Футбол • 04 Желтоқсан, 2022

«Неміс мәшинесі» жолда қалды

235 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қатардағы доп додасының топтық кезеңіндегі ойындар өз мәресіне жетіп, турнирдің плей-офф бәсекесіндегі матчтар басталды. Топтық кезеңнің соңғы турында Германия Коста-Риканы (4:2), Уругвай Гананы (2:0), Камерун Бразилияны (1:0) жеңгенімен, жаһандық доданың плей-офф кезеңіне шыға алмады. Ал Жапониядан жеңілген Испания (2:1), Кореядан ұтылған Португалия (2:1) жеңген құрамалармен бірге еш кедергісіз 1/8 финал сатысына жолдама алды. Плей-оффта Нидерланд АҚШ құрамасын, Аргентина Аустралияны сүріндіріп, ширек финалға шықты.

«Неміс мәшинесі» жолда қалды

Қатардағы әлем чемпионатының топтық кезеңдегі соңғы тур ойындарын плей-оффқа дейінгі плей-офф матчтары десе де болатындай. Өйткені кейбір матчтарда жеңіске жеткен құрама келесі кезеңге шықса, жеңілгені өз еліне қайтады. Кей кездесулердің жөні тіпті бөлек. Қарсыласын қанша жерден ірі есеп­пен тізе бүктірсе де, атағы дардай құра­ма болса да, топтық кезеңнен шыға алмай, жанкүйерлері алдында масқара болды. Сон­дай құраманың бірі – Германия.

2014 жылғы Бразилиядағы доп додасының финалында жарыс қожайындарын 7:1 есебі­мен жеңіп, әлем чемпионы атанғаннан кейін «неміс мәшинесін» қырсық шалды. Олар 2018 жылғы Ресейдегі футбол тойында Кореядан жеңіліп, плей-оффтан құр қалып қойған болса, араға төрт жыл салып Қатарда да сол сценарий қайталанды. Бұл жолы соңғы турда жеңгенімен, бәрібір топтан шыға алмады. Сол аралықта Германия екі Еуропа біріншілігіне қатысып, екеуінде де финалға жете алмады.

Иә, Германияның соңғы турда плей-оффқа шығу-шықпауы қатар өткен Испания – Жапония матчына тікелей байланысты еді. Испаниялықтар соңғы турда Жапонияны жеңгенде Германияны өздерімен бірге ке­лесі кезеңге алып шығар еді. Бірақ күтпеген жерде Күншығыс елінің өкілдері айды аспанға бір-ақ шығарып, Испанияны да тізе бүктірді. Осылайша, жапониялықтар бір әлем чемпионатында екі бірдей мундиалдың жеңімпазын жеңіп, 1/8 финалға шықты. Сөйтіп, Е тобынан Жапония бірінші орынмен, Испания екінші орынмен келесі кезеңге өтті.

F тобындағы төрттікте 2018 жылғы әлем бірін­шілігінің қола жүлдегері Бельгия соңғы турда Хорватияны жеңе алмай (0:0), биылғы доданы ерте аяқтауға мәжбүр бол­ды. Қатардағы доп додасы басталмай тұрып футбол мамандарынан «қай топ құрамалар топтан шыға алмай қалуы мүмкін», деп сұрау салғанда, көпшілік Португалия мен Францияны атаған болатын. Себебі Пор­тугалия Роналдудың төңірегіндегі дау-да­майға байланысты ішкі тәртіпсіздікке тап келсе, Франция бұл әлем біріншілігіне негізгі құрамның бірнеше футболшысын әкеле алмаған еді. Ал Бельгиядан ешкім мұндай сүреңсіз ойынды күткен жоқ еді. Сөйтіп, Бель­гияның 2010 жылы басталған «алтын дәуірі» осымен аяқталған сияқты.

Бельгияның сәтсіздігін тиімді пайдаланған Марокко соңғы турда Канаданы бір доп айырмасымен жеңіп (2:1), 1986 жылдан кейін бірінші рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды. Тіпті Африка құр­лығының өкілі топтық кезеңде бірде-бір ойын­да жеңілмей, жеті ұпаймен өз тобында көш бастады. Хорватия бес ұпаймен екінші орынға жайғасты.

G тобындағы екінші жолдамаға (бірін­шісін Бразилия екінші турда-ақ иеленіп қойған) Камерун, Швейцария және Сер­бия құрамалары таласып, Швейцария футбол­шыларының асығы алшысынан түсті. Олар өте тартысты өткен соңғы турда Сербияны 3:2 есебімен жеңді. Ал Камерун құрамасы 3-турда Бразилиядан басым түскенімен (1:0), бә­рібір топтық кезеңде қалып қойды.

H квартетінің соңғы турында Португалия Корея құрамасынан жеңілсе де, екеуі бір-бірін 1/8 финалға алып шықты. Бір қызығы, Португалия – Корея матчының 90-минутына дейін таблода 1:1 есебі тіркеліп, қатар өтіп жатқан ойында Гананы 2:0 есебімен жеңіп жатқан Уругвай бір аяғымен плей-оффта тұрған еді. Алайда кореялықтар төреші қос­қан қосымша минутта Португалия қақ­пасына екінші голын соғып, екінші жолдаманы Уругвайдан тартып алды. Бар мәселені ойынның соңында соғылған бір ғана гол шешіп кетті. Өйткені Корея мен Уругвай құрамасы соңғы турдағы жеңістерінен кейін 4 ұпаймен екінші орынды өзара бөліскенімен, кореялықтар доп айырмасының арқасында келесі айналымға жолдама алды. Азиялықтар үш турда төрт гол соғып, өз қақпасына төрт гол өткізіп алған болса, оңтүстікамери­калық­тар екі гол соғып, екі гол өткізіп алған еді. Сөйтіп, Уругвай үшінші орынға түсіп қалды.

Сенбі күні өткен плей-офф матчтарының алғашқы екі ойынында Нидерланд пен Аргентина құрамалары жеңіске жетіп, ширек финалда сынға түсетін бірінші жұпты анықтап берді. «Қызғалдақтар» елінің құра­масы 1/8 финалда АҚШ-ты 3:1 есебімен тізе бүктірсе, Месси бастаған Аргентина құра­масы әрең дегенде Аустралия футболшыларынан басым түсті – 2:1. Бұл ойында мергендігімен көзге түскен Месси өзінің ұлттық құрамадағы 1000-ойынын өткізді. Ни­дерланд пен Аргентина арасындағы ширек финал матчы 9 желтоқсанға жоспарланған.