– Абай облысында кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға көп көңіл бөлінеді. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында және бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде кәсіпкерлердің төменгі пайызбен несие алуға мүмкіндіктері бар. Өңірлік филиалдардың, қорлардың жұмысы микро, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталатынына сенімдімін. Нақты өңірлік бағдарламаларды іске асыру үшін қаражат тарту жұмысы жалғасады. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Ұлттық экономика министрі Əлібек Қуантыров.
Жаңа филиалда Абай облысының ауыл шаруашылығы өндірушілері қажетті техниканы лизингке ала алады. Филиал қызметі Бесқарағай, Бородулиха және Абай аудандарының шаруалары үшін көлік шығындарын едәуір қысқартып, бизнес-процестерді жеделдетуге мүмкіндік береді.
– Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының фермерлері техниканы лизингке алатын ең белсенді пайдаланушылардың бірі болды. 11 айда облыста 698 техника лизингке берілді. Осы мәліметке сай Абай облысының ауыл шаруашылығын дамытуда үлкен әлеуеті бары байқалады. Тағы бір айта кетерлігі, Абай облысының тұрғындарына біздің тарапымыздан көптеген мүмкіндік жасалады. Алдағы уақытта бұл туралы қосымша хабарлайтын боламыз, – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев.
Абай облысында кем дегенде 650 фермерлік шаруашылық техниканы ұзақ мерзімге жалға ала алады. Бұл – ауылшаруашылық бизнесін құру және дамыту үшін үлкен қолдау. Түптеп келгенде, мұның өзі дүкен сөрелеріндегі өнімдердің молая түсуіне оң ықпалын тигізетіні даусыз.
Сонымен қатар осы салтанатты іс-шараға қатысып, сөз сөйлеген «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков пен «Қазақстан фермерлері ассоциациясы» облыстық филиалының төрағасы Серік Байғалиев жаңадан құрылған Абай облысында «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы филиалының ашылуы маңызды қадам екенін айтты. Бүгінде шаруа қожалығымен айналысып, кәсібін дөңгелетіп жүрген азаматтар көбею үстінде. Сондықтан, оларға қолайлы жағдай жасау қажет. Әлбетте, оның нәтижесі де болуы керек.
Бүгінде арнайы ішкі бағдарламалар мен мобильді қосымшаларды жетілдіру мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар қолданушыларға мейлінше түсінікті әрі жеңіл болатындай құрастырылып, ұсынылған қызметтерді адамдар үйлерінде отырып ала алады.
Осы орайда «ҚазАгроҚаржы» АҚ еліміздің агроөнеркәсібі лизингі нарығында аталған саланың заманауи және жоғары технологиялы техникаға қажеттілігін қамтамасыз етіп отырған көшбасшы болып саналады.
– Бүгінгі таңда компаниямыз қазақстандық лизинг нарығының шамамен 80 пайызын қамтып отыр. Филиалдарымыз еліміздің барлық өңірінде қызмет көрсетіп келеді. Оларды жақын арада биыл құрылған Ұлытау және Жетісу облыстарында да ашамыз, – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев.
Бақытгүл ҚАЗЕЗ