Оқиға • 21 Желтоқсан, 2022

Ерекше жандарға ерекше көзқарас керек

780 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстан саңыраулар қоғамының құрылғанына 85 жыл толды. Бүгінде елімізде ұйымның әр облыста 19 филиалы бар, онда барлығы 16 мың мүше тіркелген. Кеңес заманынан бері мүгедектерді есепке алып, оқытып, кәсіпке баулып, еңбекке тарту мақсатында нәтижелі жұмыс атқарып келе жатқан ұйым қазіргі кезде де қоғамға көп пайдасын тигізіп отыр.

Ерекше жандарға ерекше көзқарас керек

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мүгедек жандар өзін кемтар деп сезінбеуі үшін қоғамның толыққан­ды мүшесіндей бір-бірімен сөйлесетін, араласатын, жұмыс істейтін ортасы болуы шарт. Қазақстанда осы бағытта бір­шама жұмыстар да атқарылды. Мен өзім он жылдан аса уақыт Алматы қала­сын­дағы №1 саңыраулар қоғамында жұ­мыс істеймін, басшылық етемін. Бірақ мұндай жандарға басшылық жасай­мын деу артықтау. Себебі адамдардың не айтып жатқанын естімейтін, өз ойын өз тілімен жеткізе алмайтын жандар сіздің көзіңізге қарайды. Олар – жан жылуына мұқтаж жандар. Сондықтан оларға жұмыскер ретінде емес, бір отбасының мүшесі ретінде қарауға тиіспіз.

Жалпы, қаншама жыл осындай ортада қызмет істеп жүріп байқағаным – мүгедек жандар мейірімді, жанашыр әрі елін сүйетін патриот болып келеді. Сонау ел басына күн туған соғыс кезінде де мүгедектер сау адамдардан қалыспай, өздерін аямай, күні-түні жұмыс істеп, жауынгерлерге киім-кешек, аяқкиімдер және басқа да керекті бұйымдарды даяр­лаған. Ел тарихындағы осындай естеліктерді бүгінгі жұмысшыларға айт­қан кезде олардың жанары нұрға толып, ризашылығын білдіреді. Міне, сол замандағы кісілердей бүгінгі таң­да да қоғамға зор пайдасын тигізіп жүр­ген адал жандардың еңбегін жоғары баға­лап, мереке күндері азын-аулақ сыйлық­тарымызды да беріп жатамыз.

Дүние бір орнында тұрмайтыны ақиқат. Кеңес заманында өкімет тарапынан мүгедектерге жатақхана, оқу орындарын салып, үнемі жұмыспен қамтып отырды. «Тозбасты ұста соқпас» дегендей, ол замандағы оқу орындары да, кәсіпорындар да бүгінде тозды. Тоқырау кезеңіндегі дағдарыс, жұмыс орындарының жабылуы мүгедектер емес, дені-басы сау адамдар үшін де қиын күндерді алып келді. Сондай ауыр жылдарда Қазақстандағы саңыраулар қоғамын Исай Тезекбай деген ұлтжанды азамат қолға алды. Ол өзінің жанкешті еңбегінің нәтижесінде республикадағы 19 кәсіпорынды талан-таражға түсір­мей, жекеменшікке өткізбей, қоғамның ортақ мүлкі ретінде сақтап қалды. Ол кісі басқарған жылдары ұйым Дүниежүзілік саңырау­лардың федерациясына мүше­лікке қабылданды.

Тезекбай Ділдәбекұлы мемлекет бас­шыларына, министрлерге, облыс әкімдеріне мүгедектер қоғамының жай-жапсарын, жағдайын түсіндіріп жүріп, көп болмаса да азын-аулақ қаражат тауып, қоғамдық бірлестікті 30 жыл басқарды. Бұл ұйымға одан кейін келген басшылар да бұрынғы дәстүрмен басқарды. Бірақ шындығын айтқанда, еліміздің экономикалық дағдарысы, немесе басқа да жағдайлар қоғамда мүгедектер де бар екенін, оларда да отбасы барын, оларға да киер киім, ішер ас керек екенін ұмытқан сияқты. Үкімет ендігі жерде мүгедектерді жұмыспен қам­тымайды, тапсырыс тапшы. Кәсіп­орындардағы мүгедектер жұмыс іздеп жан-жаққа кетті. Бұрынғы станоктар, машиналар, өндіріс құралдарының тозығы жетіп, істен шықты.

