Кеше Мәжіліс депутаттары палата Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен жалпы отырыста Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылап, Сенатқа жолдады.
Сыртқы сұраныстың төмендеуіне қарамастан, қазақстандық экспорттан тұрақты табысты қамтамасыз ететін шикізатқа әлемдік бағаның салыстырмалы жоғары деңгейі экономиканың өсіміне ықпал ететін сыртқы фактор болды. 2013 жылы Қазақстанның негізгі экспорттық тауары – мұнайға орташа баға баррелі үшін 108,9 доллар деңгейінде бекіді, бұл бюджетті қалыптастыру кезіндегі болжамды бағадан 2,6 долларға жоғары.
Халықтың орташа жан басына шаққандағы ақшалай табыстары 2013 жылы 3,0 %-ға ұлғайды және 674,9 мың теңгені құрады.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің алдын ала деректері бойынша, 2013 жылы жұмыссыздық деңгейі 5,2 %-ға төмендеді (2012 жылы – 5,3%), жұмыспен қамтылғандар саны 8 526,7 мың адамнан 8 590,7 мың адамға ұлғайды.
Жұмыспен қамтылған халықтың құрамында өзін өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 31,9%-дан 30,9%-ға төмендеді.
Мәжілісте өткен жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.
Заң жобасы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын, сондай-ақ, Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 ақпандағы кеңейтілген отырысында берген инвесторлар үшін негізі инвестициялық келісімдер болатын жаңа ынталандыру пакетін енгізу, инвестициялық келісімдерді мүлтіксіз орындауды және инвестициялық саладағы заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген.
Құжат бойынша Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Татьяна Яковлева баяндама жасады. Оның қорытындысында Мәжілістің барлық комитеті жобаға оң қорытындыларын бергені атап көрсетілді.
Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады.
Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қатынастарды реттейтін заңнаманы жетілдіру заң жобасының негізгі мақсаты болып табылады. Заң жобасында Азаматтық іс жүргізу және Жер кодекстеріне, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының бірқатар заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Заң жобасының кей жақтарын Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев түсіндіріп өтті.
Палата «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Хаттама екі мемлекеттің салық қызметтері арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейтуді ынталандыратынын Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Үсенгелді Медеуов атап өтті. Хаттаманың мақсаты Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы қолданыстағы келісімге және оған 2006 жылғы 19 қыркүйектегі Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу болып табылады.
Мәжіліс «Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын Кеден одағының кеден аумағы арқылы өткізу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын әкелуге, әкетуге рұқсат беру құжаттарын құзыретті органдардың беру тәртібі, сондай-ақ, рұқсат беру құжаттарының нысандары аумағында өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға тіркелген Тарап заңнамасында айқындалатынын өз баяндамасында депутат Қайырбек Сүлейменов айтып өтті.
Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Сот төрелігінің секторын институционалдық нығайту жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Жобаның мақсаты Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесін жетілдіру, көрсетілетін қызметтердің сапасын және Әділет министрлігінің жеделдігін арттыру және судьялардың тиімділігі мен кәсібилігін арттыру болып табылатынын атап өтті өз баяндамасында депутат Еркін Шпанов.
Жалпы отырыста «Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы да мақұлданды. Мәжіліс депутаты Жанат Жарасовтың мәлімдеуінше, бұл түзетулер бұл күмәнді мәмілелер мен төлемдерге бақылау белгілеу үшін қосымша мүмкіндіктер жасайды, қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етеді, сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмыстарға қарсы күрестің тиімділігін арттырады, сондай-ақ, көлеңкелі экономика деңгейін қысқартады.
Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенция 1990 жылғы 8 қарашада Страсбургте жасалған. Қазақстан Республикасы осы конвенцияға 2011 жылғы 2 мамырда қосылды.
Қазақстан Республикасының Конвенцияға қосылуы құқық қорғау органдарына қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды анықтау, алып қою және тәркілеу саласында қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарымен ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы объектілерінің жұмысын бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Мәжіліс депутаты Ізбақ Өмірзақов заң жобасы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жиналыстың қорытындыларын іске асыру мақсатында әзірленгенін және электр энергетикасы объектілерінің жұмысын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдіруге, электр энергетикасы объектілерінің энергетикалық жабдығының техникалық жай-күйін жақсартуға, энергия өндіретін және энергия беретін ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысы, электр және жылу энергиясын тұтынушылардың кең тобының құқықтарын қорғау үшін жауаптылығын арттыруға, энергетика кәсіпорындары көрсететін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге бағытталғанын хабарлады.
Жалпы алғанда, заң жобасы бойынша жұмыс тобының 18 отырысы өткізіліпті. Салыстырма кестеде 110 позиция бар. Ұсыныстардың барлығы қабылданды, қабылданбаған ұсыныстар қалған жоқ.
Анар Төлеуханқызы,
«Егемен Қазақстан».