Дүбірлі додаға 200-ден астам өтінім келіп түскен. Бұл – қазақстандық композиторлар мен жазушылардың кейінгі үш жылда жазылған және бұрын көпшілік алдында орындалмаған туындылары.
«Байқау көпшілікке тың туындылар ұсынып қана қоймай, мүлдем жаңа есімдер ашты. Жеңімпаздар мен лауреаттардың шығармашылық жұмыстары халқымыздың тарихы мен мәдениетінде маңызды із қалдырып, қазіргі мәдени ландшафтың бір бөлігіне айналатынына сенімдімін. Бұл жобаны біз жас авторлардың өздерін танытуы және мемлекеттің қолдауына ие болу үшін дәстүрге айналдырғымыз келеді», деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев марапаттау рәсімінде.
Жоба жеңімпаздарын Қазақстанның белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінен құрылған қазылар алқасы жабық түрде анықтады. Байқаудың ерекшелігі – қатысқан авторлардың да, олардың жұмысын сараптаған қазылар алқасының құрамы да соңғы сәтке дейін құпия болды.
Сонымен, «Үздік классикалық музыка» аталымымен жеке аспапқа арналған «Иллюзия» шығармасы үшін Бейбіт Дәлденбай, ансамбльдерге арналған «(Re)incarnation [Yerlik]» шығармасы үшін Санжар Бәйтереков, Халық аспаптары, үрмелі, симфониялық және эстрадалық-симфониялық оркестрлерге арналған «Скрипка және симфониялық оркестрге арналған концерт» шығармасы үшін Шырын Базарқұлова марапатталды.
Ал «Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы» аталымы бойынша «Сәкен» операсы үшін композитор Әліби Әбдінұров, либретто авторы Қанат Жүнісов, «Алдар көсе» балеті үшін композитор Алмабек Мейірбековтің мұрагері Ерден Ордабекұлы, либретто авторы Дамир Оразымбетов, «Алпамыс» балеті үшін композитор Арман Жайым, либретто авторы Айтқали Жайымов үздік деп танылды.
Эстрада жанрындағы «Республика әні» аталымында «Елім деп соққан жүрегім» әні үшін Иса Ауғантай жеңімпаз атанды. Мәтінін жазған – Саят Рақымжан. «Үздік фольклорлық музыка» аталымы авторлық вокалдық-аспаптық туынды «Біздің ауыл тамаша» әні үшін Орал Байсеңгірге, авторлық вокалдық немесе вокалдық-аспаптық туынды «Love story» балладасы үшін Сәтжан Шәменовке, авторлық аспаптық шығарма (күй) «Бес періште» күйі үшін Асылбек Кенігесовке бұйырды.
«Үздік драматургиялық туынды» аталымын драмалық театрларға арналған тарихи немесе заманауи тақырыптағы пьеса «Зор Білгамеш һәм Қорқыт Ата» шығармасы үшін Асылбек Ихсанов, балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арналған пьеса «Қашқын» шығармасы үшін Қуаныш Жиенбай алды.
Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігінің екі арнайы жүлдесін «Түркістан» әнімен Жаңабай Өтегенов, «Мейірім керек» әнімен Ғалымбек Исімбергенов иеленді.