Қоғам • 26 Желтоқсан, 2022

Соттар да сыбайлас жемқорлыққа ұрынған ба?

251 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қараша айында «Egemen Qazaqstan» газетіне «Солқылдақ сот әділетті Қазақстанға қалай қызмет етеді» деген бір беттік көлемді мақаламыз шықты. Қысқаша ғана мазмұнын еске түсірер болсақ, мақалада Мұқаш Қабдіров деген азаматтың саяси қуғын-сүргіннің зардап шегушісі болып сот арқылы танылғаны, облыстық прокуратура оны ақтағаны айтылған. Енді қуғын-сүргіннің зардап шегушісі ретінде оның тұрғын үй талап еткені (өйткені тұрғын-үй жағдайын жақсартуды сұрап 2010 жылдан бері кезекте тұр), бірақ Петропавл қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының комиссиясы сол үйді бергенде оның отбасы мүшелерінің саны 5 адам екенін, өзінің үшінші топ мүгедегі екендігін ескермей төртінші қабаттан бір-ақ бөлмелі үйді жекешелендіру құқығынсыз бергені, ал Қабдіров жеделсатысы жоқ үй болған соң мүгедектігіне байланысты төменгі қабаттан үш бөлмелі үйді заңға сәйкес жекешелендіру құқымен беруді екі жылдан бері талап етіп, соттасып жүргені туралы жазылған. Судьялардың алдымен бір шешім шығарып, бірақ орындаушылық қағаз бермей артынан өздерінің шешімінен тайқып, басқа шешім қабылдап, адамды әбден әуре-сарсаңға салғандығы, сол себепті құқығын таптап жүргені айтылған. Осы оқиғаға қайта оралуға тура келіп отыр.

Соттар да сыбайлас жемқорлыққа ұрынған ба?

Елдің бас газеті «Егеменге» шығып, бүкіл халық, мемлекет басшылығы, Үкімет, Жоғарғы сот, прокуратура органдары білді-ау, ұят болды, енді адамды азапқа салмай мәселесін шешу керек деген ой Солтүстік Қазақстан облыстық сотын да, прокуратурасын, Петропавл қалалық тұрғын-үй шаруашылығы комиссиясын да селт еткізген жоқ. Тіпті бәрін керісінше істеп, адамның азабын арттыра түсті. Осының өзінен елдегі тәртіптің әбден босаңсып, ешкімнен де, ештеңеден де айылын жимайтын, именбейтін безбүйректік қалыпқа түсіп бара жатқанын біле беріңіз.

Бұл азап 1937-38 жылдардың оқиғасынан басталған. Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған 15 жастағы неміс қызы Раиса ата-анасымен бірге Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданына жер аударылады (қазіргі Мағжан ауданы). Қазақ арасында бойжеткен қыз қазақ тілін үйренеді, мұсылмандықты қабылдап, есімін де Мәриям деп өзгертіп, Әбілғазы деген жігітке тұрмысқа шығады. 1950 жылы Мұқаш деген ұлы туады. Алайда ол 1956 жылға дейін 12 шақырым жердегі комендатураға жаяу барып, «қашып кетпегенін» көрсетіп, үнемі белгіленіп тұруға мәжбүр болған. Бұл уақытта оның емшектегі жас баласы 7-8 сағат бойы шырылдап, ана сүтін аңсап, қарны ашып жататын... Тек 1956 жылы анасы ақталған соң ғана Мұқаш бұл азаптан құтылады.

«Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегі заңымен Мұқаш қуғын-сүргін құрбаны болмаса да «зардап шегуші» деп танылады. Шын мәнінде жас баланың шеккен азабы аз емес еді. Ал қуғын-сүргін құрбаны мен зардап шегушінің құқығы бірдей. Заңның 1-бабында «адамды сот тәртiбiнде немесе заңмен белгiленген басқа тәртiпте саяси қуғын-сүргiндердiң құрбаны немесе саяси қуғын-сүргiндерден зардап шегуші деп тану, оның бұзылған құқықтарын қалпына келтiру, ол шеккен моральдық немесе материалдық залалдың орнын толтыру ақтау деп түсіндіріледі» деп атап көрсетілген.

2017 жылы Мұқаш Әбдіров өзінің қуғын-сүргіннің зардап шегушісі екенін сот шешімімен бекіттіріп, сол жылдың 11 тамызында облыстық прокуратурадан өзінің ақталғаны туралы анықтама да алады.

Осы заңда зардап шегушінің бұзылған құқығын, моральдық және материалдық залалын қалпына келтіруге құқы бар екендігі де жазылған. Соған сүйенген ол заңның 20-бабында айтылған: «Егер қуғын-сүргiнге ұшыраған адамдар қуғын-сүргiнге байланысты тұрғын-жайға иелiк құқынан айырылған және қазiргi уақытта тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж болған реттерде, сондай-ақ осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген реттерде олар тұрғын үйдi кезектен тыс алуға құқылы» деген тәртіпке сүйеніп, тұрғын-жайға мұқтаж болғандықтан өзіне үй беруді өтініп қалалық әкімдікке жүгінеді. Шынымен де анасы «тұрғын-жайға иелік ету құқынан айырылғандықтан» ұлы да бұл құқықтан айырылған еді.

Өтінішін түрлі бұлтаққа салып, зорға қабылдаған әкімдік ақыры, 2020 жылдың 21 қазанында жоғарыда айтылған бір бөлмелі үйді береді. Бірақ М.Қабдіров өзінің тиісті анықтамаларды өткізгенін, сондықтан мүмкіндігі шектеулі жан ретінде төменгі қабаттан, жекешелендіру құқымен 3 бөлмелі пәтер сұрап қайта өтініш береді. Өйткені оған бұл үй, жоғарыда айтқанымыздай, келтірілген моральдық және материалдық залалдың есесіне беріліп отыр. Алайда қала әкімінің орынбасары А.Хабибуллин басқаратын комиссия бұл уәжді көзге ілмей, өзінің жекеменшік үйін беріп жатқандай бұлданып, заңның талабын орындамайды. Міне, осыдан әрі адамның құқығын таптау мен азапқа салу шырғалаңы басталады.

***

Басқа амалы қалмаған соң М.Қабдіров сотқа жүгінеді. 2021 жылдың 25 тамызында Солтүстік Қазақстан облысы Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы К.Масимова тараптарды бейбіт келісімге келуді ұсынады. Тараптар келісіп, оның шарты бойынша М.Қабдіровтің талап арызы тұрғын үй комиссиясының қыркүйек айында болатын отырысында қаралып, оның қорытындысы бойынша «Мұқаш Қабдіровке үш жұмыс күні ішінде тұрғын үй беру туралы шешім шығарылады» деген анықтама қабылданып, екі жақ соған келісіп, қол қойып, судья оны бекітеді.

Бірақ өздері қол қойған бұл шешімді А.Хабибуллин бастаған тұрғын-үй комиссиясы орындамайды. 24 қыркүйекте қаралуға тиіс отырыста жалған сылтау айтып қарамайды. Хабибуллин сылтау ретінде отбасы жандарының саны, мүгедектігі туралы анықтама бізге түскен жоқ деп шығады. Ал оларды өтінішті қабылдаған Г.Оспанова деген қызметкер 2020 жылдың 18 маусымында қол қойып қабылдап алғанын көрсеткенде де өзінікінен таймаған. Ол ол ма «талап арыз беруші бізге өзінің мәселесін қарауды кейінге қалдыруды өтініп арыз берді» деп өтірік айтқан.

Бейбіт келісімнің шарттары орындалмаған соң М.Қабдіров 17 қарашада қайтадан судья К.Масимоваға қайырылып, одан өзі бекіткен анықтаманы орындату үшін орындау қағазын беруді өтінеді. Осы жерде К.Масимова өз тарапынан солқылдақтық, тіпті жігерсіздік көрсетеді. 30 қарашада шығарған шешімінде ол М.Қабдіровтің өтінішін орындатудан бас тартады. Әрине, мұндай шешім түрлі ойларға жетелейді...

