Саясат • 15 Желтоқсан, 2022

Қаңтар оқиғасы: 1 071 адамға рақымшылық жасалды

411 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Құқық қорғау органдары Қаңтар оқиға­сына қатысты деректерді жұртшы­лық назарына ұсынуды жалғастырып жатыр. Осы уақытқа дейін барлығы 5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген. Тергеу кезеңінде 4,5 мың сараптамалық зерттеулер жүргізілген. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу және ұйымдастыру фактісі бо­йынша 131 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеліп, қылмыстарды жасағаны үшін 931 адам күдікті деп танылған.

Қаңтар оқиғасы: 1 071 адамға рақымшылық жасалды

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов 1 350 адамға қатысты 673 іс сотқа жіберіліп, 1 113 азамат сотталғанын мәлімдеді. 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеу сатысында.

 – Биыл 3 қарашадан бастап қаңтар оқиғасы барысында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты «Рақымшылық туралы» Қазақстан Республикасы заңының ережелері күшіне енгені белгілі. Қазіргі уақытта 1 071 адамға рақымшылық жасалды. Тергеу органдары сотқа дейінгі кезеңде ауырлығы орташа қылмыс жасаған 8 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты. Сот 9 адамға қатысты істерді тоқтатты, үкім шығарылған кезде 77 адамға жаза мерзімі қысқартылды. Сондай-ақ соттар 902 сотталушының жазалау мерзімін қысқартты. Оның 827-сі есеп беретін пробациялар, ал 75-і жазадан босатылды. Өткен ай ішінде рақымшылық актісін қолдана отырып, бас бостандығынан айыру орындарынан 60 адам, ал пробациялық бақылаудан 68 адам босатылды, – деді Е.Килымжанов.

Белгілі болғандай, қару ұрлау және сақтау фактісі бойынша 519 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Осы қылмыстар үшін 183 тұлға күдікті деп танылды, 11 адам қамауда, 154 адам сотталды, оның ішінде 27 бас бостандығынан айырылды.

– Он аңшылық дүкені тоналды, сол жерден 1 672 мылтық ұрланды. Сондай-ақ 1 288 қыз­меттік қару ұрланған. Осы көлемнің үш­тен бірі немесе 958 бірлігі табылды. Ал екі мыңнан астамы (2002), оның ішінде гранаталар, автоматтар, мылтықтар, тапаншалар мен граната атқыштары әлі күнге дейін тонаушылардың қолдарында. Қаруды ерікті түрде тапсыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Азаматтар барлығы 119 бірлік тапсырды. Қылмыстық қудалау органдары қаңтар оқиғаларына қылмыстық топ мүшелерінің қатысуын анықтады. Барлығы ұйымдасқан қылмыстық топтың 24 мүшесі жазаға тартылып жатыр, – деді Бас прокуратура өкілі.

Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстарды Ішкі істер министрлігі де жіті назарда ұстап отыр. Министрлікке қарасты Тергеу департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Дүйсенбаевтың мәліметінше, 1 156 қылмыстық іс өндіріспен аяқталған, оның ішінде 627 айыпталушыға қатысты істер  сотқа жолданған. Бүгінде 579 адам сотталды, оның ішінде 462 адамға қатысты бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалар тағайындалған.