Оқиға • 13 Желтоқсан, 2022

Павлодарда екі оқушыны көлік қағып кетті

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодарда жаяу жүргіншілер өткелінде қоқыс төгетін жүк көлігі екі оқушыны қағып кетті. Бір бала алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодарда екі оқушыны көлік қағып кетті

Оқиға орнынан түсірілген видеоны оқиға куәгерлері Instagram желісінде жариялады. Кадрлардан бір баланың «Жаяу жүргіншілер өткелі» белгісінен бірнеше метр жерде қардың үстінде жатқанын көруге болады.

Павлодар облысының полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13 желтоқсанда Павлодар қаласының Солтүстік индустриялық аймағында жол-көлік оқиғасы болды.

«ЗИЛ автокөлігінің 44 жастағы жүргізушісі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде жолды кесіп өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған екі баланы қағып кетті. Қазіргі таңда аталған факті бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр», деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінен.

Екі бала да жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2012 жылы туған ұл баланың оң жақ аяғының сүйегі сынған. Ол травматология бөлімшесіне жатқызылды, жағдайы орташа.

«2010 жылы туылған екінші жарақат алған оқушы жамбас сүйектерінің көптеген сынықтары, ішкі ағзаларының зақымдануы, ішкі қан кету және шап аймағындағы көлемді жаралармен түсті. Алған жатарқаттарына байланысты бала ауруханаға жеткізілгеннен кейін 18 минуттан соң қайтыс болды», деп хабарлады ведомстводан.