Экономика • 08 Желтоқсан, 2022

Зейнетақы қоры: Комиссия жарнасы қанша?

368 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл қазан айының басында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы азаматтардың зейнетақы жинағы 14 трлн теңгеден асып, бір жыл ішінде 7,8 пайызға көбейді. Көбею жинақтаудың барлық түрі бойынша байқалады: міндетті зейнетақы жарнасы бойынша өсім 7,4 пайыз болса, міндетті кәсіби жарна бойынша – 20,9 пайыз, ерікті жарна бойынша – 90,6 пайыз.

Зейнетақы қоры: Комиссия жарнасы қанша?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ranking сарапшыларының айтуынша, соңғы он жыл көлемінде азаматтардың зейнетақы жинағы 4,5 есеге көбейген.

БЖЗҚ – зейнет­ақы жүйесінің барлық қар­жы­лық және ақпараттық тұт­қа­сын ұстап отырған бірың­ғай оператор. Зейнетақымен қамсыз­дандыру туралы заңға сәйкес қор өз қызметі үшін комиссия ұстай алады. Әдепкіде БЖЗҚ үшін комиссия сыйақысы инвестициялық кірістің 7,5 пайызынан және зейнетақы активтерінің ай са­йын 0,025 пайызынан аспауға тиіс деп белгіленген. Бұл ретте БЖЗҚ Ұлттық банкпен бірігіп, комиссия сыйақысын төмендету және шығындарды оңтайландыру жұмысын жүргізеді.

«2016-2017 жылдары актив ко­миссиясы – 0,0225 пайыз, 2018 және 2019 жылы – 0,015 па­йыз, 2020 жылы – 0,011 пайыз болды. 2021 жылдан бері қор ко­миссия­сының көлемі активтердің 0,01 па­йызынан аспайтындай етіп заңмен бекітілді. Соны­мен қатар 2021 жылдан бас­тап БЖЗҚ ин­вестициялық та­быс­­тан ко­мис­сия сыйақысын ұста­­май­ды. Ол тек зейнетақы актив­­те­рін бас­қару­шылардан (инвес­­ти­­ция­лық табыс­тың 2 пайызы­нан ар­тық емес), Ұлттық банк және ин­вес­­тициялық порт­фельді бас­қару­­шы­­лардан (инвес­ти­циялық кіріс­­тің 7,5 пайызынан артық емес) ұс­т­алады», делінген Ranking зерттеуінде.

Өз кезегінде, Ұлттық банк­тің 2022 жылға арналған сый­ақы мөлшері БЖЗҚ зейнет­ақы активтері бойынша инвести­ция­лық кіріс сомасының 1,8 п­айызы мөлшерінде белгі­ленді. Са­лыс­тырар болсақ, инвес­ти­циялық порт­фельді басқару­шы­лардың ко­миссия сыйақысы келе­сідей: «Halyk Global Markets» – 3,5 пайыз; «Jusan Invest» – 5 пайыз; «BCC Invest» – 7 пайыз; «Сентрас Секьюритиз» – 7,5 па­йыз; «Halyk Finance» – 5 пайыз.

Сарапшылар сөзіне ден қой­сақ, комиссия сыйақысы қор қызметі үшін қажет. Түс­кен қар­жы ақпараттық және теле­ком­муникациялық қызметке, бағ­дар­ламалық қамтамасыз ету қыз­метіне, қызметкерлердің жал­ақы­сын төлеуге, пошта және са­лым­шыларды хабардар ету қыз­метіне жұмсалады.

«Комиссияның салыстырмалы және абсолютті мән­дері­нің төмендеуі Ұлттық банк­тің зейнетақы активтерінің сенім­герлік басқарушысы ретінде және жеке зейнетақы шоттарын есепке алып, салымшылар мен алушыларға зейнетақы қыз­мет­терін көрсететін БЖЗҚ-ның дер­бестендірілген қаржы құрал­дарын инвестициялық есепке алу жөніндегі бірыңғай оператор ретінде жүргізіп жатқан жұ­мысының нәтижесі болып саналады. Тұтастай алғанда, бизнес-процестерді автоматтандыру және қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыру, зей­нет­­ақы қызметтерін электронды фор­матқа көшіру және олар­дың үлесін арттыру бойынша жүр­­гізілген жұмыстардың нә­ти­же­сінде инвестициялық менед­ж­­мент пен кастодиандық қыз­мет­терге комиссиялық шы­ғыс­тар қыс­қар­тылды. Опера­ция­лар­дың жал­пы көлемі, сондай-ақ өз ак­тивт­ерін инвестициялаудан түсе­тін кі­ріс­терден әкімшілік шығыс­тар­дың бір бөлігін жабу есебі­нен БЖЗҚ-ның әкімшілік шығыс­тары қыс­қартылды», деп жазады Ranking.

2021 жылдың қорытындысы бойынша БЖЗҚ комиссиялық кірісінің сомасы бір жылда 2,8 есе қысқарып, 24,7 млрд теңгеге тең болған. Зейнетақы қор­­лары мен басқарушы ком­пания­­лар­дың комиссиялық сыйақы алуы барлық елде заңды түрде қарас­тырыл­ған. Сонымен бірге БЖЗҚ мен ҰБ комиссиясы әлемдегі ең төмен­гілер­дің қатарында. Мы­са­лы, Чехияда ко­мис­сия сый­а­қы­сы инвестициялық  құрал­дың жыл са­йынғы орташа құны­ның 0,8, та­быс­тың 10 пайызын құ­рай­­ды; Мажарстанда – комиссия жа­р­­на­­ның 6, активтің 0,8 пайызын; Из­раильде – жарнаның 6, актив­­тің 0,5 пайы­зын; Литвада – өмір­­л­ік цикл үшін активтің 0,65, актив­ті сақтау қоры үшін актив­тің 1 па­йызын; Словенияда – жар­наның 3, активтің 1 пайызын; Ұлы­британияда – активтің 0,75 пайызын; Албанияда – жыл сайынғы зей­нетақы қоры таза құнының 3 пайызын; Арменияда – міндетті жос­пар бойынша таза актив құнының 1,5 және ерікті жос­пар бойынша таза актив құнының 5 пайызын құрайды.