Руханият • 13 Желтоқсан, 2022

Желтоқсан туралы жинақ

571 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі қаламгер Талғат Айтбай құрастырған «Желтоқсан көтері­лісі» атты жинақтың төртінші томы жарық көрді. «Әде­биет­тің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында оқырманға жол тартқан еңбек автордың бұған дейін құрастырған «Алматы. 1986. Жел­тоқсан» деп аталған топтамалық жинағының негізінде дайындалған.

Желтоқсан туралы жинақ

Айғақ-кітаптың төртінші томында да Желтоқсан көтерілісі әлем назарын аударған тарихи оқиға екендігі айтылады. Көтеріліс қаһармандары сол кездегі рес­публика астанасы Алматыда ғана емес, басқа көптеген облыс, аудан орталығында, тіпті ауылдардың өзінде өшпес із қалдырғаны баяндалады. Есімдері елге әйгілі Х.Оралтай, Ф.Әли, М.Мырзахметұлы, Б.Ілиясов, К.Тәби, К.Байжан, Ж.Әнесұлы, Б.Қанапиянов, М.Қойгелдиев, Ж.Бабалықұлы, У.Қалижан, М.Рысдәулет, С.Жақыпов, Ғ.Қа­быш­ұлы, Ә.Кішкенебаев, М.Қал­дыбай және басқа да зиялы қауым өкілдері мен Желтоқсан ұйымы жетекшілерінің материалдары жинақтың салмағын үстей түскен. Сондай-ақ көтеріліс ақиқатын ашу үшін құрылған комиссияға еніп, азаматтық қасиетін көрсе­те білген заңгерлер мен қоғам қайраткерлерінің мақала, сұхбат­тары да қамтылған.

«Желтоқсан көтерілісі әлі күнге дейін өз бағасын ала алмай келеді. Оған түбегейлі саяси-құқықтық бағасы қай кезде беріледі? Бұл бәріміз үшін белгісіз сауал. Дегенмен әрекетсіз қалмайық деп, өз тарапымыздан үзбей еңбектенудеміз. Осыдан алты жыл бұрын айғақ-кітаптардың алғашқы екі томы жарық көрген. Өткен жылы үшінші томы үш мың таралыммен шықты. Енді Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша «Дәуір» баспасынан төртінші томы жарық көріп отыр. Әлі де төрт томға жүк болатын дүние баспада жатыр. Ақиқат жолы ауыр, шындықтың соқпағы шырғалаң екеніне елімізде ғана емес, кешегі кеңес одағында, тіпті әлемдік ауқымда айрықша бетбұрыс нышаны болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі айқын дәлел», дейді Талғат Айтбай.

Буырқанған жастардың асау толқыны, әміршіл-әкімшіл жүйе кезіндегі басшылықтың адам құ­қын аяққа таптаған өктем істері жинаққа енген мақалаларда жан-жақты сараланады. Кітаптағы тың ақпараттар, Желтоқсан көтері­лісіне қатысушылардың естелік­тері кім-кімді де қызықтыра түсетіні сөзсіз.

 

АЛМАТЫ