ал Ресей мен Беларусь Республикасы біздің кәсіпорын үшін нағыз нарық айлағы болды. Қазір жалпақ Ресейдің түкпір-түкпіріне біздің «Баян сұлу» кәмпиттері барады. Кеденнен кедергісіз өтеміз. Еуразиялық экономикалық одақ шартына үш ел мемлекеті басшыларының қол қоюы тарихи оқиға болып саналады. Одақ туралы шарт күшіне енетін алдағы жылдан бастап, экономикалық қатынастар бұрынғыдан да бетер жанданатын болады. Ресей нарығы өте кең. Бұл экономикалық одақ нарығынан біз алдымен бәсеке күтеріміз анық. Олардың кондитерлік өнім шығаратын кәсіпорындарының өнімі Қазақстанға келеді, біз оларға шығарып жатырмыз. Қайда да болса тұтынушы сапалы өнімді ғана таңдайды. Сондықтан сапа үшін күрес бұрынғыдан да күшейе түсері анық. Ал ол үшін біздің кәсіпорынның ешкімнен де кем түспесі анық. Соңғы жылдары біздің фабрика желілері артып келеді, жаңа өнімдер шығаруды бір сәтке ұмытпаймыз. Озық технология, сапалы шикізат әкелу технологтар мен кәсіпорын басшылығының назарында. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі кәсіпорындардың сапалы өнім үшін бір-бірінен үйренетін тұстары да аз болмайды. Олардағы мамандар мен дизайнерлерді мүмкін біз шақырармыз, біздің де оларға үйретеріміз бар. Экономикалық одақ елдеріндегі әріптестердің ортақ бағыты сапа мен тұтынушы мүддесінен шығу болмақ. Тұтынушы ұтса, жақсы өмірдің орнығуы деп ұғыңыз. ҚОСТАНАЙ.Бір-бірімізден үйренеріміз көп
Анвар ШАЙХУТДИНОВ,
«ҚайнарМұнайГаз» басқармасының мұнай өндіру операторы.
Ресей – біздің ежелден көршіміз ғана емес, экономикалық байланыс орнатқан стратегиялық әріптесіміз. Енді міне, Еуразиялық экономикалық одақ шартына қол қойылғаннан кейін Ресеймен және Беларусь Республикасымен экономикалық байланысымыз бұрынғыдан да жандана түседі. Өзім он жылға жуық мерзімнен бері жұмыс жасайтын отандық компания – «ЕмбіМұнайГаз» акционерлік қоғамы Ресейдегі мұнай-газ өнеркәсібінің іргелі кәсіпорындарымен әріптестік, іскерлік байланысты нығайтып отыр. Соңғы жылдары әсіресе, Ресейдегі «Татнефть» компаниясымен арадағы тәжірибе алмасу жиіледі. Біздің мұнайшылар көрші елдің мұнай-газ өнеркәсібі саласында жаңадан шығарылған арнаулы техникалар мен технологиялармен кеңінен танысуға мүмкіндік алды.
«Татнефть» компаниясына тәжірибе алмасу үшін әріптестеріммен бірге мен де барып келдім. Екі елдің мұнай өндіру саласында қолданылатын жаңа технологиялар да ұқсас, арнаулы техникалар да бірдей деуге болады. Дегенмен әр елде жер қыртысы әрқилы болып келеді, сонымен бірге, мол мұнай Қазақстан мен Ресейде әртүрлі тереңдіктен алынады. Міне, осындай жағдайда жаңа технологияларды қолданудың сан алуан нұсқаларына қанығу кәсіби біліктілігімізді арттыруға септігін тигізді.
Көрші елдің мұнай компаниясынан жетекші мамандар біздің мұнай өндіру әдістерімізбен танысып, кей тұстарда бізден үйренуге болатынына көз жеткізді. Міне, осылайша, біз – қазақстандық мұнайшылар ресейлік әріптестерімізден, олар біздің тәжірибемізден үйренуге ұмтылып келеміз. Екі ел мұнайшыларының осы әріптестігі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғаннан соң одан әрі беки түсетініне толық сенімдімін.
Атырау облысы,
Қызылқоға ауданы.