Руханият • 27 Желтоқсан, 2022

Өшпес өнеге

337 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Әлемнің жеті кереметі» деген тақырыппен таңғажайып құбылыстар арагідік әңгіме болып жатады. Мен әлемнің ең кереметі – қазақ ұлтының бүгінгі күнге аман-сау, ұлттық қасиетін жоғалпай жеткені дер едім. Сан ғасыр қанша қыспақ көрсе де, алпауыт империялар жер бетінен жойып жіберудің бар амалын қарастырып, соған айла-шарғысын, күш-қуатын сарқа жұмсаса да, «Аққа Құдай жақ болып», бәрінен аман қалыппыз. Құдайдың жақ болғаны сол, бізге сырттан келген удың бәрін құмға сіңген судай етіп, құрдымға құртып отыратын алпауыттарды беріпті. Соның бірі – бәрімізге қадірлі Рахаң. «Қадірлі» дейміз, тірісінде қасиетін таныдық па, жоқ па, оған уақыт төреші.

Өшпес өнеге

Иісі мұсылманның баласы барға қанағат, жоққа сабыр етіп, тағдырға ризашылықта болуға тиіс екені даусыз. «Жақсыға да бір шүкір, жаманға да бір шүкір» дейді дана халқымыз. Дегенмен де, адамның өз өмірінде аса ризашылыққа бөлейтін сәттіліктердің болатыны хақ. Менің өзіме тағдырдың маған жасаған бір сыйын Рахманқұл ағамен кездесуім, оған шәкірт болуым, ол кісімен әріптес, қызметтес болуым деп санаймын. Біз ес жиып, етек жиғалы бері Рахаңның түр-тұлғасына, атақ-даңқына қанықпыз. Қалай қанықпыз, неден қанықпыз, ол жағы айқын емес. Әсте халыққа қадірлі тұлғалар жұрт жүрегінен дәл осылай білінбей келіп орын алса керек-ті. Мектепте ол кісінің еңбектерін оқыдым деп айта алмаймын, бірақ зерттеулерімен студент кезімнен бастап қана танысқаным рас. ҚазМУ-дың филология факультетіне қабылданған 1985 жылы аға бізге «Қазіргі қазақ әдебиетінен» дәріс оқыды. Шертпе күйдің күмбіріндей бір сарынды қоңыр дауыспен айтылған сөз құлаққа қанша жағымды болғанымен, ұзаққа созылса, тыңдаушыны жалықтыруы керек еді. Өзге біреу оқыса, дәл солай болары күмәнсіз, бірақ Рахаң дәрісінде ойымыз бөлініп, есінеп-құсынап көрген жоқпыз. Оның сыры айтылған әңгіменің тосындығында, іздегенге сұрағандай етіп рухани қажетіңді бере білгендігінде сияқты. Әсіресе өспірім шағымыздан бастап оқыған тарихи романдардың таныс-бейтаныс жақтарын жарқыратып ашқан кездерде шын сыншымен, нағыз әдебиеттанушымен кездескенімізді терең ұғынғанбыз. Бұл шығармалардағы кейіпкер сөзінің маңыздылығын түсіндіре отырып, «Оқырманға жақындату үшін, тарихи роман кейіпкерінің аузына бүгінгі комсомол жиналыстарында айтылатын сөздерді сала алмайсың, я болмаса сол заманның тынысын танытамын деп, көне түркі жазба ескерткіштерінің тілімен сөйлете алмайсың. Алайда жазушы осылардың арасынан жол та­уып әрі қазіргі оқырманға да түсінікті, әрі суреттеліп отырған дәуір шындығына ендіріп жіберетін сөйлеу үлгісін таба білуі керек», деп ой тасқыннын бірінен соң бірін ағытқаны қазір болғандай елестейді.

