Аймақтар • 09 Желтоқсан, 2022

Дамудың қай жолы тиімді?

270 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халықаралық қаржы институттары жаһандық рецессияның Қазақстанға әсерін жоққа шығармайды. Бүгінде әлемдегі макроэкономикалық жағдайды болжау қиын, дегенмен де бірқатар сарапшы инфляцияны тежеу, сыртқы тәуекел­дерді болдырмауда экономиканы әртараптандырудың тиімділігіне басымдық беріп отыр.

Дамудың қай жолы тиімді?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Еліміздің жетекші эконо­мистері «Әлемдік геосаяси дағдарыс жағ­дайында Қазақ­станның экономикалық қайта құрылуына» арналған конфе­ренция барысында сын-тегеу­ріндер мен тәуекелдерге имму­нитетті қалып­тастырудың ғы­лы­ми тұжырымдарымен бө­лісті. Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Экономика институтының негізі 1952 жылы академик Қ.Сәтбаев бас­шылығымен қаланып, биыл 70 жылдығын атап өтуде. Эко­номист мамандардың зерттеу­лері осы жылдарда ел дамуына бағытталған көптеген тиім­ді жобалардың бастауына ай­налғаны белгілі. Институт директоры, академик Әзімхан Сатыбалдин атап өткендей, аймақтарды, кіші қалалардың даму бағдарламасы, ғылымға тәуелді экономика, демография, мұнай-газ саласына қатысты мамандар жүргізген зерттеулер мен ұсыныстар, соңғы бес-алты жыл көлемінде жүзеге асқан гранттық жобалардың дені ел дамуына бағытталды. Тамақ және жеңіл өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты қолданбалы ғылым бағытындағы зерттеулерін жал­­ғас­тыра отырып, жетекші инс­титуттың мамандары ауыл-ай­мақтарды көтеру, жастарды жұмыспен қамту, мәдениет ошақ­тарын қайта жандандыру мәсе­лесін үнемі көтеріп келеді.

«Президент атап өткендей, халық тұтынатын тауарларды өзіміз өндіргенде ғана дәулетті елге айналамыз. Бүгінде елі­міз­де 180 млн гектар жайылым, 30 млн гектар егістік же­рі­міз бар. Ұлан-ғайыр даланы халықтың игілігіне пайда­ланып, солтүстік өңірлерде қоныстандыру саясатын жүзеге асыру уақыт күттірмейді. Ауыл шаруашылығына үлкен серпіліс әкелетін жүйелі жұмыстар ая­сында осы аймақтарға қоныс­танған шаруаларға 2-3 гектардан жер үлестіріп беріп, игеруіне қолдау көрсету тиімді», дейді Ә.Сатыбалдин.

Соңғы жеті жылда инсти­тут мамандары төрт орден, алты медаль иеленіп, жас маман­дарға 9 пәтер берілген, ал экономика саласындағы Мем­лекеттік сыйлықтың екі лауреаты да осы институттың беделді ға­лымдары. Осы орайда Ә.Са­тыбалдин ел дамуының бола­шағын білікті жас кадрлармен байланыстырып, әлеуметтік жағдайына көңіл бөлудің маңыз­дылығына тоқталды.

«Бастауында С.Бәйішев, Ғ.Шоланов, С.Толыбеков, Т.Әшім­баев, А.Қошанов, О.Бай­мұ­ратов, Петухов сынды ғалым­дар тұрған Экономика институты екі формацияға еңбек еткені белгілі. Егемендік жылдары және нарыққа өту кезеңіндегі экономиканың теориялық, әдіс­намалық, практикалық негіз­дерін осы институт мамандары жасады. Ғалымдардың ел дамуына бағытталған ұсыныс, тұжырымдамалары басшылық органдарға үнемі жолданып отырды. Десек те, осы кезге дейін өз тауар өндірушілерімізге көңіл бөлмей, нәтижесінде шикізат еліне айналдық», деп қынжылды академик Оразәлі Сәбден.

Ғалымның айтуынша, өзіміз өндірмей, өспейміз. Қазіргі дағдарыс жағдайында экономиканы әртараптандыруға, өнді­рушілерімізді қолдауға мән беру қажет. Шағын кәсіп – елге нәсіп. Ауыл шаруашылығына үлкен бетбұрыс жасай отырып, кооперацияларды дамыту, жерді бірлесіп игеру қордаланған бірқатар мәселенің түйінін тар­қатары анық.

