– «Газ келді, тіршілікке жан кірді» деп қуанған халықтың жұмысы жеңілдеп, тұрмысы түзелгені рас. Бүгінде облыс тұрғындары берекелі бастаманың игілігін көріп келеді. Алайда тұрғындар тарапынан түсінбеушіліктер де болады. Мәселен, үйдегі газ жабдығынан ақау шықса, үй иесі «104» қызметіне қоңырау шалады. Мұндай жағдайда біз құбырдағы газ өткізіп тұрған кранды жауып тастаймыз. Бұдан әрі үй иесімен келісімшартқа отырған жекеменшік қызмет көрсету компаниясы орын алған ақауды жөндеуі керек. Бірақ халықтың дені оны түсіне бермейді, жауапкершілікті біздің мекемеден талап етеді. Негізінде, лицензиясы бар жекеменшік компания қызметкерлері жоспарлы тексерулер жүргізіп, қажет болған жағдайда жабдықты жөндеп, ауыстыруы керек. Осы тәртіпке халықты үйрету үшін уақыт қажет, – деген апаттық диспетчерлік қызметінің бастығы Әділхан Ербатыр мұндай жағдайдың жеке секторда жиі кездесетінін алға тартты.
Әділхан Дарханұлының айтуынша, жергілікті филиал «Газдандырудың техникалық шарттары», деп аталатын құжат береді. Ал көгілдір отынға қатысты техникалық қызмет көрсетуді сертификатталған жекеменшік компаниялар атқарады. Олар жауапкершілігіне алған шағын аудандар мен ауылдық округтер тұрғындарына қызмет көрсетеді.
– Техникалық қызмет көрсету ашық нарықта десем де болады. Бірақ «104» нөміріне түскен хабарламаны «ҚазТрансГазАймақ» АҚ қабылдап, бірден шақырған жерге апаттық бригадамен жедел барады. Негізінде, қауіпсіздік мәселесі газ тұтынушыға жүктелген, – деген басшының сөзінен көп жайға көз жеткізгендей болдық.
Расымен, техникалық қызмет көрсететін жекеменшік компанияларға бақылаудың жоқтығы байқалады. Мұндай олқылық осы қызметке қатысы бар барлық ұйымдардың қызметін үйлестірумен, газ жеткізушіге, қызмет көрсетуші компанияларға, соның ішінде, РЦКУ-ға қатысты шағымдарды қарайтын газ-техникалық инспекцияның жоқтығынан болса керек.
Десек те, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалының қызметкерлері тұрғындардың өтінішін аяқсыз қалдырмайды. Бір мысалын айтсақ, Атырау қаласының іргесіндегі Көкарна елді мекенінің тұрғындары үйлеріне жылу дұрыс келмей тұрғанын айтып шағымданған.
– Көкарнадағы Қ.Ғабдуллин көшесіндегі тек бес үйдің тұрғыны «2-3 жыл болды, жылыту маусымында үйіміз біресе суық, біресе жылы» деп өтініш айтты. Аталған жеке секторлар біздің балансымызда болмаса да, барып тексеруді жөн көрдік, – деп түсіндірді Әділхан Дарханұлы.
Мамандар 3 күн бойы зерттеп, құбыр бойындағы қысымның тұрақты емес екенін анықтаған. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде себебі де табылды. «Кім екені белгісіз, құбырлардың қосылу нүктесін пластикалық пакетпен бітеп тастаған екен», дейді газ тарату мекемесінің мамандары. Соның кесірінен жоғарыда айтқан 5 үй тұрақсыз газ қысымынан жылуды жеткілікті мөлшерде алмаған. Жыл сайын қайталанатын күрмеулі мәселенің шешілгеніне қуанған тұрғындар әлеуметтік желі арқылы газ қызметкерлеріне ризашылығын білдіріпті.
Осы тұста мына жағдайды да айта кетелік. Жуырда белгілі журналист Виктор Сутягин өзінің парақшасында қиын жағдайға тап болған жас ананың өмірі туралы жазды. Оның айтуынша, Дана Хе есімді тұрғынның анасы қайтыс болып, өзі сәбиімен қиын күндерді бастан өткізеді. Жас ананың пәтері жылдап жөндеу көрмеген, тіпті табиғи газдың игілігін де пайдаланып көрмеген.
«Қайырымдылық жасасаң – игілігін өзің көресің» дегендей, тұрғындар жарыса қолұшын созды.
«Бүгін бұл пәтерге алғаш рет газ берілді. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы директорының міндетін атқарушы Самат Ешманов бұл мәселені жеке бақылауына алып, көгілдір отынның берілуін бастан-аяқ қадағалап отырды», деп жазылған В.Сутягиннің парақшасында. Ал видеода Дана Хенің өзі пәтерінде газ құрылғысын пайдаланып тұрып, барлық қолдаушы қайырымды жандарға ризашылығын жеткізді.
Міне, газ тарату қызметкерлерінің жұмыс барысында мұндай мысалдар жиі кездеседі. Бұл тек біздің заманауи ақпарат тарату құралдарынан білгеніміз...
Өндірістік техникалық бөлім бастығының орынбасары Саламат Ихсановтың айтуынша, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы өңірдегі 5 600 шақырымдай магистралдық газ құбырына қызмет көрсетеді.
– Газ тасымалдау жүйесі нысандарының цифрлық картасы жасалған. Картадан барлық ақпарат көрініп тұрады (құбыр, абоненттер). Бұл деректерді талдау арқылы техникалық қызмет көрсету мен жөндеу шығындарын бақылауға мүмкіндік бар. Айта кетейін, осы 5 600 шақырым құбырдың 3 мың шақырымы біздің мекемеге әлі күнге дейін тапсырылмаған. «Ауада» тұрған құбырлар бірі заңды тұлғаларға тиесілі болса, енді бірі бау-бақша қоғамдастығының иелігінде тұр, – деген өндірістік техникалық бөлім бастығының орынбасары иесіз құбырлардың да апатсыз және үздіксіз газбен жабдықталуы қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Өңірдегі «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы газды таратып тасымалдау, тұрғындарды, коммуналдық-тұрмыстық, өнеркәсіптік кәсіпорындарды апатсыз және үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз ету және инфрақұрылымдарды басқару жөніндегі қызметтерді жүзеге асырады. Газ тарату мамандарының айтуынша, компанияның әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары.
– Филиал басшылығы әлеуметтік-еңбек қатынастарына, кадрлардың біліктілігін арттыру, еңбекті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударады. Компанияның кәсіподағы тарапынан демалыс орнына жеңілдікпен жолдама қарастырылған, сондай-ақ «Мектепке жол» акциясының белсенді қолдаушысы десем де болады, – деді өндірістік техникалық бөлім бастығының орынбасары Саламат Ихсанов.
ТҮЙІН. Газ тарату мекемесінің мамандары әңгімені тобықтай түйінмен аяқтады. Ол «Сақтансаң – сақтаймын» деген тәмсіл бар ғой, тұрғындар көгілдір отынның қауіптілігін естен шығармаса екен», деген бірауыз сөз еді...
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА