Руханият • 16 Желтоқсан, 2022

Ұлтын жаңғыртқан тұлға

536 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда Ұлттық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Бекзаттық болмыс биігінен көрінсек» тақырыбында конференция өтті.

Ұлтын жаңғыртқан тұлға

 

Өткен жылы қайраткердің туғанына 90 жыл толуына орай ұлт руханиятын түгендеп, мәде­ниетімізді, ана тілімізді жаң­ғырту ісіне үлкен үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібековтей асыл ерін ардақтаған республика жұрт­шылығы көптеген игі шараның куәсі болғаны мәлім. Мә­дениет, білім, ғылым саласы мамандары бұл жолы игі бастамаларды жалғастыру мақсатында бас қосты.

«Қазақ руханиятының шынайы жанашыры һәм жоқшысына айналған Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қызметі туралы талай-талай естеліктер айтылды, теле-радио хабарлар жарық көр­ді. Десек те, ел ағасы, ұлт жанашы­рының азаматтық болмы­сын, тілге, мәдениетімізге жа­саған жан­ашырлығын өскелең ұр­пақтың есінде сақтауда әлі де игі істерді жалғастыра беруге тиіс­піз» деп бастады алқалы жиынды модератор, «Қазақ радиосы» Алматы студиясының басшысы Бақыт Жағыпарұлы.

Жиынға Алматы қаласы әкім­нің орынбасары Арман Қы­рық­баев қатысып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың конфе­ренция қатысушыларына арнаған құт­тықтау хатын оқыды. «Бұл – та­рихи мұрамызды зерделеп, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіруді көздейтін маңызды басқосу. Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық құндылықтарымызды сақтап, төл мәдениетімізді, ана тілімізді дамыту жолында ора­сан зор еңбек сіңірген тұлға. Қазақтың Наурыз мейра­мы­мен қайта қауышуына, әй­гілі тайқазанның Түркістанға қайтарылуына, ел аумағында этнографиялық музейлердің ашы­луына ерекше үлес қосты. Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаңғыртуға, арыс­тарымызды ақтауға, көптеген тарихи ескерткішті қалпына келтіруге тікелей атсалыс­ты. Оның ғибратты ғұмыры, ел мүд­десі жолындағы еңбегі қашанда жас­­тарға үлгі-өнеге болары сөз­сіз» делінген құттықтауда.

11

«Ел үшін аянбай еңбек етіп, ұлтымыздың ұлт болуына, рухын көтеруге, ұйыстыруға үл­кен еңбек сіңірген тұлға. Өзі қал­пына келтірген талай ұлттық жә­дігерлердің куәсі болдық. Тұ­тас бір ұлттың ғасырлар бойғы тарихын, мәдениетін дәріптеп, сақтап қалу жолындағы еңбегі ұшан-теңіз» деп жалғастырды сөзін А.Қырықбаев.

Мемлекет және қоғам қай­раткері, ақын Олжас Сүлей­менов, мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов, баспагер-жазушы Жарылқасын Нұсқабай, «Рес­тавраторлар одағы» қоғам­дық қорының президенті Қанат Тұяқбаев, «Ана тілі» газе­тінің бас редакторы Қали Сәр­сенбай, «Әзірет Сұлтан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Са­дықбеков, тағы басқа қаты­сушылар қайраткердің Ұлы дала ескерткіштерін сақтаудағы орасан зор еңбегіне тоқталды. «Саналы ғұмырын ұлтқа, елге жұмыс істеуге арнаған тұл­ғаның еліміздегі 60-тан ас­там мұражайларды қалпына кел­тіру мен қайта жаңғырту сала­сындағы еңбектерін айт­пағанда, посткеңестік елдерде қай­талан­байтын Ұлттық саз аспаптар мұ­ражайын ұйымдастырып, қа­­лыптасуына бірден-бір үлес қосқан академик Өзбекәлі Жәні­беков болатын» деп атап өтті Қ.Сәрсенбай.

Бүгінде қайраткер есі­мі­­­мен байланысты айтылатын Қожа Ахмет Ясауи, Тә­жік, Ақ Ұйық, Қарахан, Ай­ша-би­бі, Бабажа-Хатун кесе­не­лері, Жаркент мешіті, Оты­рар ес­керткіштерінің, сон­дай-ақ елі­міздегі музей ісін­ің жан­да­нуындағы атқар­ған ісі өз ал­дына бір төбе. А.Бай­­­тұр­сын­ұлы, М.Жұмабай, М.Ду­лат­ұлы, Ж.Аймауытұлы, Ш.Құ­дай­­­­бердіұлы ісін қайта қа­рай­­тын Орталық Комитет ко­мис­сия­сын ұйымдастыруға мұ­­рындық болып, Алаш партия­сы көсемдерінің есімдері мен ең­­бектерін халыққа қайтару жө­нінде атқарған ісі тарихтың ақтаңдақ беттерінің ашылуына зор ықпал еткені белгілі.

222

Жиын барысында өткен ға­сырдың 90-шы жылдарынан бергі аралықта халқымыздың ұмыт бола бастаған өнерін жандандырып, зерлеу ісіне жан бітірген, «Зерлеу» үйінің негізін қалаушы Айжан Абдубаит құнды тарихи мұрамыз Қожа Ахмет Ясауи құлыптасының жапқышы 1946 жылы Түркістан қаласынан Алматы Орталық музейіне жеткізілгендігі туралы ақпаратпен бөлісті. Жапқыш 1978 жылы есептен шығарылып, жойылып кетудің аз алдында тұрғанда бұл іске Өзбекәлі Жә­нібеков араласып, Әзірет Сұл­тан музейіне аманат етілген болатын. Айжан Абдубаит рухани ұстазының жаңғырту ісіндегі жұ­мыстарын жалғастыра отырып, жапқыштың көшірмесін жасап, түпнұсқа бөлшектерін жинап, өрнектерін қалпына келтірген. Жиында құлыптас жапқышының 3D үлгісі көрсеткен зергер алдағы уақытта осы үлгіге қол жеткізудің маңызды екенін алға тартты.

Қайраткердің өмірі мен қыз­метін үлгі ете отырып, өс­келең ұр­паққа қазақ елінің тарихы мен мә­дениетін насихаттау, жастармен диалог құруды мақсат еткен жиында немересі, «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы» қоғамдық қордың президенті Азел Жәнібек қазіргі кезде қай­рат­кердің ұлттық мұрағат қор­ла­рындағы еңбектерін жарыққа шығару бойынша жұмыстардың жүріп жатқанын сөз етті. Бүгінде фото­мұрағат қоры, өмірі мен шы­­­­ғармашылығы туралы де­рек­терді қамтыған сайтта қай­раткер өмірінің сан қыры туралы ақпарат алуға болады.

Жиынға қатысқан қауым елі­міздің мұражайларынан әке­лінген құнды жәдігерлерді, «Зер­­леу» үйі ұсынған ұлттық киім үлгілері мен Ұлттық кітап­хана қо­рындағы кітап көрмесін қы­зыға тамашалады.

 

АЛМАТЫ