Медицина • 19 Желтоқсан, 2022

Жанға батқан ауру дәрігер тапшылығын көрсетіп тұр

339 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаһандық індеттен ел енді ес жиғандай. Әйтсе де медицина саласын әлі де әбігерге салуда. Мәселен, Жетісу облысында дәрігер тапшылығы қатты біліне бастады. Қазір өңірге 202 маман қажет. Ол мамандардың 157-сін қаладағы емханалар күтіп отырса, қалғанына ауылдағы ағайын кіріптар. Бүгінде облыста жастар арасында әртүрлі ауру дендеп барады. Оның алдын алатын ақжелеңді абзал мамандар аз.

Жанға батқан ауру дәрігер тапшылығын көрсетіп тұр

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

 

Қараңызшы, өңірдегі ауыл тұр­ғын­дарын скринингтен өткізу қорытын­дысында 1 мың­ға жуық науқас анық­талған. Бүгінде медициналық тексеруден 32 мыңға таяу адам өткен екен. Бұл үрдіс әлі де жалғасады. 18-29 жас аралы­ғын­дағы жастар арасында да науқастар саны едәуір. Сол себепті арнайы скринингтерден өткізіліп жатыр. Коронавирус індеті де аяқ­тан тартып тұр.

Денсаулық сақтау министр­лігінің арнайы бұйрығына сәйкес ауыл тұрғындарының скринингі 4 мақсатты топ бойынша жүргі­зіліпті. Алдымен «Жастар» – 18-ден 29 жас аралығында, одан кейін «Еңбек-1» – 30 бен 44 жас аралығы, орта буын «Еңбек-2» – 45 пен 65 жас аралығы және «Зейнеткер» 66 жастан жоғары қарт адамдар тексерістен өтуге құқылы. Бұдан бұрын облыста скринингпен 30-70 жас аралығындағы тұрғындар толық қамтылған екен. Бұл ретте бізді қуантқаны – ауыл тұрғындарына көрсетілетін қызмет түрлерінің кеңейтілгені.

Мәселен, бүгінде глаукома, қант диабеті, жүрек-қан тамыр аурулары, асқазан-ішек жол­дарының және бүйрек жетіспеу­шілігі, өкпе туберкулезі, сүт безінің қатерлі ісігі аурулары ерте сатыда анықталады. Яки алыстағы ауыл тұрғындары емге жүгінуге ерте бастан қамданса болады деген сөз. Алдын алу, ерте диагностика және уақтылы ем­деу кез келген сырқатпен күрес­те өте маңызды. Осы рет­те облыста тұрғындарды про­филактикалық тексерулермен кеңірек қамту мақсатында 8 жылжымалы меди­циналық пункт жұмылдырылған. Осын­дай мүмкіндіктермен барлық аудан­дық аурухана қамтамасыз етілген екен. Қазіргі уақытта аудандарда 3 жылжымалы медициналық пункт  пен 5 автобус бар. Бірақ... Осы «бірақ» дегеннен шығады. Мұндай медициналық тексеру жұмыстары жылына бір-екі рет қана ұйымдастырылады. Төрт түлік­тің соңында жүрген кейбір ауыл аза­мат­тары жылжымалы ме­дицинаның келге­нін де есті­мей қалады. Әрі сырқаты қоз­ған­да жанын қоярға жер таппай қала­­тын жандарға анда-мұнда бір соға­тын көмектің пайдасы шамалы. Оларға еміне шипа беретін маман жақын маңда болғаны тиімді.

«Коронавирус індеті кезінде ауыл тұрғындарының дені үйінде емделді. Баяғы дала медицинасының тәсілін пайдаланып, сырқатты жеңгендер де бар. Ауылдағы жалғыз дәрігер қайсы­мыздың ауруымызбен алысады. Дерт меңдесе аудан орталығына сабыламыз. Онда да емдеп қатырмайды. Дәрі­гер­лердің жетіспейтіні білінеді. Әй­теуір дәріханадан дәрімізді алып қайтамыз. Ковидпен ауырған­дар әлі де оның азабын тар­тып келеді», дейді Ескелді ауданы­­на қарасты Қаратал ауылы­ның тұрғыны Досымбек Қанатбек.

8 маусымнан бері Жетісуда 2 554 адам КВИ-мен науқастанған екен. Күн­нен-күнге дертті жандар артып келеді. Сырқаттанушылық 5 жағдайдан 16 жағдайға дейін өскен. Ауырғандардың ара­сында толық екпе курсын алмағандар (ревак­циналау) 65 пайызды құраса, мүл­дем екпе алмағандар 35 пайызды құ­рап отыр. Одан бөлек, өңірде толық геномдық секвенирлеу нәтижесінде «Цербер» субгенетикалық желісі табылған.

«Жаңа «Цербер» штамының белгілері омикронның бұрынғы кіші түрлерінен айтарлықтай ерекшеленбейді. Ауру көбінесе жіті респираторлық аурудың жеңіл түрінде болады. Қызудың көтері­луі, буын ауруы, аздап мұрыннан су ағу, әлсіз­дік болуы мүмкін, кейбірінде ішек ауру­лары болады. Штамм тез жұғуы­мен ерек­шеленеді, алайда аса қауіпті емес. Нау­қастарды диагностикалау және емдеу басқа COVID-19 штамдарынан ерек­шеленбейді. Инфекциядан қорғау­дың тәсілі – COVID-19-ға қарсы вакци­на­лау мен ревакциналаудың аяқтал­ған курсы», дейді облыстық санитария­лық-эпидемиологиялық департаменті бас­шысының орынбасары Асхат Чарапиев.