Бір сот өзінің талап-арызын қанағаттандырмаса, Қазақстан азаматтары жоғары сатыдағы сотқа шағымдануға құқылы. М.Қабдіров енді облыстық сотқа талап арыз жазады. 2002 жылдың 17 қаңтарында облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі алқасының мүшесі Н.Шалаева М.Қабдіровтің талап арызын қарап, мынадай шешім шығарады (осы жерде шешімді аудармай түпнұсқа тілімен бергенді жөн көрдік): «Определение специализированного межрайонного административного суда (СМАС) СКО от 30.11.2021 года по данному делу отменить. Наложить денежное взыскание на ответчика Хабибуллина Аскара в размере 50 МРП, что составляет 153150 тенге штрафа в доход республиканского бюджета. Разъяснить, что определение СМАС СКО от 30.11.21 должно быть исполнено в срок до 15 февраля 2022 года».

Сөйтіп, жоғары инстанцияның судьясы сот бекіткен бейбіт келісімге сәйкес М.Қабдіровке үй беру мәселесін шешпегені үшін А.Хабибуллинге айыппұл салған. Алайда А.Хабибуллин бастаған тұрғын-үй комиссиясы 2022 жылдың 18 наурызында болған отырыста соттың бұл анықтамасына пысқырмайды, дауыс беру нәтижесінде қатысқан сегіз мүшенің 5-уі қолдап, 3-уі қалыс қалып М.Қабдіровке үй берілмесін, бұрынғы берілген үй тартып алынсын деген шешім шығарады. Ал керек болса... Судья Н.Шалаева болса өзінің шешімін орындамаған комиссияға түк те істей алмай, алдына қайта келген арызды қанағаттандырмай қалдырады.

Комиссияның шешімінде: «М.Қабдіров жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңның 20-бабына жатпайды» деп жазылған. Бұл – М.Қабдіровтің сот шешімімен қуғын-сүргіннің зардап шегушісі деп танылғаны, оны прокурордың ақтағаны, одан кейін судья К.Масимова, Н.Шалаеваның шешімдерінің – бәрі-бәрі түк емес, олардың шешімдері дұрыс емес деген сөз. Бұларды жоққа шығару құзыреттілігі комиссияда жоқ, сондықтан комиссия өз өкілеттігін асыра пайдаланған. Бізде соттың шешімін келесі сот қана өзгерте алады. Демек Петропавлдың тұрғын-үй шаруашылық комиссиясының өзі заңды бұзып отыр. Ал мұндайдың жауапкершілігі болуы керек. Өйткені бұл жерде комиссия шектен шығып, ойына не келсе соны істеп отыр.

Мұқаш Қабдіров шешімді Шалаева өзгерте алмаған соң да тағы да сол облыстық сотқа шағымданған, өйткені жоғары сот қазір мұндай істерді қарамайды. Облыстық соттың әкімшілік істер коллегиясының судьясы Г.Едіресова да (13.06.22), МАӘС судьясы Р.Оразымбетова да нақты шешім шығармай, әріптестерінің соңғы шешімдерін қолдап, М.Қабдіровтің талап арызын қанағаттандырмаған.

***

Осындайға таңғалмай көр. Біз соттардың барлық шешімімен таныстық. Олардың бірде-бірінде Мұқаш Қабдіров «Саяси қуғын-сүргіннің зардап шегушісі емес» деген сөз жоқ. Ендеше заңға сәйкес тиісті үй берілуі керек. Әлде бұл жерде Қабдіровке тиесілі үй «бармақ басты көз қыстымен» басқа біреуге беріліп кетті ме? Сыбайластық бұл жерге де жеткені ме, сонда? Осындай ойға бармасқа лажың жоқ. Әйтпесе, ТКШ комиссиясының төрағасы А.Хабибуллин, судьялар К.Масимова, Н.Шалаеваның алты алыс, бес берісі жоқ М.Қабдіровке заңға сәйкес тиісті үйін бермейтін және бергізбейтін несі бар?

