Инновация • 22 Желтоқсан, 2022

Ақпараттық инновация талқыланған алаң

324 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Тұңғыш рет ұйымдастырылған Орта­лық Азия медиа форумының екінші күнін­де де саладағы өзекті мәселелер қызу талқыланды. Пленарлық сессияларда сарапшылар ұтымды ұсыныстар мен орамды ойларын ортаға салды. Атап айтсақ, «Жасанды интеллект және ауқымды деректер: медиадағы инновациялық технологиялар», «Креативті индустрия – әлеуметтік трансформацияның элементі» сияқты пленарлық сессияларда жаңа медианың жарқын болашақты қалыптастырудағы рөлі таразыланып, форум қатысушылары тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Ақпараттық инновация талқыланған алаң

Медиа әлем һәм іскер әйел

Өткен жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, Қазақстан гендерлік теңсіз­дік­тің индексі бойынша халықаралық рейтингтерде 146 елдің арасында 65-орында тұр. Бұл туралы Орталық Азия Медиа форумы шеңберінде өткен «Медиа сала­сын­дағы әйелдер: азаматтық қоғамды да­мытудағы гендерлік теңдіктің рөлі» панельдік сессиясында айтылды.

Соңғы жылдары әйел қауымы азамат­тық қоғамды дамыту ісіне белсене атсалысып келеді. Президент әкім­ші­лі­гі бас­шысының орынбасары Аида Балаева мем­лекет азаматтық қауым­дас­тық­пен бірлесіп, гендерлік теңсіздікті жеңуге жол ашқанын айтты. Бұл ретте, көрсеткіштердің жақсар­ға­ны байқалады.

«Қазақстан тәуелсіздік жылдарында гендерлік теңдік саласында бірқатар прогрессивті шара қабылдады. Бұл – мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің нәтижесі. Ал оның маңызды бөлігі – медиа. Ген­дер­лік саясат елдің халықаралық рей­тинг­тегі жағдайын жақ­сар­тады. 2021 жылы гендерлік теңдік индексі бо­йын­­ша Қазақстан 146 елдің ішінен 65-орынға көтерілді. Бұл – Орталық Азия ай­ма­ғын­дағы көшбасшы позиция. Бұл ба­ғыттағы жұмысты тұрақты түрде жүр­гізіп жатырмыз. 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясаттың қол­даныстағы тұжырымдамасы осы көр­сеткішті жақсартуға мүмкіндік береді. Алдағы сегіз жылда Қазақстанның әйел­дер­ге қатысты күтілетін өмір сүру ұзақ­ты­ғындағы гендерлік алшақтықты жеті жылға дейін, орташа жалақыдағы ал­шақ­ты­қты 21%-ға дейін қысқарту, сондай-ақ шешім қабылдау деңгейіндегі билік органдарындағы әйелдердің үлесін 30%-ға дейін жеткізу жоспарлары бар», деді ол.

А.Балаева бұқаралық ақпарат құрал­дарындағы белсенді позицияларда әйел­дер санының өскенін, осы сала­да­ғы жұ­мыс­ты жақсарту үшін барлық мүм­кін­дік пен алғышарт бар екенін атап өтті. Әйелдің бейнесі шығармашылықта дұрыс көрсетілуі маңызды.

«БАҚ секторында 1 700-ге жуық әйел басшы бар. Бұл – Қазақстандағы БАҚ-тың жалпы үлесінің шамамен 32 пайызы. Әйелдер республикалық арналардың, интернет ресурстардың, газеттердің бас­шысы қызметін атқарады. Десе де, бү­гінде әйелдің бейнесі бұқаралық ақпарат құралдарында, атап айтқанда кинода қалай беріліп жүр деген сауал мазалайды. Меніңше, бұл – елдегі және Орталық Азия аймағындағы гендерлік теңдік жағдайын жақсартуға әсер етудің маңызды құралы. Жақында Қазақстанда және Орталық Азияның бірқатар елінде қазіргі заманғы фильмдерде табысты әйелдің моделін бейнелейтін жарқын әйел рөлдері жоқ екендігі туралы ескерту айтылды. Қазақстанда кейінгі 10 жыл­да гендерлік стереотипті зерделеу тұрғысынан кинофильмдерге талдау жүргізілді. Нәтижесінде, отандық фильмдердегі әйелдер мен гендерлік рөл­дер­­дің стереотиптік бейнелері ана, ішкі күйзелісі бар әйелдер, басты кейіпкердің сүйіктісі, екінші әйел сияқты бейнелермен шектелетіні анықталды. Білімді және табыс­­­­­ты әйелдің бейнесін сипаттайтын картиналар өте аз. Меніңше, бәріміз бұл туралы ойлануымыз керек. Мысал ретінде алуға болатын әйелдер халқымызда көп екеніне сенімдімін», деді Аида Балаева.

