Шайбалы хоккейден халықаралық турнирлерге байланысты екі апталық демалысқа шыққан ҚХЛ командалары дүйсенбіден бастап тұрақты біріншіліктегі матчтарын жалғастыра бастады. Нижнекамскідегі «Нефтехим Арена» мұз сарайында өткен матчта Андрей Скабелка шәкірттері қарсыластарын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді. Сөйтіп, Астана командасы «Шығыс» конференциясының турнир кестесінде 8-орынға көтеріліп, плей-офф деңгейіне қайта оралды.
Кездесудің бірінші кезеңінде есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін жергілікті хоккейшілер өз үстемдігін жүргізе бастады. Соның арқасында айдын иелері матчтың есебін бірінші ашты. 33-минутта Ансель Галимов Юлиус Гудачек қорғаған қақпадан саңылау тапты. Ал үшінші кезеңде «Барыс» ойыншылары бәсекенің тізгінін өз қолына алды. Алдымен 42-минутта Майкл Шапю таразы басын теңестірсе, арада 12 минут өткенде Джереми Бракко елорда клубына басымдық сыйлады. Ойынның аяқталуына 53 секунд қалғанда Майкл Шапю екінші рет мергендігімен көзге түсіп, матчтың нүктесін қойды – 3:1.
«Барыс» келесі ойынын бүгін елордадағы «Барыс Аренада» Омбының «Авангард» клубымен өткізеді.