Алматы халық университетінің сабақ­тарына қатысқанымыз да студенттік шақ­тағы орны өлшеусіз олжамыз еді. Өзіміз бұрын теледидардан ғана тамашалаған марғасқалармен кездесіп, ұлағатты, ғибратты, танымдық сөздерін тыңдап қана қоймастан, олармен Мұхаңның музей-үйінің мәжіліс бөлмесінде қатар отыру мұратымызды көкке шаншылтып, арманымызды асқақтатып еді. Қалғып бара жатқан ұлт санасын ояту, ұлттық мәдениеттің жоғалып бара жатқан асылдарын сақтап қалу ғана емес, ел бақыты үшін ерінбей еңбектеніп жүрген ерен­дерді бір-бірімен шығармашылық байла­ныс­қа түсіріп, зиялылар мен қарапа­йым көп­шілікті етене араластырып, аға буын мен жас ұрпақ жалғастығын барынша бекемдеген осы университеттің жетек­шісі де, ұйымдастырушысы да, қызметшісі де Рахаң болғанына кейіннен қанықтық.

Студент кезімде де, кейіннен Ғылым академиясында іргелес бөлімде қатар қызмет еткенде де ағамен етене араласып кете алмаппын. 1995 жылы кандидаттық диссертациямның тақырыбын бекітіп, ол кісіні жетекші етіп тағайындағаннан кейін ғана пікір алыса бастадым. Ағаның өзім білмейтін қырларымен таныса бастадым. Қазір Рахаңның бар болмысын жақсы білемін деп айта алмасам да, азаматтық тұлғасын бір кісідей танығандығыма ризамын. Себебі Рахаңды білу халқымыздың тарихи тағдырынан, оның рухани сұранысынан да хабардар болумен бара-бар.

Қазіргі қазақ қауымы «Ақаң» десе, Ахмет Байтұрсынұлын, «Жақаң» десе, Міржақып Дулатұлын, «Мұқаң» десе, Мұхтар Әуезовті еске алатыны сияқты, «Рахаң» десе, Рахманқұл Бердібайды елестететіні ақиқат. Қазақта есімі «р» дыбысынан басталатын алыптар аз болмаса да солай. Бұл – кездейсоқтық емес. Рахаң сөзін, ғылым-білімін ғана емес, бар ісін, ниетін, арман-аңсарын халыққа арнаған тұлға. Ол халқына бергенінің өтеуіннен дәметкен жоқ. Сондықтан да елге сіңірген еңбегінің бірі көрінсе, бірі мүлдем байқалған жоқ. Қазақ халқының бірнеше ғасырлық езгіде булығып, 1986 жылдың Желтоқсанында күндей күркіреген намысын оятудағы Рахаңның үлесі өлшеусіз. Тәуелсіздік кезеңінде республикамызда болған елеулі өзгерістердің басым бөлігінде ағамыз­дың көрінбейтін қолтаңбасы бар. Елеу­сіз қалып бара жатқан ұлттық мейрамдарды тойлау мәселесін күн тәртібіне қоюды, ұлт болып ұйысуға септігі тиген қасиетті орындардың тарихи міндетін қайта қалпына келтіруді сол кездегі Мем­лекеттік хатшы Ә.Кекібайұлына ұсы­ныс етіп айтып, бұл ұсыныс жүзеге асып, халықаралық қатынастарға ұйытқы бол­ғанын қазір біреу білсе, біреу білмей­ді. 1993 жылы ел басшысының көрші­лес елдердің басшыларымен Ордабасыда ­кездесу өткізуі – соның айғағы.

Асыл ағаның әдебиетке, ғылымға, мәдениетке сіңірген еңбегін бірнеше адамға бөліп берсе, көтере алуы неғайбыл. Оның сыртында ел үшін ерінбей еткен әлгіндей көзге көріне бермейтін еңбектері қаншама! Алматыда қазақ мектебін ашу үшін атқарған істерін өз аузынан естігенмін. Талай есіктің табалдырығын тоздырып, «аға» ұлттың азулыларымен ымыраға, өз ішімізден шыққан керенеу, кертартпалармен келісімге келіп, көдеден көп кедергілерді жеңіп шығуға қанша шыдам, қанша ерік-жігер, қанша күш-қуат, қанша уақыт керек екенін бағам­дай беріңіз. Бір ғана бұл емес, Рахаңды үнемі осындай келелі істердің үстінде жо­лықтыратынбыз. Кейде маған ол кісінің осы істердің бәріне қалай уақыт тапқаны ақылға сыймайтындай көрінеді.

