Спорт • 09 Желтоқсан, 2022

Жерлестеріміз жүлдегер атанды

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары қазақстандық жас талантты спортшылар елімізде кенжелеп қалған спорттың түрінен олжа салып жүр.

Жерлестеріміз жүлдегер атанды

Атап айтар болсақ, жуырда Нидерландтың Ассен қаласында спорттық би жарысынан кезекті әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Сол додада қазақстандық Арман Төлеп­бер­генов пен Зеріп Мәдиқызы жұбы өнер көр­сетіп, «қызғалдақтар елінен» күміс жүл­­демен оралды. Бұл – елордалық жас жет­кіншектердің әлем біріншілігіндегі алғашқы жүлдесі. Арман – спорттық бимен жеті жасынан бастап айналысса, Зеріп алғаш рет 4 жасында спорттық бидің әліппесімен танысқан. Қазіргі таңда олар елордадағы starlight Balance спорттық би клубында жаттығады.

Қазақстандық және ресейлік білікті бап­­керлер – Екатерина Рыбина, Руслан және Валерия Айдаевтардан тәлім алатын жерлестеріміз бүгінге дейін бірталай жарыс­та өз мықтылығын дәлелдеп үлгерді. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Көкшетау қалаларында ұйымдастырылған елішілік додаларда бірнеше рет топ жарған болса, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында, Болгарияда өткен халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері атанған.