Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2022

Алматы Әзілханын еске алды

468 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрын­да Қазақ­станның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ақиқат пен аңыз» атты әдеби-сазды кеш болып өтті. Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен өткен салтанатты кеш жазушы шығармаларын сүйіп өскен жас-кәріні тұтас жинады.

Алматы Әзілханын еске алды

Кешті Қазақстан Респуб­ликасы Президен­тінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құт­тықтау сөзімен ашты. «Көр­кем әдебиетті қадірлейтін хал­қымыздың бірнеше буын өкілі Әзілхан Нұршайықовтың шығармаларымен сусындап өсті. Оның әдеби туынды­лары жас ұрпақты қашанда отан­сүйгіштікке, махаббат пен адалдыққа тәрбиеледі. Әсіресе қалың оқырманның қолынан түспеген, әлі де түспей келе жат­қан «Махаббат, қызық мол жылдар» және «Ақиқат пен аңыз» романдарының орны бөлек. Қанша жыл өтсе де қаламгердің туындылары өзектілігін жоғалтпайды, өйткені оның шығармалары мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналды. Мерейтой құтты болсын!» деген ел Президенті жолдаған құт­тықтау хатында.

 Бұдан әрі қарай жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш бас­таған жазушының ізба­сарлары сөз алып, қаламгердің әлі де толық оқылмай жатқан мол мұрасын насихаттау және Ал­маты қаласында халықтың сүйікті жазушысының ескерт­кішін ашу сынды ұсыныстар ортаға салды. Жазушы Н.Ақыш Нұршайықов прозасындағы шеберлік тылсымын сараптай отырып, «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» роман­дарының оқыр­мандарға неліктен қадірлі бола­тындығының жұмбағын қыс­қаша әдіптеп өтті. Екі шығарма да халықтық сипат-үлгі, дәстүр болмысы кең құбы­лыс­пен ас­тар­ласып, ұлт, ұрпақ болашағының темір­қазығындай жарқырай түсуімен құнды еді.

Әз-ағаңның өмірлік іні-досы болған, 34 жыл екеуара хат жазысып, нәтижесінде, эпис­толярлық жанр үлгісіндегі «Махаббат жыршысы» кітабының авторы атанған қа­ламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Қайсар Әлім өз сөзінде биылғы жаздағы Жарма ауданында ұрпақтары ұйымдастырған тәжірибелік конференцияның танымдық жағынан сыр шертті. Әз-ағаң жерлестері туған ауылы Бірлікте ескерткіш соққалы жатыр, ауданда көше, мектепке есімі берілген. Қалбатаудағы «Махаббат, қызық мол жылдар» аллеясында жас жұбайлар ардагерлердің батасын алады. Сондай-ақ ол Алматыда Ә.Нұршайықов атын­дағы мұражай ашылуын қала әкімдігіне құлағдар етті.

Әдеби-сазды кештің өзіндік құрылымы да көпшіліктің кө­ңілінен шыққандай. Экраннан Ә.Нұршайықовтың әдебиет, шығар­машылық, туған жер, адамгершілік, махаб­бат туралы толғаныстары өз аузымен айтылып, осы тақы­рыптарға орайлас­тырылып әндер шырқалды. Нұрғали Нүсіп­жанов, Рама­зан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Гүлнұр Оразымбетова, «Қо­ңыр» тобы, Мәдина Сәдуақасова, «Ағайын­дылар» тобы, Мирас пен Құралай, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі өнер көрсетті. Еске алу кешінде Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының актерлері «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклінен үзінді қойып, көрермендердің бал-балауса кезін еске алғы­зып, ерекше әсерге бөледі.