Менің алдымда судья К.Масимованың 2021 жылдың 25 тамызында ТКШ комиссиясы мен М.Қабдіровтің бейбіт келісімін бекіткен анықтамасы жатыр. Анықтаманың 2-тармағында ТКШ комиссиясы М.Қабдіровке келесі отырысынан кейін үш жұмыс күні ішінде үш бөлмелі пәтер береді деп жазылған. 4-тармағында бейбіт келісімнің талабы орындалмаған жағдайда талапкердің өтінімімен жауапкерді күшпен орындату үшін орындау қағазы жазылады делінген. Ал ортадағы 3-тармақ жоқ. Алғашында мұны техникалық қателік деп ойлап қалғанбыз. Сөйтсек... М.Қабдіровтің бейбіт келісімнің орындалмағанына шағым берген талап арызын қараған 2021 жылдың 30 қарашадағы анықтамасында судья К.Масимова нақ осы 3-тармаққа сілтеме жасайды. Онда: «...в пункте 3 соглашения о примерении не указано об удовлетворении заявления в пользу истца по предоставлению ему жилья» деп жазылған-мыс. Сөзінің қорытындысын: «Поэтому мнение истца является ошибочным» деп аяқтайды.

ТКШ-мен бейбіт келісімге келіп отырып М.Қабдіров тағы қандай өтініш жазуы мүмкін? Әрине ол өзінің ешқандай өтініш жазбағанын айтады. Ал судья К.Масимова 3-тармақты осы жымысқылық үшін қасақана қалдырған сияқты. Оны және М.Қабдіровке берген анықтамасында көрсетпеген. Неге мұндайға барғанына біз болжам жасамай-ақ қоялық, бірақ тиісті органдардың анықтауынан үміт күтеміз.

Осыдан кейін, бәрі демесек те осы К.Масимова сияқты судьяларға сеніп көр. Адамды сергелдеңге салатын, өмірді шырғалаңға айналдыратын міне, нақ осындай судьялар сияқты...

***

Мұқаш Қабдіровтің шырғалаңы әлі де азайған жоқ. «Егеменге» шыққан мақаладан кейін осы уақытқа дейін М.Қабдіров қанша қайырылса да бұл іске араласпаған облыстық прокуратура МАӘС-ке арыз жазып, «біз бұл істі білмей қалыппыз, мониторинг жасау барысында ғана көріп қалдық, сондықтан МАӘС сотының анықтамасына шағым жазу мерзімін ұзартып беріңіз» деген мазмұнда 2022 жылдың 11 қарашасында өтінім жазады. Бұл К.Масимованың 2021 жылғы 25 тамыздағы тараптардың бейбіт келісімін бекіткен анықтамасына қарсылық жасау үшін қажет рұқсат екен. Арада 1 жыл 3 ай өтіп кетсе де прокуратура сұрап тұрған соң жаны қалмаған сот шағымдану мерзімін ұзартып береді. Мұның қаншалықты заңды екенін де анықтау керек.

Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары А.Саттар қол қойып, облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі коллегиясына жолдаған аппеляциялық өтінімде К.Масимованың анықтамасы туралы былай делінген: «Данное определение вынесено незаконно и подлежит отмене, поскольку его содержание противоречит норм действующего законодательства» дей келіп «Тұрғын-үй қатынастары туралы» заңға сілтеме жасайды. Сондай-ақ осы заңның 74-бабының 1-бөлігін көшіріп, тұрғын-үйлерді бөлу тұрғын-үй комиссиясының шешімімен берілетінін еске салады және осыларға сүйеніп бейбіт келісімді бекіткен МАӘС-тің 2021 жылғы 25 тамыздағы анықтамасының күшін жоюды сұрайды. Сонымен бірге М.Қабдіровтің үй алғаны (заң мүлде аталмайды) «мемлекеттің және үйге мұқтаж жандардың материалдық мүддесін аяққа басады» дейді. Осы жерін жазғанда прокурор не ойлады екен? Бәлки қуғын-сүргінге ұшырап, жандары қиналған азаматтарды ақтаудың өзі ол үшін дұрыс емес шығар?