Спикер билік органдарында әйелдер санын арттыру бойынша мемлекет қа­был­­дайтын шара туралы да айтты. «Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жа­риялады. Мемлекеттің қоғамның сұ­ра­нысына тез жауап беру көрсеткіші едәуір өсті. Бұған бірқатар ірі әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері дәлел бола алады. Бұл көбінесе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер секілді заманауи байланыс құралдары арқылы жүзеге асты. Мұнда біз гендерлік менеджменттің нақты әлеуеті мен табысты үлгісін көріп отырмыз. Бүгінде Қазақстанда 22 000-нан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді және олардың 37%-ын әйелдер басқарады. Егер біз практикалық статистиканы алсақ, онда әйелдер бас­қаратын субъектілердің үлесі 80%-ға дейін артады. Қызмет ауқымы еріктілер қызметінен дағдарыс орталықтарына дейін. Олардың бәрі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін шешуге белсенді қа­тысады. Әйелдер құқығын саяси ілге­рі­ле­ту бағытындағы маңызды қадам 2020 жылы Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша сайлаудағы пар­тия­лық тізімдерде жас әйелдерге ар­налған 30 пайыздық квотаны енгізу болды. Сон­дай-ақ облыстық мәслихаттардағы әйел депутаттардың саны 15-тен 27%-ға дейін, қалалық мәслихаттарда 23-тен 29%-ға дейін, аудандық мәслихаттарда 23-тен 32%-ға дейін өсті. Парламенттің төменгі палатасында әйелдер 27%-ды құрайды. Гендерлік теңдіктің көптеген көрсеткіші бойынша Қазақстан өңірде көш бастап тұр. Бұл – мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі», деді А.Балаева.

Сессияда сөз алған «New York Times» ба­сы­лымының журналисі Лиз Уелш шы­ғар­машылығының тікелей әлемдік ген­дерлік саясатқа бағытталғанын атап өтті. Оны журналистік зерттеулері мен мақа­ла­ла­рынан көруге болады.

«Сөз адамды емдейді. Журналист ре­тін­де мақалаларымда қиындыққа тап болған әйелдердің мәселесін, олардың бас­тан кешкен оқиғаларын жазамын. Менің материалдарым оқырманыма әйел туралы өзіндік ой қалыптастырып, дұрыс жолға жетелейді деп сенемін. Әйелдер тура­­­­­лы журналдарға ерекше кейіпкерлердің ерекше оқиғаларын жазуға тырысамын. «Медиа нарықта әйел теңдігі туралы фильмдерді жиі түсіреді. Қазақстандық фильмдердің топтамасынан да мұны байқадым. Бұл – қоғам гендерлік теңдік мәселесіне бейжай қарамайтынының көрінісі», деді Лиз Уелш.

Орталық Азия Медиа форумы шең­бе­рінде «New York Times» басылы­мы­ның журналисі Лиз Уелштің бүркітші қыз туралы «Eagle Huntress» кітабының тұсаукесері өтті.

Шараға қатысқан Президент әкім­ші­лігі басшысының орынбасары Аида Балаева және Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі кітап ав­торын құттықтады. Рәсімге кітаптың басты кейіпкері, әлемдегі ең жас бүркітші, Оскарға үміткерлердің тізіміне енген Айшолпан Нұрғай қатысты.

Лиз Уэлш Айшолпанмен алғашқы кездесуі туралы әңгімелеп берді. «Көп­те­ген адам менен кездесудің тарихын айтуды сұрады. Әу баста бүркіттерді тү­сірген израильдік фотографтың суре­тін және оларды Моңғолияда қалай жат­тық­тыр­ғанын көрген едім. Сұрастыра келе, Айшолпанмен байланысқа шықтым. Оның бүркітпен түскен суреті оның өмі­рін өзгертті. Ол туралы деректен киноре­жи­с­сер хабардар болды. «Бүркіт пен аңшы» фильмі шықты, ол әкесімен бірге АҚШ-тағы Sundance кинофестиваліне де барды», деді Л.Уэлш.

