Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2022

Бала ділмарлар байқауы

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шешендік өнер – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып, бүгінге жеткен баға жетпес қасиетті қазынасы. Осы қазынаны қазіргі және келер ұрпақ­қа насихаттау мен аманаттау мақсатында республикалық Абай атындағы мамандандырылған мектепте IV республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтті.

Бала ділмарлар байқауы

Бала ділмарлар бас қос­қан ой бәсекесіне еліміздің 15 облысы мен 3 қаласынан бұған дейін өткен іріктеуде жүзден жүйрік деп танылған 28 оқушы қатысып, сөз сайысына түсті. Шешендік байқау қос бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде қатысушылар жере­бе арқылы тақырып таңдап, жарты сағаттық жекпе-жек түріндегі шешендік сайыста бақ сынады. Онда көркемдік, жүйелілік, нақтылық, ой ұшқырлығы, тіл тазалығы, дауыс мәнері, сахна мәдениетін сақтау сарапқа салынды. Ал 2-бөлімде бала ділмарлар алдын ала берілген би-ше­шендердің сөзін жатқа айтудан жарысты.

– Шешендік сайысты өт­кізудің басты мақсаты – жаңа буын, жас ұрпақты тіл тазалығын сақтауға, мем­ле­кеттік тілді мейлінше жетік білуге баулу. Шешендік өнер арқылы білімгерге сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын меңгерту, жүйелі сөй­леу дағдысы мен сөйлеу ше­берлігін шыңдау көзделіп отыр. Өскелең ұрпақ сөз құн­дылығын бағалап, тарихи-мәдени және ұлттық болмысын таныса, сол арқылы әдеби тіл нормасына сәйкес мемлекеттік тілді қолданудың жаңа деңгейі қалыптасса деген тілегіміз бар, – дейді жоба авторы, журналист, шешендік сөз өнері пәнінің мұғалімі Жарқын Сәленұлы.

Қазылар алқасының ше­шімімен Бас жүлдені Абай атындағы республикалық ма­мандандырылған мектеп интернатының оқушысы Несіпбай Шамил иеленді. І орын Астана қаласы, желілік Абай мектебінің шәкірті Ұл­пан Арғынбаеваға, ал қос бірдей ІІ орын – алматылық Айдана Қайып пен Абай облысынан келген Нұрайым Тұрсыноваға табысталды. Бөрте Қапсемет (Абай облысы), Іңкәр Әбілқайырқызы (Жетісу облысы), Амирхан Хайдаров (БҚО), Асем Анар­кулова (Шымкент қаласы) ІІІ орын иегері атанды.

Сондай-ақ Нұрбақыт Аман­гелді (Маңғыстау облы­сы), Алуа Дулатова (Ақ­мола облысы), Әсия Бал­табай (Түркістан облысы), Ақ­ерке Нұржанқызы (Алматы облысы), Айдана Қоныс (Ақтөбе облысы), Ел­бақыт Ерболат (ШҚО) сынды айрықша өне­рімен көзге түскен шәкірттерге арнайы жүл­де берілді.

Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен және алғысхат­тармен марапатталды. Бай­қауға үшінші жыл қатарынан «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» демеушілік жасап келеді.

 

АЛМАТЫ