Амангелді ағамызды қалың жұртшылық Мәжілістің депутаты ретінде жақсы танитын. Жүздің атын білсе де, бірді, бірегейді бірден танитын халық көптің жанашыры Әбекеңнің қазаққа деген жүрегінің ақтығына, шыншылдығына, турашылдығына сенетін. Кей-кейде көпшіліктен «жоғары жақта, депутаттық корпуста кімді білесіз?» деп сұрап қалсаңыз, елдің аузына ең алдымен А.Айталының аты-жөні түсетініне талай куәміз. Шынайы халық сенімі деген, шынында да, осы шығар.
Профессор А.Айталының ұлағатты ұстаздығы туралы алдын көрген шәкірттері талай-талай сыр да, шер де шертеріне күмән жоқ. Марқұм Мұхтар Арын мен Әбекең екеуі кезек-кезек Ақтөбе университетінің мінберіне көтерілгенде, мұндай бақытты сәттерді бірнеше рет бастан кешіп едік. Өзіміз де облыс орталығында емес, айға азуын білеген атақты әлемдік оқу ордаларының бірінде дәріс тыңдағандай болатынбыз. Ұрпақ қамы десе ұйқысы қашатын Әбекең соңғы кезде студенттерге ілім-білімді жаңаша жеткізудің тың формаларын іздеп, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін көтерудің жолдарын ойластырып, тың тұжырымдарын айтып тауыса алмаушы еді. Осы жолдағы ерен жоспары да ерекше көп-тін. Соның бастамасы ретінде шәкірттер өмірінен алып, «Дін туралы 50 сұрақ-жауабын» бізге жазып беріп еді. Бір кем дүние ғой, өкінішке қарай, жоба-жоспарлары кемел зиялымен бірге кетіп барады...
Сеңгірге шыққан мерейтойында сегіз томыңызды шығарайық деген іні-досына: «Жазған-сызғаным, айтқан-қайтқаным үш кітапқа жетсе, онан асқан абырой бар ма?» деп шын көңілімен, жымиып қойып, пәтуаласқан-ды. Осылайша, қазаққа керек, жаңа Қазақстанға керек «Ұлттану» мен «Дінтану» һәм «Ділтану» жасақталып еді. Бір шүкірлігі – «Ұлттануының» сүйінші данасын көзбен көріп, көңілі тоғайып еді.
Бақұл бол, қайран Әбеке! Ұлт руханиятының үш ұстынын көтеріп тұрған еңбектеріңізбен ауызданған ұрпағыңыз рухыңызды налытпай, шырағыңызды жағатынына сеніңіз.
Ғарифолла ӘНЕС