Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2022

Үскірік аяз, ақ түтек боран

532 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Желтоқсан тумай қыс қаһарын көрсетіп үлгерді. Алдымен ақ тү­тек боран соқты, артынша аяз қысты. Өскеменнің өзінде сынап бағанасы -30-35 градусты көр­сетсе, Алтай ауданында -45 гра­дусқа дейін жетті. Бұл күндері тө­тен­ше жағдайлар мен жол поли­ция қы­зметкерлерінде тыным болмады.

Үскірік аяз, ақ түтек боран

Күн райы биыл күрт бұ­зылды. Әйтпесе, қарашада қар бұрқа­сындатқанымен, мұншалықты аяз қыспайтын. Жолдар жабылды, дизельді көліктердің жүруіне шектеу қойылды, сабақтар қа­шықтан оқуға көшірілді. Әрине, уақытша бәрі. Қауіптің алдын алу шаралары жан-жақты жүргізілгенімен, бірқатар оқыс оқиға да орын алды. Бұл туралы ТЖД ма­мандары өт­кізген баспасөз мәсли­хатында айтылды. 

апапап

Қарашаның соңғы күндері сары аяз сақылдап тұрған. Мұндай күндері көлікпен жолға шығудың өзі қауіпті. Айтамыз ғой. Сол қа­уіпке қарамастан қар құрсауына қамалып, жолда қалғандар аз емес. Зайсан ауданының Сары­терек ауылындағы Жирентай учаскесінде УАЗ көлігі қарға батып, жүрмей қалған. Ол аздай, жанар-жағармайы таусылған. Басқа амалдары қалмаған қос жо­­лаушы құтқарушылардың кө­мегіне жүгінген. Қыстың көзі қы­рауда айдалада қалып қою оңай емес. Хабар түсе сала №25 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жол талғамайтын «КУНГ» техникасына мініп, айтылған аумаққа қарай аттанған. Қақаған аязды күні қар алған жолды тілгілеп отырып, көп ұзамай Жирентай учаскесіне ілінген. Жете сала жолда қалған екі азаматты жылы көлікке орналастырып, жақын маңдағы елді мекенге жеткізген.

Бұл оқиға қарашаның 28-і күні болса, оның алдында тағы да осы Зайсан ауданында бір топ жүргізушілер құтқарылды. ТЖД мәліметінше, Омбы – Май­қапшағай тас жолында он шақты жүк фургондары қар құрсауына қамалған. Көмекке жеткен құт­қарушылар 16 жүргізушіні жылы көлікке жайғастырған. Оның ішіндегі бір азаматқа ме­ди­­­циналық кө­мек қажет болып, жақын жердегі емханаға жөнелткен. Дәрігерлердің ай­туынша, қолын жеңіл дәрежеде үсік шалған екен. Ал өзге жүргі­зушілерді құтқарушылар Қаратал ауылына апарып, жайлы орынға жайғастырыпты.

Айта кетсек, аяздатқан үш-төрт күн ішінде үсікке шалдыққан өскемендіктер де болған. Алыс ешқайда шықпай-ақ, қала ішінде жүріп, қол-аяқтарын үсіткен жеті тұрғын дәрігердің көмегіне жүгінген. Иә, аязды күні аса абай бол­­ған жөн. Қалта телефонға ке­ліп түс­кен смс хабарламаларға құ­лақ асып, жол жабық болған жағдайда елді мекен сыртына шықпауға тырысу керек. Өкі­ніштісі, ескертулерді кейбіреу елей бермейді. Елей бермеген соң, төтенше жағдайға тап болып жатады. Жалпы, ТЖД тарапынан алдын ала ескерту ша­ралары жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Мысалы, Өскемен – Таулы Үлбі, Алтай бағыттарындағы күре жолда қар көшкінін түсіру үшін уақытша жолды жапты. Бұл учаскелердегі 26 нүктеде қар көшкіні жиналыпты. Мамандар қауіптің алдын алу үшін сол учаскелерде жасанды жолмен көшкінді түсірді. Бес жерде жарылыс жасап, 4 100 текше метр қар түсірген. Алайда профилактикалық бұл шара сәуірге дейін жалғасады. Халық мей­лінше таулы жерге бармауға тырысуы керек.

