Полицейлер анықтағандай, Түркістан көшелерінің бірінде белгісіз көлік жаяу жүргіншілер өткелінде жолды кесіп өтіп бара жатқан екі әйелді қағып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан түрлі дене жарақаттарымен жаяу жүргіншілер ауруханаға жеткізілді.
Аталған факт бірден екі бап бойынша, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы» бойынша, және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 347-бабы «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша тіркелді. Оқиға болған жерді қарау кезінде айна сынықтары және басқа да айғақ заттар алынды.
Қолданылған шаралар нәтижесінде полицейлер олардың ВАЗ-2106 автокөлігіне тиесілі екенін анықтады. Полицейлер 24 сағат ішінде жүргізушіні тұрғылықты жерінде анықтады. Көлік айыппұл тұрағына қойылды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.