Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ
Отандық ғалымдардың арасында Амангелді Айталының орны бөлек еді. Оның айқын тақырыбы халқымыздың рухани саласы болды. Бұл тегіннен тегін емес-тұғын. Алдымен патшалық Ресейдің, соның саяси жалғасындай болған кеңестік жүйе халқымыздың ұлттық рухының негізі – тілімізге тиісіп, дінімізге шабуыл жасап, ұлттық санамызды су алдырып, жұрдай етуге тырысты. Сол себепті Амангелді Айталының 2000 жылы алғаш шыққан «Ұлттану» оқу құралынан бастап 2019 жылы жарық көрген «Рухани кемелдік» жинағына дейін кітаптарында, жазған мақалаларында қозғағаны мемлекет, мәдениет, идеология, тіл, дін, тағы басқа рухани дүниемізге қатысты мәселелер болды. Осы нәзік тақырыптарды майдан қыл тартқандай барынша шеберлікпен оқырман санасына жеткізе білді.
Әбекең отаншыл азамат, зерделі ғалым еді. «Egemen Qazaqstan» газетінің жақында ғана, 14 желтоқсанда жарық көрген «Украина тағдыры: себеп пен сабақ» атты соңғы мақаласында «ішкі және сыртқы саясатымызда дербестігіміз ұнамайтындардың қытығына тимей, ызасын келтірмей, екінші жағынан, өз ұпайымызды жібермейтін жолды қайта-қайта анықтайық» деуі де өз халқын шынайы сүйген ғалымның жүрекжарды сөзі болатын.
Қайыр хош, Әбеке! Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болып, иман нұрыңыз пейіштің төрінде шалқысын!
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы, профессор