04 Маусым, 2014

Ел ұтатын қадам

370 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

интеграцияЕАЭО – ЖАҺАНДЫҚ МАҢЫЗДЫ БІРЛЕСТІК

Еуразиялық экономикалық одақ – жаһандану үдерісінде әлеуметтік-экономикалық әлеуеті басым елдердің аранына түсіп, алқымына жұтылып кетпеу үшін жасалып отырған тарихи шара. Келіссек те, келіспесек те жаһандану – күллі әлемді шарпып өтіп, әр мемлекетке өзіндік әсерін тигізетін, бастамашы елдерді биіктетіп, әлжуаз қоғамды сіңіріп алатын құбылыс. Біз бастамашы елдің бірі болуға талпыныс жасап отырмыз. Осынау ғалами үдеріске тайсалмай қадам жасап отырған тұста Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы Серик Аханов.1.кеңесінің төрағасы, экономист Серік АХАНОВПЕН ой бөліскен едік. – Серік Ахметжанұлы, қазіргі таңда қызу талқыланып отырған әлемдік тақырыптың бірі – Еуразиялық экономикалық одақ мәселесі. Бұл қадамның талабы мен талпынысы, күнгейі мен көлеңкелі тұсы турасында айтып берсеңіз. – Қазақстан Президенті Н.Ә.На­зар­баев осыдан 20 жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын алғаш рет ұсынған болатын. Ол Беларусьтің, Қазақстанның және Ресейдің «өзара экономикалық жақындасуы» қажеттігіне негізделген-ді. 2014 жылы 29 мамырда Астанада жаңа тарихи интеграциялық бірігу шартына қол қойылды. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс мемлекетаралық эконо­микалық-қаржы байланыстарының өзара іс-қимылы негізінде түрлі елдер экономикасының өңірлерге бөлінуі үдерісін жеделдетті. Еу­ра­зиялық экономикалық одақ еріктілік пен тең құқылық, өзара тиімділік және прагматикалық мүд­делерді есепке алу қағи­датына негізделеді. Ең бас­ты­сы – мұнда тәуелсіздіктің шек­теу­сіз басымдығы мен интегра­циялық үдеріске қатысушы мемлекеттердің саяси егемендігі сақталады. Бұл жерде әңгіме Кеңес Одағының мифтік қайтып оралмайтыны туралы болып отыр. Бұл үшін көне институттық база жоқ, оның үстіне ұлттық мемлекеттілік қалыптасты. Меншіктің жаңа жүйесі құрылып, қоғамның өзге әлеуметтік құрылымы жасалды. Еуразиялық экономикалық одақтың негізіне экономикалық прагматизм, кеңінен мәлім формула – «әуелі – экономика, сонан соң саясат», эволюция және ашықтық формуласы алынған. Еуразиялық экономикалық одақ­тың басты міндеті оның Еуроодақ пен Азия-Тынық мұхит өңірі ара­сындағы әлемнің түйінді эко­номикалық макроөңірлерінің бірі болуға тиіс екендігінде болып отыр. Оған қатысушылар әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына кіруге тиіс. Еуразиялық экономикалық интеграция халықтың тұрмыс деңгейінің өсуіне, қатысушы елдер шаруашылығының өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігіне тіке­лей ықпал етуге тиіс. Негіз­гі басымдықтарға ең алды­мен экономикалық өсудің бірлес­кен нүктесін айқындау, атап айт­қанда, банктердің шағын және орта бизнесті дамытуды қаржы­лан­дыруы жатады. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күші қозғалысының еркіндігі қамтамасыз етіледі, экономика салаларында үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізіледі. Мұның мәнісі – мүше мемлекеттер заңдарын қаржы секторларында құқықтық реттеудің сәйкестендірілген тетіктерін бел­гілеуге бағытталған кезең-кезең­мен жуықтату деген сөз. Қаржы секторы үшін мүше мемлекеттердің нақты және қаржы секторларының теңдестірілген, сондай-ақ, тұрақты дамуына қол жеткізуге бағытталған келісілген макроэкономикалық саясатын жүргізудің зор маңызы бар. – Қаржы саясатына қатысты өзара келісім мен жоспарлар реті толық қамтылған ба? – Әрине, Еуразиялық эконо­ми­калық одақ шеңберінде қар­жы нарықтарын келісілген реттеу көзделді. 