Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус үшін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылу қорытындысына арналған брифинг өткізді.
Қазақстан жағынан шараға, сондай-ақ, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінің өкілдері қатысты.
Үстіміздегі жылдың 29 мамырында Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі басқосуы өтіп, оның барысында Қазақстан Республикасының, Беларусь Республикасының және Ресей Федерациясының президенттері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойғаны белгілі.
Дипломатиялық корпус өкілдері алдында сөз сөйлеген Е.Ыдырысов ЕАЭО-ның өз жұмысын 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастайтынын хабарлай келіп, Одақтың халықаралық құқықтық субъектіге ие өңірлік экономикалық ұйым ретінде құрылып отырғанын атап көрсетті. Яғни, әуел бастан-ақ ЕАЭО-ның басты негізі экономика екені нақтыланды, деді Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы.
Осы орайда, құрылып отырған біртұтас 170 миллион адамдық нарықтың орасан зор экономикалық әлеуеті атап айтыла келіп, интеграция үдерісінің оған қатысушылар үшін де, сырттағы әріптестері үшін де пайдалы екендігі көлденең тартылды. Атап айтқанда, Қазақстан үшін Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберіндегі интеграциялық үдерістер жалпы тауар айналымын арттыру тұрғысынан келгенде айтарлықтай тиімділік әкелгендігі мәлімделді. Мәселен, сауда-саттық көлемі 2009 жылы 72 млрд. доллар құраса, бұл көрсеткіш 2013 жылы 133 млрд. долларға жеткен. Бұған қоса, ЕАЭО қызметімен байланысты 2030 жылға қарай жаңа Одаққа қатысушы мемлекеттердің ішкі жалпы өнім көлемінің артуы 25 пайызды құрайтын болады.
Жаңа бірлестіктің жаңа мүшелерді қабылдауға дайындығы тұрғысынан оның ашық сипатта екендігі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл қатысушы мемлекеттер үшін басқа елдермен тығыз экономикалық ынтымақтастықты дамытуын жалғастырып, жаңа келісімдер жасасу үшін де тиімді болып табылады. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруге нық қадам басуға ұмтылыс танытатыны қуатталды.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы брифингке қатысушыларды болашақ Одақтың құрылымдары туралы да жан-жақты құлағдар етті. Бұған дейін жұмыс істеген Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік органдарының арқауында Жоғары кеңес (мемлекет басшылары деңгейінде), Үкіметаралық кеңес (үкімет басшылары деңгейінде), Еуразиялық экономикалық комиссия (Кеңес және Алқа), Еуразиялық экономикалық одақ соты сияқты органдар құрылатын болады, деді Е.Ыдырысов.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, сондай-ақ, болашақ Одақтағы шешім қабылдау механизмін де түсіндіріп берді. Барлық шешімдер Жоғары кеңес, Үкіметаралық кеңес, сонымен қатар, Комиссия кеңесі (Кеңес құрамына үкімет басшыларының орынбасарлары кіреді) деңгейлерінде тек қана консенсус негізінде қабылданады. Комиссия алқасының шешімдері Алқа мүшелерінің жалпы санының үштен екісінің басым дауысымен қабылданады. Оның үстіне, Шартта Алқа консенсустық негізде шешім қабылдайтын барлық мәселелердің тізімін Жоғары кеңес айқындайтыны нақтыланған. Жоғары және үкіметаралық кеңестердің өкілеттіктерінде төменгі тұрған органдардың, оның ішінде, Кеңестің және Комиссия алқасының шешімдерінің күшін жою мүмкіндігі қарастырылған, деді Е.Ыдырысов.
Шартта Одақтың тұрақты жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшелерінің басшылығында қатысушы мемлекеттердің теңдей өкілдік ету қағидаты бекітілген. Департаменттер директорлары мен Комиссиядағы олардың орынбасарлары лауазымына, сондай-ақ, Хатшылық басшысы мен оның орынбасарлары және Одақ Соты кеңесшілері қызметіне үміткерлер конкурстық негізде тараптардың теңдей өкілеттілігі қағидаты ескеріле отырып іріктеледі. Барлық қалған қызметкерлер Одақ органдарындағы басқа лауазымдарға ЕАЭО-ға қатысушы елдердің оны қаржыландырудағы үлестік мөлшері есепке алына отырып, мүше мемлекеттер азаматтарының арасынан конкурстық негізде іріктеп алынады, деді Қазақстан Сыртқы істер министрі.
Е.Ыдырысов, сондай-ақ, брифингке қатысушылардың назарын Шарт бойынша мүше елдердің барлығының мемлекеттік тілдерін пайдалану қарастырылып отырғанына аударды. Мәселен, деді ол, тараптардың заңды және жеке тұлғаларына Комиссияға мемлекеттік тілдерде қайырылуға мүмкіндік беретін норма енгізіліп отыр.
Бұған қоса, Шартқа агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп, еңбек миграциясы, валюта саясаты, қаржы нарықтарын реттеу, бәсекелестік саясаты, табиғи монополия, қызмет көрсетулер және инвестициялар саудасы, салықтар және салық салу, сыртқы сауда саясаты, макроэкономикалық саясат, энергетика сияқты бағыттар бойынша бөлімдер енгізілгені атап көрсетілді.
Тараптар аталған бағыттардың көпшілігі бойынша қазірдің өзінде БЭК қалыптастыру шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітіп үлгерді. Бұдан бөлек, төрт еркіндік – тауарлар қозғалысы, қызмет көрсетулер, қаржы және жұмыс күшінің арсеналдары, міндеттері мен мақсаттарына қол жеткізудің тетіктері айтарлықтай жаңарды, деді сөзінің қорытындысында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы.
Мүдделілік танытылған әңгіме барысында шет мемлекеттердің елшілері Қазақстан өкілдерінен басқа мемлекеттердің ЕАЭО-ға кіру перспективалары мен мерзімі, ЕАЭО-ға кірудің оның мүшелерінің экономикалық рейтингіне ықпалы, Одақтың басқарушы органдарының географиялық орналасуы, ұлттық мемлекеттік тілдердің ЕАЭО жұмысында пайдаланылуы және де басқа көптеген осы сияқты сұрақтарға егжей-тегжейлі жауаптар алды.
Сәулебек БІРЖАН.