Жаратқанның өзі Рахаңа қырық кісіге жүк боларлық қат-қабат қыруар істерді қатар атқара алатын қасиет сыйлапты. Сондықтан да оны халықтың бақыты үшін уақыт туғызған тұлға дейміз. Бірнеше рет Рахаңның тез оқып, тез жазатынының куәсі болдым. Менен екі рет орта көлемдегі кітап сұрап алып, ертесіне қайтарғаны есімде. Бүгін түс ауа алған кітапты ертең таңертең қайтарып тұрса, оқыды ма, жоқ па, оқыса да шолып шыққан шығар деп күмәнмен қарайтынымыз жасырын емес. Жоқ, екеуінде де менен алған кітап­тың әр сөйлемін мұқият оқып шыққаны қаламмен қойған белгілерден, жазған ескертпелерінен көрініп тұрды. Мен өзім бар жұмысты жиып қойып оқысам, бұл кітаптың әрқайсысын екі күн оқыған болар едім. Ал жазуы мұнан да жүйрік. Қажет кезінде ізденушілердің жұмыстарына бағытталған рецензия-пікірлерді олардың өздеріне ауызша айтып-ақ бір-ақ хатқа түсіртетін. Көбіне редакциясыз, сол күйінде іске асып кете баратын. Онда өзгеше ұйымдастырушылық қабілет те болды. Ол кімге қандай жұмыс тапсыру керек екенін жазбай танитын еді. Халық университетінің қырауар жұмыстарын М.Мырзахметұлы, М.Байділдаев, Т.Әкімов сияқты пидайы жандарсыз атқару қиынға соғар еді. Бұл кісілерді Рахаң өзі тапса да, я болмаса оларды ортақ мақсат-мұрат­та­ры тоқайластырса да, осы игі істің басынан табылғандары халқымыздың бағы­ның барлығынан демек ләзім.

Рахаң – өз халқын шексіз сүйген жан. Оны ересен де ерен еңбекте, толассыз күресте қажытпаған, оған қуат беріп, қайраттандырған қозғаушы күш – осы ұлы махаббат. Атақ-абырой, пайда үшін шапқылайтындарға мұндай еселене беретін ерік-жігер бітпес еді. Осындай махаббатпен ол қаншама қиындықтарды жеңді, күрделі кедергілерден өтті. Кейде көлденең көзге оңай көрінетін, бірақ кез келгеннің қолынан келе бермей­тін кедергілер де болады. Мәселен, шал­ғайдағы аймақта өсіп, шет облыстарда оқыған азаматтардың көбі астанаға барып, айтулылардың алқасынан орын ала бермейді. Немесе керісінше, еліміздің жүрегінде жүріп, әлеуметке ардақты бол­ғандар жылы орнын тастап, ауылға бара қоймайды. Рахаң осы екі кедергіні де оңай жеңді. Және ол жұртшылыққа игі ықпал етті. Егде шағында елге барып тұрақтаған зиялылар Рахаңа дейін де, одан кейін де болды, бірақ Рахаңнан соң ғана бұл әрекет жамағатшылдық сипат алды. Көптеген әдебиет, мәдениет майтал­мандары өздері туып-өскен облыстарға барып қызмет ете бастады. Ол осылай­ша жеке басының қасиеттерімен де көп­ке ықпал етті. Кейде оңашада отырып мырс етесің. Өйткені Рахаңды күндегісі келетіндердің де бойынан оның сөйлеу мәнерінің, қимыл-әрекеттерінің, бет қимылының, басқа да дағдыларының кейбір «көшірмелерін» көресің. Досты емес, дұшпанды да еліктеуге мәжбүр ету кез келгеннің қолынан келе ме.

Рахманқұл Бердібайдың барлық ісі, сөзі, болмыс-бітімі тұнған өнеге еді. Бәріміз де оған ұқсауымыз, ісін жал­ғастыруымыз, тіпті қажет болса, елік­теуіміз керек. Осыны абыроймен атқара алсақ, біз де халқымыздың шын перзент бола алмағымыз кәміл.

 

Болат ҚОРҒАНБЕКОВ,

әдебиеттанушы-профессор