Руханият • 27 Желтоқсан, 2022

Ғалым ғибраты

426 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Зейнолла Қабдолов туралы жазу оңай емес екенін білемін. Алайда атына бала күнімнен қанық біртуар ғалым туралы өз ойымды оқырманмен бөліскім келді. Маған сөз өнері жайында Қабдоловтан артық мөлдірете жеткізген адам жоқ сияқты көрінеді.

Ғалым ғибраты

Ұстаздық пен ғалымдықты, зерт­­теушiлiк пен сыншылықты қа­тар дамыт­қан тұлғаның шығар­ма­шылығымен, адами болмысымен оқушы кезден таныспын. Өзім – қарақалпақ қызымын. Кең-байтақ қарақалпақ даласының қа­лың қазақ жайлаған ауылында туып-өскен­діктен қазақ сыныбында оқыдым. Қазақ тілі менің екінші ана тіліме айналды. Қазақ әдебиеті мен мә­дениетіне ғашық болып өстім. 8-сыныпта қазақ тілі және әдебиеті пә­нінен олимпиадаға қатысып, жүл­де­лі орынға ие болғаным тағы бар. Алғашқы жетістігіме баладай қуан­ған қазақ тілінен дәріс беретін ұста­зым Балтабай Айдаралиев Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» атты кіта­бын сыйлады. Содан бастап атақ­ты ғалым менің рухани серігіме, ұста­зыма айналды.

З.Қабдоловтың мектепте жүріп ақын­дар айтысына қатысқаны, ғы­лыми-зерт­теу еңбек жазуға талпын­ғаны туралы мәліметті оқып қа­наттана түстім. Мен де өлең, мақа­ла жаза бастадым. Жазушының «Ұш­қын», «Жалын», соңынан 1974 жы­лы «Біз жанбасақ» деген ортақ атау­­мен қайта басылған кітабын жас­тана оқыдым. Мұнайлы өлкенің мол тынысы, қажырлы адамдары, қиындыққа мойымайтын жігері, та­биғаттың қаталдығына қарамастан, қазынаны игерген нағыз батыр адамдары маған етене жақын жандардай сезілетін.

Ғалым Зейнолла Қабдоловпен дидар­ласу бақыты маған студент кезімде бұ­йырды. Өткен ға­сыр­дың 1980-1990 жыл­дары қазақ ға­лым­дарының Нөкіс педа­гогикалық институтының қазақ фило­логиясы бөлімі студенттеріне ке­ліп дәріс оқу дәстүрі бар еді. Одақ ыды­раған соң аталған дәстүр үзіліп қалды. Зейнолла ағайдың қоңыр әдемі дауысы, күлімдеген жүзі әлі көз алдымда. Оның лекциясын тыңдап отырғанда бүкіл аудиторияның атмосферасы ерекше өзгеріп шыға келетін. Алматы көшіп келгендей жайраңдап сала беретінбіз, ойымыз шарықтап қазақ даласын кезіп кететінбіз... Ғалымның шешендігі сондай, аузынан шыққан әрбір сөз сұлу саз сияқты жанымызды тербейтін.

Сырттай етене таныс, шығар­маларына сусындап өскеніммен, Зейнолла ағамен жақын таныспа­ғаныма әлі өкінемін. Ағайымызды әлі талай көреміз ғой, лекцияларын тыңдаймыз ғой деген ой болатын, бірақ алғашқысы да, соңғысы да сол боларын білсемші, әттең...

З.Қабдолов жазушы, ғалым, тео­ретик, талай ғылыми-зерттеу ең­бек­тері мен оқулықтардың авторы, академик, тәжі­рибелі ұстаз ретінде ғана емес, азамат­тықтың биік идеалы ретінде сана­мызда қалды. Оның ұстаздары Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев туралы мар­қайып, мақ­танып айтатын салмақты пікір­лері үлкен тәрбие мектебі екен. Жақ­сы­ның жақсылығын айту, ұлыларын ұлық­тау нағыз азаматтың ісі деп ойлаймын.

Сөз зергерінің «Әдебиет тео­риясының негіздері», «Жанр ерек­шелігі», «Сөз өнері» атты еңбектеріне осы күнге дейін су астынан маржан іздегендей қызыға оқимыз. Еңбектерінің қай-қайсысы болсын, көркем әдебиет туындылары іспеттес өзіне еріксіз тартып, адамды олжасыз қалдырмайды. Жаңа бір тың пікірлер мен идеяларға жол сілтеп отырады, ғалымның жазғанының, еңбегінің ерекше құндылығы осы емес пе!

З.Қабдоловтың «Жебе» деп атала­тын жеке томдығында әдебиеттің теория­лық мәселелері, шеберлік жа­йында зерт­теулері мен талдау­лары, толғаныс-тебіре­ністері, тұстас­тары мен ұстаздарға арналған естелік-сырлары, замандас тұл­ғасы туралы парасатты ойларын тама­ша өрнек­тейді. Сол арқылы өзінің де сол ұлылардың сапына қосылғанын дәлелдеп тұрған сияқты. «Менің Әуезо­вім» атты шығармасының болмысы да ерекше. Оның әлемі сұлу, әдемі, келіс­ті. З.Қабдолов әлемінің эстетикалық кате­гориялары − мә­дени-әлеуметтік құнды­лықтардың асыл қорына қосылған маз­мұн­ды да мәнді интеллектуалдық байлық.

Бір кездері Зейнолла Қабдолов дәріс оқыған мінберден қазір біз студент­терге дәріс оқимыз. Зейнол­ла ағаймен үзеңгілес, замандас бол­ған, тіпті оған шәкірт бол­ған ұс­таз­­дарымыз Ж.Қайырбаев, Е.Мер­­генбаев, Қ.Жұма­жанов, Қ.Арал­баевтар да бүгін арамызда жоқ. ХХ ғасырдағы тұлғалар керуені баба­лардың ұлы керуе­ніне ұласты.

Біз – жаңа ғасырдың ғалымдары­мыз. Көшіміз де, көлігіміз де жаңа. Бізге тарих қалай баға береді, әри­не, ол келешектің еншісінде. Бірақ сол бұрынғы ұстаздар бастаған дәс­түрді жал­ғастыру, екі халық, ұлт арасындағы достық, әдеби байланыс­тарды нығайту, келешек ұрпаққа аманаттау борышымыз екенін сезінемін.

 

Шырын СМАМУТОВА,

Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті, қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының философия докторы(PhD)