Өнер • 16 Желтоқсан, 2022

Қылқалам және Желтоқсан шындығы

608 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Желтоқсан  көтерілісі ұлт жадынан өшпейтін, ұрпақ санасынан сөнбейтін, қаншалықты қасіретті болса, соншалықты қасиетті сәт ретінде тарихта қалды. Бостандық іздеп бұлқынған жұрттың шемен-шерін, көңілде көлкіген мұң наласын арқалаған жастар алаңға тұтас бір халықтың ғасырлап күткен арман-аңсарын алып шықты. Заманында түрлі айдар таңылғанымен, бүгінгі ұрпаққа  оқиғаның боямасыз  картинасын ұсыну тарихшылармен қатар әдебиет пен  мәдениет өкілдерін де толғандыруға тиіс.  Ендеше желтоқсан оқиғасы қазақ бейнелеу өнерінде қалай көрініс тапты деген сауалға өзімізше жауап іздеп көрейік...

Қылқалам және Желтоқсан шындығы

Тәуелсіздік дейтін ұғым жұрт жадында желтоқсан оқиғасымен қатар аталады. Олай болуы заңды да. Қайғы уын ішкізген қиямпұрыс дәуірге қош айтқызып, қапас күннің қара бұлтын ыдыратқан һәм еркін өмірге жол ашқан осы бір тарихи сілкініс еді. Дегенмен  қылқалам шеберлерінің тәуелсіздік тақырыбына арналған туындыларын тізбелесек, жасампаз отан, жаңа жетістіктер деген сыңайдағы жарқын палитраға толы жұмыстарды көп кездестіреміз. Әр жылдары егемендіктің мерейлі белестеріне орай өткізілген суретшілер байқауында топ жарған туындылардың дені де елдіктің еңселі нышандарын, жаңа табыстарды жырлаған туындылар. Ал нақты желтоқсан көтерілісін бедерлеген дүниелер жүз суретшінің бірінде ғана кездеседі. Бірді-екілі шеберлер кенепке қаһарман Қайрат Рысқұлбековтің бейнесін салумен шектелгені болмаса, бұл тақырыпқа тереңдеп бара қоймағанын байқаймыз. Жә, әңгіме ол туралы емес.

Әр талпыныс өз уақытында құнды. Қазақстандық суретшілердің ішінде оқиғаға әділетті баға бере отырып, дер шағында өз көзқарасын танытқан Евгений Сидоркин еді. Ол өзінің «Желтоқсан» деп аталған картинасында отаршыл күштің озбырлығын оңдырмай сынап, әділетсіз жүйенің әрекетін әшкерелейді. Автор біз айтып отырған графикалық еңбегі туралы: «Менің бұл туындыны бей­не­ле­меуіме негіз жоқ, мен осы елдің азаматымын, сол себепті бұл тарихты елемей өтуім әділетсіздік бо­лар еді, мейлі ол Арал мәселесі болсын, мейлі «Не­вада-Семей» қозға­лысы болсын, заман шындығын бейнелеуге тырыстым», деп толғанады.

Туындыда азаттық аңсаған азаматтарды соққыға жыққан өктем күштің өрескел қателігі бірден көзге ұрады. Суретші негізгі фондағы қып-қызыл түс арқылы жазықсыз елдің жан дауысын елемей езгіге салғандардың бассыздығын сынға алады. Өнертанушы Жарылқап Нұрқанат: «Суретші еңбегінің төменгі бөлігіне назар аударар болсақ, азаматтың жан азабына түсіп жатқан сәті жүректі ауыртпай қоймайды. Туынды авторы сол жақ­тан жарық беру арқылы қою қызыл түске ба­сым­дық бере отырып, ондағы кейіпкерлердің бет-әл­петіне, оның ішінде басты кейіпкер жүзіне сары түс түсірген. Автор осы еңбегінде кереғар түсті қол­­дана отырып, ондағы қантөгісті одан әрі ай­қындай түсу үшін суреттің астыңғы бө­лігіне қара түсті көп берген», деп қызыл түсті ойнату арқылы – ашу мен қатыгездіктің, айуандықтың деңгейін айқындағанын алға тартады.