«Бүгінде тұтынып отырған тауардың 50-70 пайызын шетелден жеткіземіз. Сауда-сат­тықтың 50 пайызы Ресеймен байланысты. Сондықтан Прези­дент жеті жылдық мерзімде экономиканың үдемелі тұжы­рым­дамасын ұсынуы қажет, дейді экономист-ғалым. Еліміз үшін Иран сияқты өзі өндіріп, тұтынатын елдер тәжірибесі тиімді. Бүгінде дамыған мемлекеттер нано-био, ақпараттық, ғарыштық технологиялар, ген­дік инженерияны игеріп, қар­жысын соған бағыттап, жасанды интеллект, цифрлық экономиканы дамытуға күш салып жатыр. Қазақстан да осы ғылыми-техникалық революция көшінен қалмай, өндірісін дамытуы қажет. Әйтпесе шикізат елі болып қала беретіні анық. Санаға серпіліс жасай отырып, жастарға сапалы кәсіби бі­лім беру уақыт күттірмейді. Кәсі­би мамандықпен қатар адам­гершілік қағидаттарына баулу, тарихын оқыту – жаһандану ке­зеңінде қаперде ұстайтын басты мәселе», деді О.Сәбден.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, Экономикалық инновация институтының сарапшысы Мағбат Спановтың айтуынша, Үкіметтің алдында аса күрделі міндеттер тұр.

«Келесі жылдан бас­тап экономиканы дамытуға байланысты бұған дейін беймәлім болып келген шаралар мен шешімдерді қабылдауға тура келеді. Өйткені әлемдік дағдарысқа байланысты Қа­зақстан екі, мүмкін одан да ұзақ мерзімге созылуы мүмкін экономикалық қиындықтар ке­­зеңіне тап келеді. Бүгінде әлем­де жаңа экономикалық тәртіп, логистика, байланыстар қалыптасуда. Мұндай жағдайда Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасқан Қазақстанды әр мемлекет өз мүддесіне бұрғысы келеді. Ал бізге бәрінен бұрын ұлттық мүдде қымбат. Үлкен жол айрығында тұрған ел үшін шыдамдылық пен нақты шешімдер қажет. Келер жылдың қаңтар айынан әлеуметтік маңы­зы бар тауарлардың бағасы өседі. Сондықтан ел Үкіметі тиім­ді жұмыс істеуге міндетті», де­ді М.Спанов.

Осы орайда мемлекеттің алтын қорын сауатты қолдану тәжірибесімен қатар қаржысын экономиканың дамуына жұмсап отырған меншік иелеріне қол­дау көрсету, басқару органда­рының жұртшылықпен қоян-қолтық жұмысын жандандару мәселесіне тоқталған М.Спанов бюджеті қомақты ЛРТ сияқты жобалардан бас тарту қажеттігін айтады. Экономист ғалымның айтуынша, донор аймақтарды, шағын қалалар мен ауылдарды көтеру уақыт күттірмейді.

«Шығыс Азия елдеріндегідей тиімділігін көрсеткен кооперацияларды дамытып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды салықтан босату қажет. Бүгінде кедейшілік жағынан ауыл-аймақтар көрсеткіші жоғары. Ресми деректер бойынша елі­мізде кедейшілік 5 пайызды құраса, Дүниежүзілік банк деректері бойынша – 13, ал іс жүзінде бұл көрсеткіш 30-50 пайыз шамасында. Сондықтан Президент атап өткендей, ауылға үлкен бетбұрыс жасау қажет. Бүгінде ауыл шаруашылығында көптеген аймақта фермерлік шаруашылықтар тиімсіз болып қалды. Орталық, шығыс, солтүстік аймақта мыңда­ған гектарды игеруге күш жетіспейді. Жері шағын бол­ған соң бұл кәсіп оңтүстік аймақтарда шама-шарқына қарай іске асуда. Ендігі кезекте қазақстандықтардың өз жерлеріне бақылауын күшейте отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге, игеруге күш бағыттау маңызды. Мұның тиімділігі азық-түлік саясатына жаңа өзгерістер әкелетіні анық. Сонымен бірге басқару жүйесін жоғары деңгейде ұйымдастыру, Парламенттің, министрлер мен әкімдердің, тіптен Президенттің елімізде жүзеге асып жатқан реформаларға қатысты жауап­кер­шілігін күшейтуді қажет етеді.

 

АЛМАТЫ