Иә, індет үсті-үстінен бастыр­малатуда. Бұл ретте әуелгі ауырт­палық дәрі­герлерге түсетіні дау­сыз. Аудандағы 2-3 маман ауыл­дан ағылып келетін жұрттың қайсысына жетеді? Маман тап­шылығын айтпағанда, облыс бойын­ша медициналық мекемесі жоқ ауылдар әлі де жетерлік. Кей­бір аудандарда медицина меке­месі мүлде болмаған. Енді бірі апатты жағдайда. Еден­дері тесі­ліп, төбесі құлап тұрған­дары да кездеседі.

Мәселен, 40 мың тұрғыны бар Ақсу өңірінде аудандық ауруханадан бас­қа екі аурухана бар. Бірі – Матай­да, екіншісі – Қапал ауылында. Қалған­дары – дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункттер. Сонымен Ақсуда барлығы 41 медицина мекемесі бар. Ауданға енді 12 медициналық пункт керек. Осы жағдай барлық ауданға қатысты. Ескелді аудандық ауруханасының директоры Сәуле Рыспекқызының айтуынша, оларға да 12 медицина пункті керек. Биыл үшеуі салынса, тағы 9 медицина мекемесіне қажеттілік туындауда. Ал жауапты мамандар «әр ауданға жылына осындай блокты-модульді пункттен 2-3-тен салып алсақ, барлық елді мекенді қамтитын едік» дейді.

Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жан­сен­гіровтің айтуынша, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін мамандарды бас­панамен қамту, балаларын балабақшаға орналастыру сияқты әлеуметтік қолдау қарастырылған.

«Қазіргі уақытта Президент тапсырмасымен ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Онда денсаулық сақтау саласын жаңғырту келесі жылдан бастау алады. Жетісу облысы бойынша жоспарға 59 нысан енді. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік пункт және 5 медициналық пункт бар. Сондай-ақ биыл облыстың 6 ауданында 12 блок-модульдік конструкция орнатылуда. Оның 5 нысаны қазіргі уақытта қолдануға берілді. Бұл орталықтар Көксу, Ескелді және Алакөл аудандарында орналасқан. Қалған 7 нысан желтоқсан айының басына дейін пайдалануға беріледі», деді А.Жансенгіров.

Оның айтуынша, медици­на­лық мекемелерде «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Ұсынылған бос жұмыс орындарына апта сайын талдау және жаңарту жүргізіледі. Үміткердің білік­тілік дең­гейіне және кәсіби құзы­реттілігіне қойы­латын талап­тар­ға сәйкес персонал­ды іздеу және ірік­теу жүзеге асырылады. Биыл об­лыстың медициналық ұйым­да­ры­на 82 дәрігер келіп, «Enbek.kz» порталы арқылы қабылданған.

Облыс бойынша емханаға тіркелген азаматтардың саны – 666 489 адам. Осы ретте 6 737 облыс тұрғыны емхана ауыстырған екен. Иә, әрбір адам жақсы маманға қаралғысы келетінін ескерсек, аурухана ауыстырған азаматтарды түсінуге болады. Заң бойынша емхананы тұрғылықты мекенжайын, жұмысын немесе оқу орнын өзгерткенде, басқа жаққа қоныс аударғанда, тіркелу емханасы қайта құрылып немесе қызмет көр­сетуді тоқтатқанда да ауыстыруға болады. Сонымен қатар жылына 1 рет еркін таңдау бойынша тіркелу құқығы бар.

«Емханаға тіркелу үрдісі­нің маңызы зор. Себебі кепілден­діріл­ген тегін меди­ци­налық кө­мек пен міндетті медици­налық сақтандыру шеңберінде қызмет­­терді жоспарлы пайдалану үшін емханаға тіркелу қажет. Осы жы­лдың тіркеу науқанына 17 ем­хана қатысты, оның 1-і жаңа, жеке­мен­шік медициналық ұйымдар», дейді Гүлзира Таипова.

Жалпы, тіркелетін емхана үйге жақын орналасу қажет. Бұл дәрігердің уақ­­тылы үйге келіп жедел көмек көрсе­туіне қолайлы. Екіншіден, бір отбасы­ның бір емханаға тіркелгені жөн. Емха­наға тіркелу, өткен жылдан бастап элек­тронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылатын болды. Тіркеудің авто­мат­тандырылуы емханаға «сырттай» тір­келу фактілерінің алдын алды. Оған тір­кеуге қатысты шағымдардың күрт азаюы дәлел.

Тағы бір айта кететін жайт, жалпы өңір бойынша 129 583 адам сақтандыру мәртебесін алмаған. Алайда сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азамат тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Бірақ жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді маман­дардың қабылдауы, қымбат тұра­тын тексерулерден өту және жоғары техноло­гиялық ем алу үшін МӘМС жүйесін­де сақ­тан­дырылған болуы қажет. Сақтан­дыру мәртебесін Электрондық үкімет пор­та­лында, Қор сайтында және Telegram-дағы Saqtandyry Bot арқылы білуге болады.

Жалпы, 2021-2022 жылдары білік­тілікті арттыру үшін облыс дәрігерлері Түркия, Ресей, Беларусь сияқты шетелдерде білімін жетілдіріп келді. Бұл ретте алдымен акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, невропатолог, психиа­трлар секілді мамандардың маңызы зор. Бүгінде облыста 361 медициналық ұйым көмек көрсетеді.

 

Жетісу облысы