28 Мамыр, 2010

ЖҰМЫС БЕРУШІ МЕН ЖҰМЫСШЫНЫҢ ДӘНЕКЕРІ

786 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кәсіподақ қай кезде де жұмысшының құқын қорғаудағы жауапкершілігінен бас тартқан емес. Өйткені, бұл кәсіподақтың міндеті ғана болуымен шектеліп қалмайды. Жұмыс беруші кәсіподақтың талабымен санасады, ал жұмысшы кәсіподаққа арқа сүйейді. Міне, осының дәлелі болса керек, биылғы жыл басында біздің есебімізде 1 аймақтық, 7 облыстық салалық және 1 осы­ларға теңестірілген комитеттерде 79797 мүше біріктірілді. Біздің құрамымыздағы кәсіподақ мүшелерінің саны соңғы 5 жылғы, яғни 2005 жылғы есеппен салыс­тырғанда 1044 адамға өсті. Бұл өз мүше­лері­мізбен арада тұрақты қарым-қатынас орната алғанымызды байқатады. Рас, біздің сандық құрылымымыз өз­геріске ұшырады. Мәселен, облыстық балық өнеркәсібі қызметкерлерінің кә­сіподақ комитеті жойылып, агроөнеркәсіп кешені кәсіподақ мүшелерінің саны азайды. Оқудың коммерциялық түріне ауысуына байланысты студенттердің саны үш есеге жуық төмендеді. Біз өз мүше­ле­рімізден айырылып қалудан қашып құтыла алған жоқпыз. Алайда, олардың орнын жаңа мүшелер мен ұйымдардың, әсіресе, мұ­най және құрылыс салаларының қосылуы арқылы толықтыра алдық. Осын­дай жаңа мүшелеріміздің саны айтар­лық­тай өсіп, 6221 адаммен толықты. Бұлардың арасында әйелдер құрамы 3350 мүшемен толықты. Жастар мен цехтық кәсіподақ ұйымдары 232 бірлікке көбейді. Керісінше, жұмыстан босатылған кәсіподақ қызмет­керлерінің саны азайды. Кәсіподаққа еңбекшілерден өтініш-арыздар жиі түседі. Әсіресе, шетелдік инвес­тор­лардың қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорындарда қазақстандық жұмысшылар­дың құқын бұзу фактілері ұдайы кездеседі. Мәселен, “Гате Иншаат Таахют Санайи ве Тиджарет” компаниясында кәсіподақ ұйымы болмағанмен, біз ұжымдағы еңбек дауларын реттеуді қажетті деп таптық. Сол себептен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Атырау облысы бойынша департаментіне арыздандық. Біз кәсіпорын басшыларының белсенді қарсылығына қарамастан, кәсіподақ ұйымын құруды, ұжымдық шарт жасақтауды ұсындық. Кейін осы жұмыстардың бәрі де іске асырылды. Шетелдіктер қатысатын көптеген кәсіпорын­дар­да еңбек заңдылықтары мен еңбекті қор­ғау, ішкі рыноктағы жұмыс күшін сақтау, көші-қон заңнамаларының нормаларын сақтаудағы қоғамдық бақылау жүргізуден де шет қалған жоқпыз. Осыған орай облыс әкімдігі жанындағы комиссия жұмысына араластық. 2006-2007 жылдары осы комиссия отырыстарында “Боннати С.П.А”, “Гате Ин­шаат Таахют Санайи ве Тиджарет”, “Сенімді құрылыс”, “ЮСС Суппорт Сервисисез”, “Алтиес Петролеум Интернешнл Инк” және басқа шетелдік кәсіпорындардың жұмысы қаралды. Нәтижесінде облыс әкімінің қол­дауымен 2007 жылдың соңында осы кәсіп­орындарда ұжымдық келісім жұмыстарының басталуымен кәсіподақ ұйымдары құрылды. Елімізде жаппай қолдау тапқан ұжымдық шарттар жасақталғанда, кейбір жұмыс беру­ші­лер, соның ішінде шетелдіктермен бір­лес­кен кәсіпорындар келісім-шартқа Еңбек ко­дексі тармақтарына қайшы келетін жағдай­лар­ды кірістіріп