Алғашқы күннің қорытындысында дайындалғандар дара шығып,
өте шығамын дегендер өкініп қалды
Алтын ұя мектепке тарыдай болып келіп, таудай болып шыққан мектеп түлектерінің алған білімін сарапқа салған биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнгі қорытындысы төмендегідей болып отыр. Емтиханға еліміз бойынша алғашқы күні өтініш берген 27 670 түлектің 26 134-і, яғни 94,5 пайызы қатысқан. Тестілеу қалалар мен аудан орталықтарындағы жан-жақты жабдықталған 61 пункт базасында өткізілген. Түрлі жолдармен сынақтан мүдірмей «өтудің» жолын алдын ала ойластырған үміткерлердің 5962-сінен ұялы телефон, 1783-інен шпаргалка, 121-інен калькулятор, 6-ынан фотоаппарат, 2-уінен рация табылған. Сөйтіп, олар ескерту алған. Ал он бір жыл бойы топ жарып, ҰБТ-ға өзінің біліміне, білігіне, дайындығына сеніп келген Алматы қаласындағы № 178 лицейдің түлегі Айғаным Бақытқызы Әбдіжаппар мыңдардың ішінен топ жарып, аламан бәйгеде ең жоғары 125 балды қанжығасына байлап, маңдайы жарқырады. Сол секілді 3797 түлек (14,5 пайыз) 100-ден астам балл жинапты. Бұл көрсеткіш өткен жылы 14 пайызды құрағанын еске сала кетелік. Бірінші күнгі сынақтың орта балы – 76,6 болса, 2013 жылы 75,5 екен. Жоғарыдағыдай жетістікпен қатар, ең төменгі көрсеткіш қандай болды дегенге келетін болсақ, ағымдағы жылы жоғары оқу орындарына түсу үшін белгіленген 50 балды да жия алмағандар – 6 233 (23,8 пайыз) болған. Өткен жылы ондай төменгі көрсеткіш – 6 368, яғни 26,4 пайыз еді. Сонымен, мықтылардың мерейін өсірген, көппен көрген ұлы той, өте шығамыз дегендерді өкіндірген ҰБТ-ның алғашқы күнгі нәтижесі осылай аяқталды. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».