Аталған кеште жеңіл салмақта (61,2 кило) өнер көрсететін Абылайхан Құсайынов шаршы алаңға шығады. Бұл – қазақстандық былғары қолғап шеберінің үш жылдан кейінгі алғашқы жекпе-жегі болмақ. Отандасымыз ең кейінгі рет рингке 2020 жылдың ақпан айында көтерілген болатын. Мексиканың Тихуана қаласында өткен бокс кешінде ол жергілікті спортшы Мауро Лоретоны екінші раундта сұлатып салған еді. 2016 жылдан бері кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген Абылайхан Құсайынов бүгінге дейін 11 жекпе-жек өткізіп, соның сегізінде қарсыласын мерзімінен бұрын ұтты.
Алматыдағы жекпе-жекте А.Құсайынов тәжікстандық Бахтовар Сагизовпен (0-3) жұдырықтасады. Ал бокс кешінің басты айқасында бірінші жартылай орта салмақтағы қандасымыз Батыр Жүкембаев өнер көрсетеді.