Өнер ұлтқа бөлінбейтінін, оның ұлы мұраты әділет пен тазалыққа, ізгілікке үндейтінін паш еткен туындыгер қилы кезеңнің қыспағынан қаймықпай, аяусыз соққыға жығылған өрімдей жастардың тағдырына алаңдайды. Жабық тақырыпқа жан ауыртуға екінің бірінің дәрмені жете бермейтін кезеңде, азаматтық үнін кенеп бетіне жайып салғандардың бірі суретші Айдархан Сихаев болатын. Оның «Көтеріліс» деп аталған картинасы көпшіліктің көкейіндегі кермек ойдың тамырын тап басты. Бұл картина туралы  Жарылқап Нұрқанат былай дейді: «Туынды негізі контраст түстерден құралған. Ақ және қара түс. Назар аударған жанға, оқиға ортасындағы қараша ха­лық­тың ашық түспен ерекшеленгені бірден көзге тү­седі. Ақ түс – халық даналығы бойынша әділдікке, жақ­сылық ұғымдарына сәйкес келеді. Картинаның жо­ғары бөлігінде періштелер бейнеленген. Бұл кө­терілісте халықтың өз елінде әділдік орнауын, одан басқа өзге арам пиғылдың жоғын дәл осы періш­телер бейнесі дәлелдеп тұрғандай. Сихаев халықтың ақ ниетін бейнелеуге құл­шынған. Желтоқсан оқиғасының негізгі кейіп­кері Горбачевты анық әрі айқын бейне етіп көр­сеткен. Сюжетке үңіліп қарамасақ та оның оқиға ор­нынан қашып бара жатқаны айқын».

Тәуелсіздік дәуірінің басында желтоқсан көтерілісін арқау еткен кең тынысты шығарма Бақытхан Мырзахметовтің қылқаламынан өрілді. Қызыл түс көмкерген ен далада тұлпарға мініп шауып келе жатқан жас жігіттің сұлбасы қасиет пен қасіреттің арпалысын көрсетеді. Қолдан ұшқан домбыра ұлттың мінезі, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі аяққа тапталып бара жатқанын айтып аһ ұрады. Азаттықты аңсау, еркіндікке ұмтылу, аспанға қарап Алладан медет тілеген азаматтың бейнесі арқылы көрініс тауып, ақадал халықтың ақ пейілін, арманын басты кейіпкердің үстіндегі ақ түсті киім арқылы көрсеткісі келеді. Құштарлық, сенім, үміт – екпіні дауылдай арғымақтың тұяғымен бірге шыр айналып, алдан туар арай таңға асығады. Суретші ақ және қызыл түс арқылы әділдік пен озбырлықтың, жақсы мен жаманның, ақ пен қараның қайшылығын бейнелейді. Сидоркин мен Мырзахметов шығармасындағы түстердің ұқсастығы олардың оқиғаға көзқарасы бір арнада тоғысқанын байқатады. Белгілі суретші Серікбай Әлжановтың, жаңа толқынның басы – Алмас Нұрғожаевтың желтоқсан көтерілісіне арнаған жұмыстары да уақыт үнін әділ таразылаған туындылар сапында.

Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жаңа буын осы күннің оп-оңай орнай салмағанын біледі. Тұтас замандастарымыздың атынан бұлай сенімді сөйлеу қаншалықты қисынды екенін білмеймін, бір білетініміз өз ұлтының өткеніне өгей көзбен қарай алмайтын ұрпақты бұл тақырып толғандырмай қоймайды. Қилы кезеңнің қыспағын өз көзімен көрмесе де, жүрегінен өткізе жырлаған жас суретшілердің шығармашылығында тәуелсіздік-желтоқсан тақырыбы жаңа қырынан көрініс тапқан. Заман озған сайын өнер де түрленеді. Өнерге өз өрнегін салуды мұрат тұтқан Шаттық Батанның абстракциялық бағытта кенепке түскен «Күнді күту» картинасы желтоқсан тақырыбына арналыпты. «Біз қалай дегенде де тамырдан ажырамауымыз қажет» деген суретші өзіміздегі құндылықтарды қазып алып шығып, қазіргі көзқарасқа сәйкестендіріп айта білуіміз керек деп есептейді.

