04 Маусым, 2014

Тәуелсіздігіміздің тұғыры

415 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
4 маусым – егемен еліміздің мемлекеттік рәміздері қабыл­дан­ған күн. Бұл айтулы дата осымен жиырма екінші рет мере­келеніп отыр. Атаулы мере­кеге орай кеше Астана қала­сы ішкі саясат басқармасы «Ата­мекен» Қазақстан картасы» этно­мемориалдық кешенінде қала әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның мерекелік отырысын өткізді. Шараны Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева жүр­гізді. «Жиырма жылдан астам уақыттан бері тәуелсіз Қа­зақстанның мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны ел рухын көтеру, егемендіктің ір­гетасын бекіту мақсатында көп­теген игілікті жұмыстар атқарды деп білемін. Өйткені, соңғы жылдары жастарымыздың, жалпы азаматтарымыздың ел рәміздеріне деген көзқарасы мүлде өзгерді. Бүгінде Көк байрағымыз әлем­дік деңгейдегі жарыстарда, Олим­пиадаларда желбіреп, жас­тарға патриоттық жігер беруде. Осы уақыт ішінде елдігімізді білдіретін, тәуелсіздігімізді тұ­ғырландыратын көзқарас қа­лыптасып, ел бірлігі нығайды. Осы орайда ерекше атап өтетін бір мәселе, әлі де болса елімізге мемлекеттік насихат өз дәрежесінде болмай тұр. Біздің Туымыз әр уақытта жоғары болуы керек, Елтаңба және Әнұранымыз бізге күш-қуат береді деп ойлаймын», – деді Елтаңба ав­тор­ларының ­бірі Жандарбек Мәлібеков. «Біз рәміздер деген уақытта көбіне мемлекеттік рәміздер төңі­регінде айтамыз. Алайда мем­лекеттік рәміздердің құрам­дас бөліктері Қазақстанның көрі­ністері мен оның құнды-құн­ды деректері дер едім. Мұ­ның барлығын да бір рәміз ре­тінде айтуға болады. Оны Елба­сымыз Мәңгілік Ел деп айтты. Мәңгілік Ел деген сөз – өте үл­кен мағынадағы ауқымды ұғым», – деген Мемлекет тарихы инс­титуты директорының орынба­сары Амангелді Қашқымбаев бү­гін­гідей шаралар жиірек өт­кізі­ліп тұрса деген тілегін біл­дірді. Сондай-ақ, ол «Ата­ме­кен» Қазақстан картасы» этномемо­риал­дық кешеніндегі елдің тама­ша көріністері ЭКСПО-2017 ха­лық­­аралық көрмесінде дүние жүзі­нен келген қонақтарға тағы­лымды тұрғыдан таныстырыла түссе дегенді де назардан тыс қалдырмады. Мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманы түсіндіру және тұр­ғындар арасында ел рәміздерін на­сихаттауды мақсат еткен аталмыш отырыс өзге де пікір алмасулармен мағыналы жалғасын тапты. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».