2020 жылға қарай ортақ қаржы нарығын жасау және мүше мемлекеттердің қар­жы нарықтарына өзара тең дәре­жеде қол жеткізуді қамта­масыз ету жоспарланып отыр. Көрсетілетін қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға кепілдік беріледі. Мүше мем­лекеттердің бірінің уәкілетті органдары берген лицензияларды басқа бір мүше мемлекеттердің аумақтарындағы банк, сақтандыру және қор нарықтарында өзара тану үшін жағдай айқындалды. Үш елдің реттеушілері арасындағы ынтымақтастықтың негізгі тетіктері ақпарат алмасуды және келісілген іс-шаралар жүргізуді, банк және сақтандыру секторларын, бағалы қағаздар нарығындағы қызметті реттеу мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеп, өзара ақыл-кеңестер беруді көздейді. Қазіргі уақытта Жоғары Еу­разиялық экономикалық кеңес және Еуразиялық экономикалық комиссия, Еуразиялық Даму банкі және Еуразиялық Іскерлік кеңес жұмыс істейді. ҚР Ұлттық банкі мен РФ Орталық банкі арасында өзара іс-қимыл жолға қойылды. – Қаржы туралы сөз қозғалса, тікелей Тәуелсіздікке барып ті­ре­летіні анық. Аталмыш эко­но­­ми­калық одақ жағдайында тең­ге­нің тағдыры қалай болады? – Теңгенің дербестігі мен Ұлт­тық банктің тәуелсіздігі елдің егемендігіне байланысты. Ұлттан тыс тұрған реттеуші, яғни үш ел үшін банк құру 2025 жылға ысырылады. Мұндай ұлттан тыс тұрған орган құру – өте күрделі үдеріс. Сондықтан бұл дұрыс шешім, мұны ЕО-ның тәжірибесі де дәлелдейді, бұл ұзақ уақытты талап етеді. Мысалы, Еуроодақта бірыңғай Еуропалық орталық банк бар, ол еуро шығарады, оның қозғалысын реттейді, бірақ қаржы ұйымдарының өзін реттемейді. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер әуелі ақша-несие саясатын келісіп алу керек, содан соң инвестициялық, әрі қарай қазыналық саясатты келісуі қажет. Бұл – ең бас­тысы, ең ауыры – мұның өзі пруденциялық реттеу саясатын келісу және қаржы нарығына қатысушылардың қызметін қадағалау. Олардың халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылуы маңызды. Теңге жеткілікті дәрежеде күшті және тұрақты валюта, ол экономиканың дамуы кезеңдерін көрсетеді және жалпы алғанда қолма-қол ақша айналымына және біздің экономикалық дамуымызға қызмет көрсетеді. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттердің ұлттық валюталарының өзара сыртқы сау­да және инвестициялық опера­ция­ларындағы рөлін арттырудың ерекше маңызы бар. Бұл үшін ұлттық валюталардың өзара айыр­бас­талымдығын қамтамасыз ету қажет. Әрбір мүше мемлекеттің аумақ­тарында бәсекені қорғау және дамыту мақсатында қаржы нары­ғындағы экономикалық шоғыр­лануды тиімді бақылау қамта­масыз етілетін болады. Елдің қаржы органдары әлемдік экономика мен әлемдік қаржы жүйесіне етене интеграцияланған. Олар көп жылдардан бері бәсекелесуге қабілеттіліктің артуын ынталандыратын халықаралық стандарттар бойынша жұмыс жасайды және шетелдік қаржы институттарымен шиеленіскен бәсекелік күреске түсіп отыр. Күрестің шиеленісе түскенін елімізде 38 банктің бар екені, олардың 17-сі шетелдің қаты­суымен жұмыс істейтіні, 14-і әлем­нің