ЫҚПАЛДАСТЫҚ – ЫНТЫМАҚ ЫРЫСЫ
Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің ынтымақтастығы негізінде құрылған Кеден одағы енді міне, Еуразиялық экономикалық одақ арқылы өзінің айдынын кеңейте түсетін болды. Мұның ел экономикасын жаңа серпінмен өркендетуге тигізер пайдасы да, ықпалы да мол екендігі даусыз. Кеден одағына дейінгі және осы одаққа кіргеннен кейінгі Атырау облысының сыртқы сауда-тауар айналымын салыстырсақ, тауарлар импорттың 8,7 пайызға, ал экспорттың 71,3 пайызға өскені байқалады. Мәселен, 2009 жылы ел бюджетіне жалпы сомасы 29 млрд. 504 млн. 655 мың теңгені құраған кедендік төлемдер мен салықтар түскен болса, ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 275 млрд. 887 млн. 695 мың теңгеге жетті. Алдағы жылдары да ел бюджетінің қомақты қаржымен толығарына биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында ғана 48 млрд. 221 млн. 727 мың теңгенің кедендік төлемдері мен салықтарының түскені дәлелдеп отыр.
Демек, біздің еліміз Кеден одағына кіруден еш ұтылған жоқ деуге толық негіз бар. Тағы да салыстырмалы дерекке сүйенер болсақ, биылғы қаңтар-ақпан айларында мемлекет бюджетіне түскен кедендік төлемдер мен салықтар 2009 жылдың көрсеткішінен 60 пайызға артығымен орындалып отыр. Міне, осының өзінен еліміздің Кеден одағына кіруі отандық экономикамыздың өркен жаюына септігі тиер түсімдерді орасан мөлшерде молайтып отыр. Осы ретте Атырау облысының сыртқы сауда-тауар айналымының өсуіне алдымен отандық тауар өндірушілердің белсенділігінің ықпал еткенін айрықша атаған жөн.
Одаққа мүше елдердің арасындағы жеңілдіктерге тоқталатын болсақ, бұрын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан тауарлар мен көлік құралдарын әкету және әкелу үшін кедендік жүк декларациясын толтыру қажет болатын. Ол үшін кедендік ресімдеуде кедендік жүк декларациясының негізгі парағына 50 еуро, қосымша парақтарына 20 еуродан кедендік төлем төленетін. Және Ресей мен Беларусь тауарларының экспорты мен импортына жыл сайын орташа есеппен 9-10 мың кедендік жүк декларациясы ресімделіп келген болса, ал қазір мұндай декларация толтыру қажет емес. Бұл бизнестің уақыты мен қаржылық ресурстарын үнемдеуге тікелей септігін тигізеді.
Кеден одағына кірмейтін үшінші елдерден тасымалданатын тауарларға мейлінше жоғары тарифтер бекітілді. Мысалы, бұрын барлық тауарларға кедендік баждар мөлшерінің орташа деңгейі 6,2 пайызды құраса, қазір бұл 10,6 пайыз болды. Яғни, тауарлар импорты азайып, оның орнын отандық тауар өндірушілер толтырды. Осы орайда экспорт көлемі ұлғайды ма деген заңды сауал туындауы әбден мүмкін. Атырау облысы бойынша жалпы сыртқы сауда-тауар айналымы 2013 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығындағы кеден статистикасының мәліметіне сәйкес, 28 млрд. 899 млн. АҚШ долларын құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 108,8 пайызға жетті. Сыртқы сауда-тауар айналымының жалпы көлемінің 94,6 пайызын экспорттық және 5,4 пайызын импорттық тауарлардың статистикалық құны құрап отыр. Есепті мерзімде экспортқа шығарылған тауарлардың статистикалық құны 2012 жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға көбейді.
Экспорттың негізгі үлесін минералды отын, мұнай және олардан айырылып алынатын өнімдер құрайды. Олардың статистикалық құны 26 млрд. 938 млн. АҚШ долларын немесе барлық экспорт көлемінің 98,5 пайызын құрайды. Өткен жылы 29 млн. 377 мың 285 тонна шикі мұнай экспортқа шығарылды. Шикі мұнай экспорты негізінен Италияға (жалпы шикі мұнай салмағының 30,2%), Нидерландыға (16%), Францияға (17%), Канадаға (9,2%), Испанияға (5,6%), Түркияға (3,2%), ТМД аумағындағы Украинаға (0,6%) және өзге де елдерге жіберілген.
Ал биылғы қаңтар-ақпан айларында жалпы сыртқы сауда тауар айналымы 5 млрд. 701 млн. АҚШ долларына жетіп, 2013 жылғы салыстырмалы кезеңге қарағанда, 140 пайызды құрады. Ал, сыртқы сауда-тауар айналымының жалпы көлемінің 96,4 пайызын экспорттық және 3,6 пайызын импорттық тауарлардың статистикалық құны құрап отыр. Осы кезеңде экспортқа шығарылған тауарлардың статистикалық құны 5 млрд. 498 млн. АҚШ долларын құрап, 2013 жылғы көрсеткіштен 41,8 пайызға өсті.
Кеден одағы құрылғаннан кейін оған мүше үш мемлекеттің кәсіпкерлері бір-бірінің елінде өз кәсібін ашу құқығына толықтай ие болды. Олардың арасында өзара бәсекелестік артып, ел экономикасының өркен жаюына кәдімгідей ықпал етуде. Демек, үш елдің тұтынушылары өзіне қажетті тауарлардың ең сапалысын таңдауына мүмкіндік алды. Негізі, бәсекелестік күшейгенде ғана өнімнің сапасы артады, керісінше, оның бағасы арзандай түседі. Ресейлік кәсіпкерлердің біздің нарықта жұмыс істеуге қызығушылығы туып отырғаны рас. Бұған, әсіресе, салықтық жеңілдіктер оң әсер етіп отыр. Мәселен, біздің елімізде қосымша құн салығы 12% болса, Ресейде салықтың бұл мөлшері 16 пайызды құрайды.
Кеден одағы аясында кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру үшін жаңғыртулар мен оңтайландыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі ретінде Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясының шешіміне (2009 жылғы 27 қарашадағы №18) сәйкес бекітілген бірыңғай кедендік тарифі және бірыңғай сыртқы экономикалық қызметінің тауарлар номенклатурасын қолдануға көшірілгенін айта аламыз. Сонымен қатар, кедендік транзит рәсімі Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары арасында бірыңғай мәліметтер қоры жасақталып, ақпарат алмасу қолға алынды. Бұл кедендік транзит рәсімі Кеден одағы аумағына кірер жерден басталып, тауарлардың межелі кеден органына жеткізілуін ортақ бақылауға алады. Яғни, үш мемлекет арқылы 1 транзиттік декларациямен жүктер тасымалдана береді. Электронды ақпарат алмасу, мәліметтердің толыққанды, уақытында тиісті орындарға жеткізілуі кеден органдары жұмысының тиімділігін арттырды. Осындай халықаралық шарттардың қолданылуы кеденшілер жұмысын айтарлықтай жетілдіруге оң ықпал етті. Қорыта айтқанда, Кеден одағының негізгі қағидалары мен өзара қарым-қатынастарының тиімді бағытта іске асуы ел экономикасының өрлеуіне себепші болып, интеграциялық байланыс айдынын одан әрі кеңейте түсері анық.
Құрманғали ТАСМАҒАНБЕТОВ,
Атырау облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің басшысы.
АТЫРАУ.