Экономика • 09 Желтоқсан, 2022

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы жаңғырып келеді

691 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының ел экономикасына қосып келе жатқан үлесін біреу білсе, біреу біле бермес. Бұдан жиырма жыл бұрын құрылып, қазіргі таңда 2 140 га аумақты алып жатқан алып алаңда тоғыз жеке субаймақ орналасқан.

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы жаңғырып келеді

Жиырма жыл бойы өз тірлігін жүр­гізіп, өнімді сақтау және же­ңіл өнеркәсіптік өнімдер шы­ға­ру­мен айналысқан аймақ­тың жұмысын жандандыру ел Пре­зиденті Қ.Тоқаевтың «Әділет­ті мемлекет. Біртұтас ұлт. Бере­келі қоғам» атты Қазақстан хал­қы­на Жолдауында айтылған эко­номиканың нақты секторын дамыту, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшу туралы бір­қатар нақты тапсырмасы аясында жүргізіліп келеді.

Ақтаудағы экономикалық ай­мақ­та тіркелген 47 компания тұр­ғындарды 1 700-ден астам жаңа жұмыс орнымен қам­та­масыз етіп отыр. Аймаққа жалпы көлемі 266,1 млрд теңгені құрайтын ин­вестиция, яғни 168,7 млрд тең­геге шетелдік инвестиция салынса, 406,7 млрд теңгеге өнім өндіріліп, 54,2 млрд теңге салық төленді. Көзге көрінбегенімен, бұл эко­но­мика үшін айтарлықтай қол­дау. «Ақтау теңіз порты» ар­на­йы экономикалық айма­ғы­ның еліміздегі экономи­калық ай­мақтар арасында көшбас­шы­­лар қатарынан табылуына тағы бір себеп – аталған ай­мақ­­ты құруға жұмсалған бюджет қаражатының 1 теңгесіне 34,1 теңге жеке инвестиция тар­тылып, 6,9 теңге салық аударымдары төленгендігінде. Бұл да өзге өңірлермен салыстырғанда теңіз жағалауында орналасқан аймақтың шоқтығын биіктете түседі.

Экспортқа бағытталған эко­но­микалық аймақтардың бірі бол­ғандықтан, экспорттың не­гіз­гі арналары Әзербайжан, Ре­сей, Өзбекстан, Украина, Гер­­ма­ния, Франция елдері. Ал Ақ­тау аймағына маңдай тіре­ген шетелдік инвесторлар ара­сында Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан, Сингапур, Түркия, Германия.

Ақтаудағы экономикалық ай­мақта қызметтің 25 басым түрі аясында өндіріс бар. Аймақта материалдар өндірісі, мұнай-химия, құрылыс өнеркәсібі үшін материалдар, машиналар мен жабдықтар өндіру сынды өңдеу өнеркәсібі, қойма және логистика, туризмді дамыту негізгі бағыттар болып отыр. Сондай-ақ жобаларды іске асыруға жағдай жасалып, қажетті инфрақұрылым жүргізілген, са­лықтық және кедендік префе­рен­циялар ұсынылады, жобаларды сүйемелдеу және олардың мониторингі жүзеге асырылады, инвесторларға жергілікті атқарушы және уәкілетті орган­дар­мен, мамандандырылған ұйым­дармен өзара іс-қимыл жасауда жәрдем көрсетіледі.

«Arcellor Mittal Tubular Products Aktau» АҚ үлкен диаметрлі болат құбырларды шығару зауыты, «Kazakhstan Pipe Threaders» ЖШС «премиум» клас­та газ герметикалық жалғаумен құбырларды кесу зауыты, Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту жөніндегі жобасы – «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС экономикалық аймақта іске асырылған стратегиялық жобалар болса, 2016 жылы пайдалануға берілген «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» ЖШС ірі логистикалық орталығы базасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сақтау үшін тұрақтандыру қоры құрылды.

Экономикалық аймақта туризм саласы белсенді дамып ке­леді. Оның ішінде ірі жоба­лардың бірі – «Sembol Constructon and Engineering» ЖШС 2020 жылы пайдалануға берген Rixos Water World Aktau көп­функ­цио­налды қонақүй кешені. АЭА аумағындағы әрбір жоба өзінің мультипликативтік әсерін көрсетеді, экспортқа және ішкі сұранысты жабуға бағдарланған өнімнің жаңа түрлері шығары­ла­ды, жаңа жұмыс орындары құрылады, салық түсімдері қамтамасыз етіледі. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының өңірде жұмыс істеуі елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділікке негізделген және өңір­ге инвестициялар тарту үшін қо­лайлы алаң.

Аталған алаңда бүгінгі бармен тоқтап қалмай жұмысты жаң­ғыр­ту мен заманауи жетілдіру үнемі назарда, жаңғыру арқылы жетіс­тік­ке жету басты орында тұр.

 

Маңғыстау облысы