аса ірі банктерінің енші­лес банктері екені дәлел­дейді. Сондықтан қаржы ұйым­дарында қазір ең басты мәселе – біздің банктеріміздің, сақтан­дыру және инвестициялық компа­ния­ларымыздың бәсекелесуге қабілеттілігі деңгейін күрт көтеру. Бәсеке деңгейіне көрсетілетін қаржы қызметтерінің сапасы мен саны тұрғысынан талдау жасауға болады. Бұл – бірінші көрсеткіш. Бірақ бұл іргелі көрсеткіш, әрине, қаржы ұйымдарының қуаты, олардың активтері, капиталы әрі көлемі. Дүниежүзілік банк 148 елде зерттеу жүргізді. Қаржы секторының дамуы деңгейі бойынша еліміз 148-ші орында тұр. Бәсекелесуге қабілеттілік тұрғы­сынан зерттелген 60 елдің ішінде Қазақстан 49-шы орында. Салыстырмалы талдау Қазақ­станның банк активтері бой­ынша еуразиялық қаржы кеңіс­ті­гіндегі үлесі 5,3 пайызды құрайды, Ресейдің үлесі – 92 пайыз, Беларусьтің үлесі – 3 пай­ыз. Егер орта деңгейдегі банк­тің мөлшерін алатын болсақ, онда бізде активтердің орташа мөлшері шамамен 11 млрд. АҚШ доллары, ал Ресейде 67 млрд. долларға жуық. Егер ең үлкен банктің капиталын алатын болсақ, онда бізде шамамен 16 млрд. доллардан, Ресейде 550 млрд. доллардан асады. Сондықтан шетелдік қаржы ұйымдарымен тең дәрежеде бәсекелесу үшін біздің банк, сақтандыру, инвестициялық капиталымыздың шоғырлануын күрт көбейтуіміз қажет екені туралы мәселе туындайды. – Осындай күрделі тоғы­су­лар тұрғысында мысал етерлік әлемдік тәжірибе бар ма, болса одан қандай сабақ алуға болады? – Шетелдік тәжірибе көр­сетіп отырғанындай, түрлі ауқым­дағы қаржы ұйымдары да бәсе­кеге түседі, мұндағы ең басты нәрсе – көрсетілетін қаржы қыз­меттерінің сапасы. Ал мұның өзі менеджменттің, мамандар білімінің, олардың даярлығының сапасына байланысты. Көптеген жылдар бойына банктер біздің экономикамызды халықтың және кәсіпорындардың депозиттері есебінен несие­лен­діріп келді, ал экономика қажеттіліктерінің қалған 50 пайы­зын сыртқы қарыз алысу есебінен жапты. Бірақ әлемдік экономикалық дағдарыс жылдары сыртқы кредиттердің мүмкіндігі күрт қысқарды, өйткені, олар өте қымбат. Осыған байланыс­ты халық және кәсіпорындар депозиттерінің өсуін ынталандыру маңызды. Елбасы Н.Назарбаев шағын және орта бизнесті қолдауға, индустрияландыруға және инфра­құрылымды дамытуға 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Мұның банктерді қорландыру үшін және олардың еліміздің экономикалық өсуіндегі рөлін арттыру үшін зор қағидаттық маңызы бар. Мысалы, халықтың жинақ ақшасын сақтау мәдениетін арттыруға болады. Бұл бізде төмен, бағамдау бойынша 13 пайыз шамасында. Салыстыру үшін айтсақ, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде 40 пайызға жуық. Қазақстан ДСҰ-ға кіреді. Бірыңғай қаржы нарығының құрылуына орай Қазақстанға шетелдік банктің қатысуымен 17 банктің еншілестері емес, олардың филиалдары келуі мүмкін. Ал олармен бәсекелесу өте қиын, өйткені, оларда еншілес банктердің жеткілікті дәрежеде көп активтері бар. Сондықтан шетелдік банктердің филиалдарын реттеу қазақстандық банктерді реттеу сияқты болуға тиіс. Заманауи жағдайда отандық банктердің, сақтандыру және инвестициялық компаниялардың бәсекелесуге қабілеттілігін күрт арттыру, олардың отандық экономиканы лайықты дәрежеде несиелендіре алуы үшін оларды өте қуатты әрі күшті етуіміз керек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.