Спорт • 05 Желтоқсан, 2022

Жасөспірімдерге жол ашқан біріншілік

412 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Алау» мұз айдынында өтіп жатқан конькимен жүгіру спор­тынан қаланың ашық чемпионаты таяды. Дүние­жүзілік коньки тебу күніне орай ұйымдастырылған «astana open» турнирінің тартысты өтуіне өзге өңір­лерден келіп қатысуға ниет білдірген балалар мен жас­өспірімдер, спорт мектебінің ұландары себепші болды.

Жасөспірімдерге жол ашқан біріншілік

Бәсі жоғары бәсекеде Астана қаласы әкімдігінің №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мек­тебінің спортшыларымен қатар Қостанай, Петропавл, Хромтау және Алматы қаласының үздік конькишілері жарыстың көрігін қыздырды. Ашық біріншілікке қатысуға 130 спортшы ниет біл­дірген соң, қала әкімдігі ба­ла­лар мен жасөспірімдер қа­ты­сатын доданы дәстүрге ай­налдыруды көздеп отыр. Жарыстың шарты бойынша балалар 5 жас санаты бойын­ша сынға түсті. Айтулы турнирдің бірінші күнінен-ақ жасөспірімдер командалық сында бағын сынап, бабын бай­қатты. Төрт айналымдық ара­лас командалық спринтте әр командадан 2 қыз және 2 ұл өнер көрсетті. Нәтижесінде, Петропавл қаласының өрендері  – Алина Шүмекова, Кристина Шү­мекова, Артем Савельев, Владимир Довженко бастаған төрт­тік қарсыластарын шаң қап­тырды. Ал екінші орынды Астана-2 командасы еншілесе, үшінші орын елорданың үшін­ші (Астана-3) командасына бұйырды.

Сәті түскенде Петропавл қала­сындағы Балалар мен жас­өспірімдер спорт мект­бінің жат­­тықтырушысы Оль­га Их­тен­­дрестен коньки­мен жүгіру спорты туралы және жа­рысқа келген бала­лардың аяқалысы жайында сұраған едік.

– Біз «Алау» мұз айдынына жиі келуге тырысамыз. Петропавлда мұндай сапалы мұз айдыны жоқ. Осы кешенде жас конькишілердің белгілі бір жылдамдыққа жүгіруге, ар­найы жаттығуын жасап, жа­рысқа дайындалуына толық мүм­кіндігі бар. Сол үшін де ел бі­ріншілігінен бөлек бай­рақты бәсекелер де осы елордада ұйым­дастырылады. Ба­лалар мен жасөспірімдер арасында осындай турнирлер жиі ұйым­дастырылса, біз де қуа­намыз. Кезекті аламанға Пе­тропавл қаласынан 40 ұл-қыз алып келдік. Балалар жас ерекшеліктеріне қарай бес топта сынға түседі. Біз жа­рыс­­қа өзге қалалардан бұрын ке­ліп, бірер күнді жаттығуға, ба­­лалардың дайындығына ар­надық. Петропавлда Астана қаласындағыдай жабық мұз айдыны жоқ. Әрі біздегі жарыс жолағы шағын, яғни стандартқа сай емес. Амал жоқ, ауа райының қолайсыздығына қарамай да­йын­даламыз. Өйт­кені дарынды балалар тасада қалмауы керек, – дейді ол.

Тәжірибелі жаттықтырушы О.Ихтендрес Петропавл қала­сындағы жас коньки шебер­лерінің қатарындағы Алина және Кристина Шүмековалар сынды егіз қыздардың өз жасына әбден лайық өнер көр­сетіп жүргенін айтады. Жат­тықтырушылар бұған дейін де талай жарыс­та топ жарып жүрген үз­діктерге осы тур­нир­де де зор сенім артып отыр. Мысалы, жарыстың ал­ғаш­қы күніндегі командалық сында Алина мен Кристина ко­мандаластарын алға сүй­реді. Петропавлдың үз­дік­тері ауылдан шыққан. Қа­зір Петропавлдағы спорт ин­тер­натында жаттығады. Жат­тық­тырушылар 14 жастағы Вар­вара Глухова есімді спорт­шының да үздіктер қатарынан көрінетініне іштей сенім артып отыр. Әзірге Петропавл қа­ла­сының атынан мұз айдынына шығатын кіші топтағы ұлдардың жүлдеге ілігуі екіталай екен. Өйткені жасы кіші ұлдар мұз айдынына жиі шықпайды. Десек те спорт мектебінің жат­тық­тырушылары 2024 жылы өте­тін жасөспөрімдер Олим­пиа­дасына жоғарыда есімдері атал­­ған үздіктерді қосуға ниет­ті. Ол үшін, әрине, жас­өс­пі­рімдер ел чемпионатында қа­тар­­ластарынан тәуір нәтиже көр­сетуге тиіс.

– Жақсы нәтижеге қол жет­­кізу үшін балалардың да­йындығына жоғары мән беру керек. Сондықтан олардың дұрыс тамақтануына, салмағын қалыпты деңгейде ұстап, фи­зикалық әлеуетін нығайтуға ерекше мән береміз. Коньки тебу үшін де күш керек. Конь­кишілердің жауырыны, аяқ-қолының күші мығым болуы да маңызды. Өйткені конькимен жүгіруде адамның бұл­шық еті көмектеседі. Әйт­кен­мен балалардың дене бітімі қалыптасқанша жеңіл жат­ты­ғулар жасатамыз. Конь­кимен сырғанауды айтпағанда, мұзда тік тұрудың өзіне жылға жуық уақыт кетеді. Әрине, балалар арасындағы бәсекелерде астаналықтардың алдына тү­сетін команда жоқ деп айтуға болады. Бірақ біз де қаражаяу емеспіз. Кемінде әр жарыс­тан бірлі-екілі спортшымыз жүл­делі оралады. Мұны тәуір нәтиже деп білеміз. Балалардың барлық шығынын спорт мектебі өтейді. Жас конькишілерге жағдай жасап отырған өңір­дегі спорт басқармасына алғы­сымыз зор. Неге десеңіздер, біз­дегі балалардың барлығы қа­рапайым отбасыдан шыққан. Тіпті балалардың арасында әлеуметтік жағдайы төмен от­басында тәрбиеленетін бал­ғындар бар. Бірақ спорт тарихында бабы келісіп, бағы жанған спортшылардың дені осындай қарапайым отбасында тәрбиеленгенін қаперден шығармауымыз керек, – дейді О.Ихтендрес.

Демек, елордадағы турнирде жасындай жарқыраған жас­өспірімдердің келешекте конькимен жүгіруден ұлттық құраманың сапында әлемдік додаларда өнер көрсетуге мүм­­кіндігі мол. Ендеше, тур­нир­де топ жарған дарынды бала­лар­дың спорттық мансабы табыс­ты болғай демекпіз.