Қазақстан • 23 Желтоқсан, 2022

Елден ағаш материалдарын шығаруға тыйым салынды

381 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің №690 бұйрығына сәйкес осы жылдың 9 желтоқсанынан бастап Қазақстан аумағынан ағаш материалдарының жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салынды, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елден ағаш материалдарын шығаруға тыйым салынды

Индустриялық даму комитетінің құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының басшысы Мұхамед Андаковтың айтуынша, аталған шара қазақстандық өндірушілерді қолдап, еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін қолға алынған. Бұл шектеу 2019 жылдан бастап енгізіліп, әр 6 ай сайын ұзартылып келе жатыр.

«Осы тыйым отандық тауар өндірушілерді, ағаш өңдеушілерді және жиһаз өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорындарды қолдау мен республикадағы орман қорын сақтау мақсатында енгізіліп отыр. Егер де орман қоры Қазақстан аумағының шамамен 15%-ын алып жатқанын ескерсек, онда өңдеуге тек 4-5%-ы ғана берілетінін ұмытпау қажет. Бұл орайда қоршаған ортаны қорғап, орманды алқапты ұлғайту үшін елімізден ағаш материалдарын әкетуге тыйым салынатынын ескерткіміз келеді. Ресми статистика бойынша биыл елімізден шет мемлекеттерге орман ағаштары шығарылған жоқ», деді М.Андаков.

Аталған бұйрық ЕАЭО СЭҚ ТН 4406910000 кодына сәйкес «Теміржол немесе трамвай жолдарына арналып, қылқан жапырақты тұқымдардан жасалған сіңірілген ағаш шпалдарын» есепке алмағанда, ағаш материалдарының жекелеген түрлерін (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 4401, 4403, 4404, 4406 және 4407) Қазақстан аумағынан әкетуге тыйым салуды көздейді.