Экономика • 23 Желтоқсан, 2022

Теңгелік депозиттер бойынша өтемақы төлеу: банктер 284 млрд теңгеге өтінім қабылдады

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ), 2022 жылдың 23 ақпанын қоса алғанда, теңгеде ашылған депозиттер бойынша 10% көлеміндегі өтемақы (сыйақы) алуға өтініш беру мерзімі 2023 жылдың 1 қаңтарында аяқталатынын еске салады.

Теңгелік депозиттер бойынша өтемақы төлеу: банктер 284 млрд теңгеге өтінім қабылдады

Соңғы мәліметтер бойынша, банктер 284 млрд теңгеге өтінім қабылдады, бұл төле­нетін өтемақының ықтимал сомасының 85%-ын құрайды.

ҚДКБҚ Төрағасының орынбасары Алмаз Құдайбергенов: «Сыйақы алуға талаптанған салымшылардың бәрі бірдей ЕДБ-ге әлі өтініш берген жоқ. Көбінесе, олар – шағын депозиттердің иелері. Осылайша, статистикалық мәліметтерге сәйкес, салымшылардың жартысынан көбі (54%) сомасы 10 мың теңгеден аз шот иелері болып табылады – негізінен, бұл қаражаты ең төменгі қалдыққа дейін алынған депозиттер. Көлеміне қарамастан, Бағдарлама ережелеріне сәйкес келетін барлық депозит бойынша сыйақы есептелетінін атап өткім келеді», дейді.

Сыйақы алу үшін салымшы 2023 жылдың 1 қаңтарынан кешіктірмей депозиті орналастырылған банкке өтініш беру арқылы келісімін растауы қажет.

«Салымшыларды өтемақы мөлшері аз болса да, төлемді алу құқығын пайдалануға шақырамын, себебі өтініш беру үдерісінің өзі бірнеше минутты ғана алады. Банктердің көпшілігі бұл қызметті мобильді қосымшаларда немесе ЕДБ сайтында жүзеге асырады», деп сөзін толықтырды А.Құдайбергенов.

Өтемақы төлемдері 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін басталады. 10% өтемақы алынуы мүмкін ең жоғары сома 20 миллион теңгені құрайды.

Толық ақпаратты депозит орналастырылған банктерден алуға болады, немесе сұрақтарыңызды info@kdif.kz электронды пош­тасына, @kdif_ask telegram-чатына немесе 1460 тегін нөмірі бойынша ҚДКБҚ байланыс орталығына жолдауыңызға болады.

 

«ҚДКБҚ» АҚ баспасөз орталығы