Айшолпан өз сөзінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліге форумға шақырғаны және жо­ға­ры оқу орнында оқуға грант бергені үшін алғысын білдірді.

«Мұғалім мамандығы бойынша үшін­ші курста оқып жатырмын. Мен бала кезімнен бүркітші болуды армандадым. Мен туралы фильм түсіріліп, кітап жазылды. Өзім туралы фильмнің премьерасын жасаған 30 елге барудың сәті түсті. Бүкіл әлемге дәстүріміз дәріптеліп, ха­лық­аралық қатынастарды нығайтуға үлес қо­суға мүм­кіндігім бар екеніне қуа­ныш­ты­мын», деді Айшолпан.

 

БАҚ – біріктіруші күш

Бүгінде саяси және әлеуметтік-эконо­ми­калық прогресс жолында бауырлас мемлекеттердің ынтымағы артып, қарым-қатынасы жоғары деңгейде дамып келе жатқаны жиі айтылып жүр. Астанада өткен Орталық Азия Медиа форумының «Халықаралық ұйымдар – ынтымақтастық көпірі» атты панельдік сессиясында Ха­лық­аралық түркі мәдениеті және мирасы қорының басшысы Гюнай Эфендиева бұған ерекше тоқталды.

 «Түркі халықтары арасындағы тарихи және мәдени байланыс нығайып, қарым-қатынас пен бейбітшілікті тұрақты дамытып келеді. Орталық Азия – Түркі жалпы әдебиетінің орталығы. Мәдени құндылықтар қалдырған ғалымдар осы жерде өмір сүрген. Олар – әлемге әйгілі әл-Фараби, ұлы Абай Құнанбайұлы сияқты біртуар тұлғалар. Бүгінде біздің басты мақсатымыз – өзара ынтымақтастық аясында мәдени байланыстарды дамытып, түркі әдебиетінің жұмысын жандандырып, әлемге түркі мәдениетін таныстыруға бар күш-жігерімізді жұмсау. Біз өз құн­ды­лық­­­тарымызды әспеттеп, ұрпаққа қал­ды­руы­мыз қажет», деді Г.Эфендиева.

Форумда АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай Азиядағы өзара ықпал­дас­тық және сенім шаралары жөніндегі кеңес Орталық Азияға ортақ платформа алаңы екенін айтты. Яғни бұл ұйымға мүше мем­лекеттердің министрліктерімен бір­лесе қабылданған құжат бірлік пен қарым-қатынасты одан әрі нығайта түседі.

Жаһанның белді медиа өкілдері бас­қос­қан жиында Түркі мемлекеттерінің сауда динамикасы 25 млрд долларға өсетіні де сөз болды. Бұл ретте сарапшылар халықаралық ұйымдармен бірлесе салааралық деңгейдің тұрақтылығын сақтау маңызды деп отыр.

Келелі басқосудың келесі панельдік оты­рысы «Жасанды интеллект және ауқым­ды деректер: медиадағы иннова­циялық технологиялар» тақырыбында өтті. Жиында «Almеra» тобында бизнесті дамыту жөніндегі вице-президент Дмитрий Истомин интеллект пен білімнің өзара байланысына тоқталды.

«Біз жаңа технологияның айналасында білім беру үдерісін қалай құру керек екені туралы айтып отырмыз. Технологияның көмегімен не жасай аламыз деген сұраққа жауап беруіміз қажет. Технология адамға көмектескен кезде белгілі бір жүйе құру керек. Мысалы, деректерді талдау арқылы біз адамның үлгерімін арттыра аламыз. Бірақ классикалық білім тұрғысынан қарасақ, жасанды интеллект кедергі кел­­ті­ре­ді. Өйткені стандартты білім беру жүйесі тесттер мен стандарттарға негіз­делген», деді Д.Истомин.

Жалпы, әлемдік нарықта креативті индус­трияның орны ерекше. Қазір ол эко­номиканың жедел дамып келе жат­қан бөлімі ретінде қарастырылады. Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көл­гіновтің пайымдауынша, Орталық Азияның креативті индустрияны дамытуда үлкен әлеуеті бар.

