Қоғам • 19 Желтоқсан, 2022

Жасөспірімдер жүктілігі: себеп пен салдардың есебі

531 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыл жабылар шақта жасөс­пірімдер арасындағы жүктілік тақырыбы жырға айналып кете береді. Қоғам белсенділері тарапы­нан моральға толы әңгімелер айтыл­са да, өзекті мәселе­нің өзегі жарылар күн бай­қалар емес. Қайта іші іріңге толған сыздауықтай жаның­ды сыздататын деректер көлбеңдеп алдыңнан шыға береді.

Жасөспірімдер жүктілігі: себеп пен салдардың есебі

Керек деректерге көз жүгіртсек, 2020 жылы жасөспірімдер арасын­дағы жүктілік 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда төмен болған деседі. Сол жылы елімізде 7 мыңға жетеғабыл жас­өспірім жүктілік дерегі бойынша тіркелсе, он мыңнан астам жас жа­сан­ды түсік жасатқан екен. Ал 5 639 азаматша ерте жас­тан ана атаныпты. Статистика төмен­­де­ген­дегі дерек осылай сайрап тұрса, өскен­де жағдай қалай болмақ?!

Жыр алыбының атын алған өңірде жасөпірімдердің жүктілік дерегін жинақтау қай деңгейде жүргізіледі? Бір белгілісі, бір-біріне өкпелеген жұрт аз емес. Таяуда ғана өңірдегі білім басқармасының мамандары денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жалпылама статистика беруге машық екенін айтып, ренішін білдірген болатын. Отбасын құрғандарды есепке алмайды дегенді де тілге тиек еткен. Расында да, өңірде статистика ойдағыдай жүргізілмей ме?

Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, жасөс­пірімдер арасындағы жүктілік 249 адамға жеткен екен. Осылай­ша, дабыл қаққан жауапты басқар­ма өкілдері ерте бастан түсік жасатудың жастар үшін зияны зор екенін де айтады. Әрине, оның жақсы еместігін бәріміз де білеміз.

«Ерте түсік жасату бедеулікке алып келеді. 2021 жылы бірнеше жағдай тіркелген болатын. Жалпы, Жамбыл облысында жасөспірімдер арасында ерте жүктілік дерегі жиі ұшырасатыны бар. Өткен 10 айды қорытындыласақ, 249 жасөспірім ерте жүкті болып, аман-есен босанды», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақерке Тоқбергенова.

Жалпы, жоғарыда келтірген дерек өткен жылмен салыстырғанда 14 адамға азайған деседі. Әйтсе де, 249 жасөспірімнің уақытынан бұрын жүкті болғаны кімді де болсын алаңдатпай қоймайтыны тағы рас. Енді ше, 14 адамға азайды деп мақтана алмайтын шығармыз?! Білім басқармасындағылар жасы жетпей бала көтерген қыздардың екеуі ғана оқушы екенін алға тартып отыр. Соған қарағанда қалған азаматшалар студент болса керек. Олар денсаулық сақ­тау басқармасындағы әріптес­тері­­нің жалпы статистиканы жайып сала бермей, нақты талдау жүр­­гіз­генін жөн санайды. Айту­ларын­­ша, оқуды аяқтап, отбасын құр­ған жасөсп­і­рімдер де емханаға тір­келе бере­тін көрінеді. Айтқан уәж­дері жөн секілді ме, қалай өзі? Әйт­кен­мен, зерделеу барысында жасөс­пірім­дердің дені мектепте оқып жүрген кезде от басқан болса ше?

«Ол кісілер бізге тек тіркелген деректі ғана ұсынатыны бар. Қысқа­сы, талдау дегеніңіз дұрыс жүргі­зілетін болса, әлгі жасөспірімдер кәме­лет жасына толмай отбасын құрып жатса, біз неге оны жағым­сыз немесе жеңіл жүріс арқы­лы ерте жүктілік пайда болды деп есептеуіміз керек?», дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева мәселенің мәнісіне үңіліп.

Білім саласы мамандарының айтуынша, 249 жасөспірімнің 148-і кәмелет жасына толған. Ал 109 азаматша тұрмыс құрып кеткен екен. Олар сол себепті жалпы статистика ұсына бергенді доғару керек деп отыр. Өйткені мұндай жағдай білім ошақтарының, анығырақ айтсақ, мектептердің абыройын айрандай төгеді деп пайымдайды. Бұл мәселеге қатысты ақ желеңді абзал жандар не дейді?

«Жасөспірімдер дегеніміз кәмелет жасқа толмағандар ғой. Олардың тек жалпы санын ғана айта аламын», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Ақерке Тоқбергенова. 

Екі басқарма арасындағы дау қалай шешілетінін кім білсін?! Бір анығы, облыстық білім басқар­масының қызметкерлері әріптес­теріне біраз уақыттан бері хат жазып жүр екен. Алайда деректерді тал­дауға қатысты жұмыстар әлі күн­ге дұрыс жүргізілмей жатқаны олар­­дың жанын аяздай қариды. Ра­сын­да да, жасөспірімдерге қатыс­ты мұн­дай дерек жан-жақты тал­данға­ны дұрыс секілді. Бәлкім ал­дағы уақытта жауапты қызмет­кер­лер осы мәселені назарға алатын болар...

Жамбыл облысында мектептер мен колледждерде білім алатын 15-17 жас аралығындағы оқу­шы­лар мен студенттердің саны 60 мың­ға жетеғабыл. Олардың жар­ты­сына жуығы жасөспірім қыз­дар болуы керек. Ел ертеңі жас­тар екенін ескерсек, сол 60 мың жасөс­пірімнің немен айналысып жүр­генін мықтап зерделеген жөн. Неге десеңіз, кәмелет жасы­на жет­пеген студенттер түн ауған­ша дәмха­налар мен мейрамханалар­да даяшы боп еңбек етеді. Кәсібін дөңгелетіп отырғандар үшін аз ақшаға барын салып еңбек ететін жасөспірімдерді жұмысқа алған тиімді шығар. Ал заң не дейді? Заңға салсақ, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер түнгі 23:00-ден кейін көшеде жүре алмайды. Бірақ заңға құлақ асып жатқан кім бар дейсіз...

 

Жамбыл облысы