АСТАНА. 3 маусым. Сирияның жаңа тарихында бірінші рет сейсенбі күні өтетін президент сайлауына бірнеше кандидат дауысқа түскелі тұр. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
2011 жылдың наурызынан бері қарулы қақтығысқа ұшырыған елдің президенті орынтағына бұл жолы Сирия парламенті бекіткен үш үміткер таласпақшы. Солардың бірі – қазіргі іс басындағы президент Башар Асад. Онымен қатар сап құрған басқа екі кандидат – Хасан Ан-Нури мен Махер Хаджардың есімдері жалпы жұртшылыққа оншалықты таныс емес. Олардың аттарын сириялықтардың басым көпшілігі осы жолы бірінші рет естіп отырса керек. Бұл екі кандидат та ішкі шектеулі оппозицияның өкілдері болып табылады. Дамаск университетінің 54 жасар профессоры Ан-Нури Калифорниядағы Джон Кеннеди атындағы университетте диссертация қорғаған. Ал 45 жастағы Хаджар коммунистерге бүйрегі бұратын солшыл көрінеді.
Сирия сайлауының заңы бойынша бірінші турда абсолютты көпшіліктің 50 пайыз да оған қосымша бір даусын алған үміткер президент болып сайланады. Егер олардың бірде-бірі бұл шекке жете алмаса, жеңімпаз осында көпшілік дауыспен екінші турға өткен екеудің арасынан анықталады.
Үстіміздегі жылғы наурыз айында Сирияның парламенті өзінің тарихында бірнеше кандидаттың дауысқа түсу мүмкіндігін қарастырған сайлау туралы заң қабылдаған болатын. Ал бұған дейінгі мемлекет басшысын сайлаудың тәртібі тіпті бөлек еді. Алдымен билеуші партиядан бір кандидат ұсынылатын. Оны парламент бекітіп беретін. Сосын осы кандидатты қолдау жөнінде референдум өтетін. Асад мемлекет басшылығына 2007 жылғы 27 мамырда ұлттық референдумның қорытындысы бойынша қайта сайланған. Онда Башар сайлаушылардың 97,62 пайыз дауысына ие болған еді.
«Бәлки, мен бұл сайлауда жеңе де алмаспын. Бірақ оған біздің альтернативті кандидат ретінде қатысуымыздың сириялықтар үшін маңызы зор: бүкіл әлем елді басқарудың президенттік көзқарасынан басқа да ойлар бар екенін көреді. Біз Асадпен бәсекелеспіз, біздің экономикалық, әлеуметтік және саяси реформалар жөніндегі бағдарламаларымыз да бір-бірлеріне ұқсамайды», - деп жауап берді Ан-Нури РИА «Новости» тілшісіне берген сұхбатында.
«Жұрт қазір экономикалық проблемаларды талқылауға құштар емес, оларға мына соғыста жеңіп шығуға және елді қалпына келтіруге қабілетті лидер керек». – деді Resseau Voltaire интернет-басылымының негізін қалаушы-президент француз саясаткері Мейсан Тьерри агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Сирияда қазір нағыз соғыс жүріп жатыр. Батыстағылар айтып жүргендей, бұл азаматтық қақтығыс емес, мұнда Сирияның билігі мен оны қолдаушы халқы Сауд Арабиясынан, Түркия мен бірқатар батыс елдері жіберген жалдаламылармен соғыс жүргізуде.
«Асад сириялықтар тарапынан орасан зор қолдауға ие болып отыр. Дағдарыс жаңа басталған уақытқа қарағанда, жағдай қазір түбірімен өзгеріп кетті. Асадтың басшылығындағы Сирия сыртқа агрессияға қарсы тұруда», - деді Тьерри. Оның пікірінше, жұрттың 70-80 пайызы Асад үшін дауыс береді.
Мұрат Айтқожа.
Дереккөз: РИА «Новости».
Фото: РИА «Новости».