«Соңғы жылдары Орталық Азия елде­рінің үкіметі креативті индустрияның бола­шағын түсіне отырып, оны қарқынды дамыту мәселесіне ерекше назар аудара бас­тады. Мәселен, Қазақстанда 2021 жылы креативті индустрияны дамы­ту­дың 2021-2025 жылдарға арналған тұжы­рымдамасы бекітілді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ішкі жалпы өнімінде креативті индустрия 2,67 пайызды құрады. Орталық Азия елдеріне ортақ креативті индустрияның негізін көруге болады. Біріншіден, олардың тарихы, мәдениеті мен өркениеті ортақ. Екіншіден, маңызды стратегиялық факторларды іске асыруда тәжірибеге көңіл бө­леді. Үшіншіден, әлемдік нарық­та­ғы мүмкіндіктеріміз бірдей», деді А.Көлгінов.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Самал Еслямова еліміздегі  білім жүйесінде креатив жетіспейтінін алға тар­тады.

«Қазір балаларды бір нәрсеге қызық­тыру қиын. Өз басым балаға алдымен тәрбие, кейін білім беру маңызды деп айтар едім. Біздегі білім саласында креатив жетіспейді. Баланың бәрі өте ақылды, сол себепті оларды қызықтыру оңай емес. Балаға білім беру үшін креатив керек деп есептеймін. Балалардың қызығушылығын әрдайым ескерген жөн, олардың пікірімен санасқан дұрыс», деді С.Еслямова.

Ал қазіргі балалардың қызығу­шы­лы­ғын телеарналар толық орындап жат­қан сыңайлы. Олардың бірі аме­ри­калық – «Nickelodeon» телеарнасы. Қазақ­станда жүргізілген статистикалық зерттеу нәтижесі бойынша бұл арнаның көрермендері 50 пайызға жуықтаған. Мұны «Nickelodeon» компаниясының ТМД және Балтық елдеріндегі «Para­mount» балалар және ойын-сауық бренд­терін дамыту жөніндегі вице-пре­зиденті Мария Косарева айтты.

«Биылғы жылы арнаның 100 па­йыз қазақ тілінде қолжетімді болғанына өте қуаныштымыз. Бұған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау көрсеткені өте маңызды. Біз Қазақстанның ірі қалаларында зерттеу жүргіздік. Бұл жай ғана сауалдама емес, терең зерттеу. Кішкентай көрермендерге телеарна туралы әртүрлі сұрақтар қойдық. Балалардың теледидар, планшеттер мен ұялы телефондарды қанша уақыт қосатынын сұрағанымызда, күн сайын балалардың 76%-ы екенін білдік.

Сонымен қатар 44% құрылғылармен күніне бір-екі сағат, 17% күніне екі сағат­тан артық өткізеді, ал 27% мүлдем шек­телмейді. Балалардан сондай-ақ маз­мұн туралы сұрадық. Мазмұнның тәр­биелік және ойын-сауықтық болуы маңызды. Ата-аналардың жар­тысы­нан көбі балаға не көретінін таңдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте респонденттердің 36%-ы ешқашан балалар контентінің мазмұнын бақыламайды. Сондай-ақ біз өз арнамыздың аудиторияда таны­мал­дылығы туралы зерделеп көрдік. Ата-аналардың 73% «Nickelodeon»-ды біледі, 49% арнаны үнемі көреді», деді М.Косарева.

Екі күнге созылған Орталық Азия Медиа форумы жоғары деңгейде өтті. Бұл – алыс-жақыннан келген сарап­шы­лар­дың пікірі. Спикерлер жаңа медианы дамыту, жасанды интеллект технологияларын медиада қолдану, Орталық Азиядағы креативті индустрияның дамуы, пост-шындық кезеңіндегі ақпараттық қауіпсіздік, медиа саласындағы білім беру транформациясы, өзара ынты­мақ­тас­т­ықтағы халықаралық ұйымдардың орны, азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі, өңірлік және жаһандық кооперация мүмкіндіктері сияқты көкейкесті мәселелерді талқылап, ойларын ортаға салды. Осылайша, форум өз миссиясын толығымен орындады деуге толық негіз бар. Бұл ретте, қатысушылар іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне алғыстарын айтып, елорда төрінде жиі бас қосып тұруға ниет білдірді.

 

Оралхан АХМАДИЯ,

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»