«1986 жылдың қарлы боранын көзімізбен көрген жоқпыз. Алайда желтоқсан жаңғырығын ұлтымыздың тағдырына әсер еткен оқиға ретінде қабылдаймыз. Бізге дейінгі бірқатар суретшілер тақырыпты ашып көрсетуге тырысты. Біз өз кезегінде тәуелсіздікке серпін берген сол бір сәттің үнін өзімізше жеткізгіміз келеді. Кенеп алдында ұзақ ойға шоматын кездер болады. Жан-жаққа жалтақтамай құндылықты өз тамырыңнан, өз діңіңнен, тегіңнен іздейтін тұсқа келдік. Халықтың ой танымын, біздің түп санамызды қытықтайтын, жан дүниемізге жақын дүниелерді бүгінгі сұранысқа сай етіп бере алсақ игі», дейді Шаттық Батан.

щ

Автордың «Күнді күту» картинасы жарықты іздеу, сәулеге ұмтылу, өткеннен сабақ алу, Тәуелсіздіктің  қадір-қасиетін жанымызбен ұғыну, желтоқсан құрбандарының, жалпы азаттық жолындағы күрескерлердің ой танымын, еңбегін сана тұрғысынан бағалау деген сауалдарға жауап беретіндей. Адам сұлбасына салынған импровизациялық пихтаграммалардың әр тармағында ұлттың қилы тағдыры, тәуелсіздікке жетелеген шиыр жолдардың тізбегі жатқандай.

Қазақ бейнелеу өнерінің хас шебері Молдахмет Кенбаев  еркіндік рухын асқақтата жырлаған «Асауға құрық салу» деп аталған әйгіле картинасында, тұлпар тектес ұлттың бойындағы алапат өрлікті өшіру мүмкін емес екенін ескертеді.  Араға жылдар салып желтоқсанда бостандық деп бұлқынған қазақ жастарының өрлігін көрген шақта, кенеп бетінде өзі сомдаған ақбозаттың арманы ақиқатқа айналуға аз қалғанын сезіп, хас талант жанарына жас алмады деп айта алмассыз...

Тәуелсіздікке қол жеткен бедерлі жылдар белесінде желтоқсан тақырыбын паш еткен шығармалардың саусақпен санарлық екенін өнер қайраткерлері де мойындайды. Белгілі суретші-ғалым Байтұрсын Өмірбеков газетімізге берген сұхбатында: «Желтоқсан оқиғасына тікелей тақырыптық шығарма жасалмағаны белгілі дәрежедегі саяси ахуалдарға да байланысты. Біздің санамызда атып, асу, соттау, репрессия деген ұғым шегедей қағылып, үрей қорқыныш ретінде атадан балаға мирас болып қалған жоқ па? Екінші себеп, тапсырыстың жоқтығы. Қазіргі нарықтық қатынас суретшіні ондай тақырыпқа барғызбайды. Оған бүгін сатылып кететін сурет керек. Айдарынан жел есіп тұрған суретшілер бар шығар, бірақ олардың азаматтық деңгейі желтоқсанға қалам тартуға жетпейтін болар», деп өз пайымын білдіріп еді.

ш

Былтыр алматылық жас суретші Әсел Сабыржанқызы Желтоқсан оқиғасының батырлары Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбековтың портретін бір мезетте салып көпшіліктің ықыласына бөленді. Қаршадай қыздың «Менің бүгінгі кейіпкерлерім суретін салуға лайық тұлғалар. Олардың ерліктері насихатталуы керек» деп айтқан бір ауыз сөзі көңілге көп ой салады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деген болатын.

Әлем тарихында орын алған кез келген оқиғаның мәні мен маңызын сол тақырыпта салынған  бір ғана өнер туындысы сөйлетуі мүмкін. Желтоқсан жайын арқау еткен шығармалардың өзегінде ұлттың мінезі, тарихы мен тағдыры өріліп жатыр. Сөз басында айтып өткен, Қайрат, Ербол, Ләззат сынды қаһарман ұл-қыздардың кенептегі бейнесі еркіндіктің ескерткішіндей қастерлі. Олай болса, ұлтының тағдыры мен тарихына толғана қарайтын туындыгерлер бұл тақырыпқа тым болмаса бір картинасын арнауды азаматтық ар-ожданым деп қабылдаса, желтоқсанда мұз құрсанған қыз-жігіттердің ерлігіне көрсетілген құрмет болар еді.

Қылқаламдағы Желтоқсан жаңғырығы...

        

АЛМАТЫ