Сондай-ақ күннің күрт суып кетуіне байланысты өрт те жиі­леді. Өткен жексенбі күні ғана облыста алты бірдей өрт оқи­ғасы тіркелген. Оның көбі пеш жағу­дағы қарапайым ережелердің сақ­талмауы салдарынан орын алған. 

– Аяз күшейсе, өрт оқиғалары кө­бейеді. Тілсіз жау әсіресе жер үйлерден шығады. Оның бірден бір себебі – пеш­тегі ақаулар. Тұрғындардың кей­біреуі «пешіміз тағы бір жыл шыдайды» деп отырады да, оқыс оқиғаға тап болады. Ол деген үлкен шығын. Тіпті қайғылы жағдайлар да орын алып жатады. Сонымен қатар үйдің шатырында да өрт қауіпсіздігінің шарттары сақталмайды. Мәселен, шатырды ағаш үгінділерімен жылылайды немесе сабан төсеп жібереді. Сөйтіп, мұржаның ыс­тығымен тұтанып, алапат өртке айналады. Сондықтан да, пеш жүйесіне асқан жауапкершілікпен қараңыздар, құрметті тұрғындар! – дейді, мысал келтіре отырып өтініш айтқан облыстық ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.

Айтқандай, пеш жағудағы қауіп­сіздік ережелерін де түсіндіріп өтті. Біл­мегендер біліп жүрсін десе керек. Айтуынша, пешті бір қыздырып ал­ғанша, аз-аздан жағу керек екен. Пеш­тің алдындағы еден үстіне қаңылтыр шегеленуге тиіс. Отты керосинмен немесе басқа жанғыш сұйықтықтармен жағуға болмайды. Ұйықтар алдында да отты лапылдатып қоюға тағы болмайды. Күлді, қожды қора-қопсыдан алыстау жерге апарып төккен жөн. Аталған ережелерді сақтамаса керек, Жел­тоқ­санның 2-сі күні Өскемендегі жер үй­лердің бірінен өрт шығып, 45 жастағы ер адам қайтыс болған. Осы тұста айта кетерлігі, аязды күні автокөліктердің де өртеніп кетуі жиілейді. Жыл басынан бері пештің ақауынан 124 өрт шыққан, 87 автокөлік өртенген. Брифингте хабар­лағандай, ТЖД мамандары тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу бо­йынша профилактикалық жұмыс жүргі­зуінің нәтижесінде адам өлімі 44%-ға азайған.               

– ТЖД мамандары жер­гілікті ат­қарушы органдармен бір­лесіп, облыс­тағы пеш жа­ға­тын үйлерді түгелдей аралап шықты. Нәтижесінде, 2 357 бұзу­­шылық анықталды, оның

1 613-і пешпен жылытуға, 573-і электр желілері мен электр жаб­­­­дықтарын пайдалануға бай­ланысты. 171-і газ баллондарын сақ­таудағы ережелерді елемеу секілді бұзушылықтар, – деді ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Анас­тасия Скляр. 

Жалпы, тұрғындар жоғарыда ай­тылған ережелерді есте ұстап, заңға бағынса, ешқандай оқыс оқи­ғалар орын алмасы анық. Алай­да қандай да төтенше жағ­дайға тап болсаңыз, 112 нөмі­ріне хабарласуға болады. Сондай-ақ қалта теле­фондағы «Darmen» қосымшасы ар­қылы жолдың ашық­тығын, күн райындағы болжамдарды біліп отыруға болады.

 

Шығыс Қазақстан облысы