Прокурор тіпті «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» заңды заң екен деп ескеріп тұрған жоқ. Ол заңның күші әлі қолданыста екеніне назар да аудармаған. Ол тек «Тұрғын-үй қатынастары туралы» заңға ғана сүйенеді. Бұдан Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы «Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңды мойындамайтын болғаны ма деген сұрақ туады.

Бұл өтініш жуырда ғана, 2 желтоқсан күні облыстық соттың әкімшілік істері жөніндегі алқасында қаралды. Судья баяғы Н.Шалаева. Осы процесске журналистер де шақырылып, біз де қатыстық. Судья екіжақты үн-түнсіз, арасында киме сұрақтар ғана беріп тыңдады. Прокуратура өкілі сөйлегенде тіпті тым-тырыс отырды да шығарған шешімінде оны сөзсіз қолдап, бейбіт келісімді бекіткен анықтама дұрыс емес деп тапты.

Демек, екі жыл бойы, К.Масимова, Н.Шалаева, Г.Едрисова, Р.Оразымбетова сияқты судьялардың бейбіт келісімді бекіткен анықтаманы мойындаған шешімдері өздерінің түк білмейтінін көрсеткені емес пе? Талапкердің құқығын қорғамаса да Шалаева тым болмаса өзінің және әріптестерінің позициясын қорғауы керек еді ғой. Бір іс бойынша Н.Шалаеваның 3 түрлі шешім шығарғаны қалай? Прокурордың жазғанына оның бірден келісе кетуін не деп ойлауға болады? Судьялар ойыншыққа айналып кеткен бе?

Н.Шалаева анықтамасында «соглашение о примирение, утвержденное судом, не соответствует интересам участников административного процесса и не отвечает задачам административного судопроизводства, поскольку не способствует быстрому и безконфликтному разрешению спора», деп бір қояды. Осы уақытқа дейін неге бұларды өзі көрмеген? «Суға кеткен тал қармайды» дегендей әрі қарай тіпті қатырып: «бейбіт келісімнің шарты талапкердің құқын бұзған» деп те қойып қалады. Мұнысы енді, тіпті шектен шыққандық. Бейбіт келісімге риза болған бірінші кезекте талапкер еді ғой. Өзінің құқы бұзылып тұрса ол сөйтер ме еді? Тек шешімді орындата алмаған судьялар ғана бұл жерде талапкердің құқығын бұзып тұр емес пе? Сөйтіп, Н.Шалаева прокуратураның өтінімін қанағаттандырып, өзі бір кезде сөзсіз «орындалуы керек» деген судья К.Масимова бекіткен бейбіт келісімнің күшін жойды. Ал комиссия төрағасы А.Хабибуллинге салған өзінің айыппұлын не істер екен? Ол да енді қате болып шықты ғой. Оның да күшін жоя ма? Бұл енді Шалаеваның шала ісінің айғағы емес пе?

Сонымен соттың шешімі екі жақты келістірген жоқ, керісінше теке-тірестің жаңа қадамына жол ашты. Сөзсіз шешілуге тиісті болмашы дүние салғырттықтың әлде басқа бір себептің салдарынан енді Бас прокуратура мен Жоғары сотқа кетті. Ал бұл дегеніңіз қаншама ұйқысыз түндер, шабылған күндер болып, адамды жаңа шырғалаңға салу екені анық.

Осы іске қарап, Солтүстік Қазақстан облысы судьяларының кәсіби біліктілігін тексеретін комиссияның керегі айдан анық көрініп тұр.

ПЕТРОПАВЛ