Бүгінгі таңда өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған мүгедектер кәсіпорындары­на айналымға ақша табу, оны заң бо­йынша кепілдендіру жарнасын төлеу, транспорт, қауіп-қатер төлемдерін жасап, тағы басқа тосқауылдардан өтіп, тапсырысты орындап шығу өте қиын шаруа болып тұр. Мүгедектер қоғамы тендер өткізуде үміткер ретінде басқа мекемелермен бірдей талаптар бойынша тартысқа түседі. Мемлекет тарапынан еш жеңілдік те, көмек те жоқ. Солай мекеме жылына бір-екі ғана тендерді қиын­дықпен ұтады. Одан кейін материал, тендерді кепілдендіру жарнасына ақша жоқ, оны әрқайсымыз банктерді табалдырығын тоздырып жүріп, кепілге өз мүлкімізді қойып, жоғары пайызбен несие алып, ақшаны өндіріске құямыз. Тапсырысты өткізіп, түскен ақшаны, қарызды қайта жабуға, мүгедектердің айлығына жұмсаймыз. Бәрі аяқталған соң қайтадан жұмыс таппай қаламыз. Өйткені тағы басқа тендерге қатысуға ұйымның қауқары жетпейді. Осылай саңыраулар қоғамы бір тұйықталған шеңберден шыға алмай, мүмкіндігі шектеулі жандарды толық қуанта алмай жүрген жайы бар. Жанайғайды естір Үкімет бар, жалпы елі сенім артқан Президентіміз бар деп үміттенеміз. Бұл бір адамның, жеке бизнес иесінің тілегі емес, еліміздің үлкен бір бөлігі – қазақстандық мүгедек азаматтар­дың өтініш-талабы деп түсініңіздер.

Қыркүйек айының басында Қазақ­стан саңыраулар қоғамының 85 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Оған Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғыз­станның мүгедектер қоғамының делегациялары қатысты. ҚСҚ төралқасының ұйымдастыруымен «Алатау» концерт залында саңырау мүгедектерге, бұрынғы ардагерлерге, қонақтарға арналған мере­келік іс-шара өтті. Қазіргі ҚСҚ пре­­зи­денті, отаншыл азамат Сайлаугүл Омарханова қаты­су­шыларды мерекемен құттықтап, атқа­рылған және жоспардағы жұмыстар туралы есеп берді. Ардагерлер мен үздік қыз­меткерлерге марапаттар беріліп, алғыс жариялады. Концертте мүгедек саңыраулар ым-ишарамен әндер айтып, сахналық көріністер қойды. Мерекелік кеш банкетпен аяқталды. Шетелден келген әріптестер өз ойын айтып, елдеріндегі қоғамның жағдайымен, тәжірибесімен бөлісті. Бұл халықаралық форумның бір пайдасы – көрші Ресей, Өзбекстандағы мүгедектер қоғамына мемлекет әлі де қол­дау көрсететінін, олардың жағ­дайы­ның жақсы екенін білдік. Олар­да мем­лекеттік органдар жалпыға бір­дей жүргізілетін тендерден бөлек, мүгедектер қоғамына арнайы тапсырыс береді, яғни әр кәсіпорынның көрсететін қызмет түріне қарай жұмыспен қамтиды екен. Үкімет арнайы субсидиялар беріп, жеңілдетілген несие бағдарламасына енгізіп қойған. Яғни «Көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер» дегендей, мүгедектерге жұмыс, тапсырыс болса, олар еңбектің көрігін қыздырады. Ол өз қызметіне өте адал қарайды.

Мен өзім басшылық жасайтын меке­менің тарихы да ертеден басталады. 1937 жылы ҚСҚ қазіргі Алматыдағы №1 оқу-өндірістік кәсіпорны негізінде құрылған. Бүгінде біздің кәсіпорын­да 100-ден аса мүгедек жұмыс істейді. Кәсіп­орын мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұ­мыспен тұ­рақты қамту, олардың жұ­мысы үшін барлық жағдайды жасау, өндіріс көлемін ұлғайту, әртүрлі күрделі, мамандарылған киімдерді пішіп-тігуге үйрету, сапалы өнім шығару. Жалпы біздің кәсіпорында тауардың 2 мыңнан аса түрі өндіріледі. Біздің кәсіпорын әскери құрылымдар, құрылыс және күзет ұйымдары, аурухана және т.б. мекемелер үшін арнайы мамандандырылған киімдер, текстиль өнімдерін шығарады. Кәсіпорында пішу, тігін цехтары, полиграфия жұмыс істейді. Алдағы уақытта кәсіпорынның дайын өнімдерін сататын фирмалық дүкен мен жартылай фабрикат өнімдерін шығаратын цех ашуды да жоспарлап отырмыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еңбекқорлық ұлт сапасының сипатын анықтайтын қасиетке ие болуы тиіс» деп, еңбектің маңызына үлкен мән берсе, сол қасиет мүмкіндігі шек­теулі адамдардың бойында айрық­ша берік, тұрақты дей аламыз. Бұлар – еңбек етуге жанын беретін, өмірге ерекше құштар адамдар. Олар әділетті ту етеді, өзгелерден де әділет күтеді. Еңбек­қор­лық мүмкіндіктері шектеулі аза­мат­тар­дың күнкөріс құндылықтары ғана емес, бұл – олардың өмір салтына айнал­­ған құбылыс.

Жаңа, әділетті Қа­зақ­стан ұстанымына сәйкес мем­ле­кетіміз барлық мәселені жіті қарай бастады. Осы ретте қоғамның бір бөлігі – мүгедектер де дамудан тыс қалмай, мемлекеттің қамқорлығын, жанашырлығын сезінсе, осы саладағы істер де оң нәтиже береді деп ойлаймыз.

 

Светлана ҚҰРМАНБАЕВА,

«Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің №1 Алматы оқу-өндірістік кәсіпорны басшысы