қояды. Бұл, әсіресе, еңбек жағдайы мен оған ақы төлеуге қатысты болып келеді. Ал әлеуметтік пакеттер мүлдем қа­растырылмайды. Міне, осыдан кейін отан­дық қызметкерлермен, жергілікті мамандар­мен қарым-қатынас барлық уақытта толық­қанды әрі ашық бола бермейді. Мұндай келеңсіздіктер еңбек заңдылықтарының көптеп бұзылуына, сөйтіп, қызметкерлердің наразылық акциясына шығуына әкеліп тірейді. Міне, сондықтан шетелдік фирмалар мен бірлескен кәсіпорындардың қызметкер­лерін мүшелікке тартып, олардың құқын бұ­зуға қатысты келеңсіздіктерді қолданыстағы заңдылықтар шеңберінде шешуге тырыстық. Бұл бағыттағы біздің белсенді жұмысымызға облыс әкімдігі тарапынан көп қолдау көрсетілді. Кәсіподақ өкілдерінің кәсіподақ құрыл­маған мекемеге кіруге құқы жоқ. Ал кәсіп­одағы жоқ мекемелерде еңбек заңдылығы мен отандық жұмысшы құқы бұзылуы мүм­кін ғой. Мұндайда не істеу қажет? Қол қу­сы­рып отыруға болмайды. Белгілі бір дә­ре­жеде еңбек қатынастарына, жұмысшылардың заңды құқығын сақтауды бақылауға алуға ықпал ету үшін әр түрлі комиссиялар, облыс әкімдігінің мемлекеттік органдарды қадағалау жөніндегі жұмысшы топтары құрамдарына қатысу аясын кеңейттік. Осындай нәтижелі жұмыстардың бірі ретінде Аджип ҚКО компаниясының “Болашақ” зауытының құры­лысын жүргізуші мердігер, қосалқы мердігер компанияларымен бірнеше мәрте кеңестер, жиналыстар өткізілді. Сондай жи­налыстың бірін облыс әкімі 2009 жыл­дың соңында өткізіп, еңбек заңдылығының сақталуын қатаң талап етті. Ал кәсіподақ комитетінің төрағалары Аджип ҚКО-ның аймақтық директорымен үш қайтара кездесіп, осының 7 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Кәсіподақ құрамына 1250 адам мүшелікке тартылды. Елімізде көптеген заңдарға түзетулер мен өзгерістер ұдайы енгізіліп келеді. Бұл – өмір талабы. Соңғы жылдары қолданыс­қа енгізілген Еңбек кодексі тек жұмыс бе­ру­шілердің ғана емес, біздің де жұмы­сы­мыз­дың заңнамалық базасын түпнұс­қа­сымен өзгертті. Сонымен бірге, жаһандық экономикалық дағдарыс та жұмысымызға шынайы түзетулер енгізуімізге ықпал етті. Өйткені, қаржы дағдарысын желеу ете­тін­дер көбейді. Мұның кері әсері жұмысшы­ларға тиеді. Мұндай келеңсіздіктің алдын алудың бір шарасы – меморандумға қол қою. Облыстағы қызметкерлер саны 500-ден жоғары 700-ден астам кәсіпорынның жұмыс берушілері мен кәсіподақ төр­аға­лары облыс, аудан әкімдерімен жұмыс орындарын, еңбек заңдылықтарын, дағ­дарысқа қарамастан, еңбекақы мөлшерін сақтау мақсатында меморандумдарға қол қойды. Бұл құжаттың мазмұны кәсіподақ федерациясымен келісіліп, енді сол меморандум шеңберіндегі талаптар мен міндеттемелердің орындалуына мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Міне, осылайша кәсіподақ федера­ция­сы жұмыс беруші мен жұмысшы ара­сын­дағы дәнекер болумен бірге, Қазақстан заңдарының сақталуын ұдайы қадағалайды. Жұмысшы қай кезде де кәсіподаққа арқа сүйейді. Кәсіподақ үнемі жұмысшының құқық қорғауға белсене араласады. Мұны ең басты міндеті деп түсінеді. Тілекқабыл ҚАБДОЛОВ, Атырау облыстық кәсіподақтар федерациясының төрағасы. Атырау облысы.