Оқиға • 09 Желтоқсан, 2022

Жоғалған 4 жасар бала алты күн жыртқыштардың арасында болған

452 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кенияның Макуэни ауданында тұратын төрт жасар бала Африканың шөл даласында алты күн адасып жүрген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жоғалған 4 жасар бала алты күн жыртқыштардың арасында болған

Бала ағаларымен айдалада мал бағып жүріп адасып кеткен. Оны іздеуге 70 адамнан тұратын іздеу-құтқару тобы кірісті. Сондай-ақ оларға David Sheldrick Trust ұйымы көмектесіп, жоғалған баланы әуеден іздей бастаған. 

Толассыз жауын салдарынан баланың ізін табу мүмкін болмай қалған. 

«Төрт сағаттық іздестіруден кейін біз бос жанармай багынан басқа ештеңе таппадық. Сондай-ақ жыртқыштарды кездестірдік. Мұндай орта кішкентай баланы айтпағанда, онда жалғыз жүрген кез келген адам үшін өте қауіпті. Бала шөлдегенде жаңбыр суын ішіп, жан баққан», деді David Sheldrick Trust ұйымының ұшқышы Роан Карр-Хартли журналистерге берген сұхбатында. 

Іздестіру жұмыстарының алтыншы күні құтқарушылар жоғалған баланың іздерін кезіктірген. Карр-Хартли тез арада ұшаққа мініп, көрсетілген координаттар бойынша ұшып жетеді. Біраз уақыттан кейін ол бұталардың арасында тығылып жатқан баланы байқаған. 

«Мен өз көзіме өзім сене алмадым. Шексіз жабайы табиғат аясында кішкентай баланың аман-есен табылуы таңғаларлық», дейді ұшқыш. 

Бала қорыққаннан қайта адасып кетпес үшін құтқарушылар баланы айнала қоршап, жақындаған. Содан кейін алғашқы медициналық көмек көрсетілген. 

Баланың бүкіл денесін тікенді бұталар жырып кеткен. Өзін әбден маса шаққан. Бала қазіргі сәтте ауруханада жатыр.